Туристік өнім – қымбат әрі татымсыз тауар
Қазіргі кезде осы саласы кенже қалған Қазақстан түгіл, Түркия, Франция, Италия, Испания, Грекия, Мысыр, БАӘ, Қытай секілді туристер үшін ең тартымды елдер саяхат маусымын аша алмай отыр. Демек, дағдарысты жағдайда туризм саласын қолдауды тоқтата тұрып, бар қаражатты ең маңызды бағыттарға жұмылдырған жөн. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің екі бірдей кеңейтілген отырысында қадап тапсырды. Өзге жиындарда да осы өзекті міндет тілге тиек етілді. Оның үстіне, Қазақстанда халықаралық рейстер сол бойы ашылмады, ал шекара жатжұрттықтар үшін жабық болып қалуда. Демек, шетелдік саяхатшы тіпті келгісі келгеннің өзінде қазақ жеріне аяқ баса алмас еді. Алайда саланы бюджеттен қаржыландыру жалғасып отыр. Мәдениет және спорт министрлігі ашық бюджет саясаты аясында «Ұлттық туристік өнімді қалыптастыру мен оны халықаралық және ішкі нарықта ілгерілету» атты бюджеттік бағдарламаның егжей-тегжейін жария етті. Республикалық жоба «еліміздің туристік имиджін халықаралық аренада ілгерілету бойынша іс-шараларды» қарастырады. «Ішкі туризм аясында орналастыру орындары (қонақүйлер, кемпингтер, шипажайлар, басқасы) қызмет көрсеткен ішкі туристердің, яғни Қазақстан азаматтарының саны өсуі тиіс: 2017 жылмен салыстырғанда өсім 2020 жылы – 91,7%, 2021 жылы – 95,3%, 2022 жылы 107,9% болады. Сондай-ақ елге келу туризмі бойынша орналастыру орындары қызмет көрсеткен шетелдіктер саны артады: 2017 жылмен салыстырғанда ол 2020 жылы – 112,3%, 2021 жылы – 123,6%, 2022 жылы – 134,8%» делінген министрлік жобасында. Бұған дейін салаға жауапты шенеуніктер, соның ішінде Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басшылары осы саланың маңызын асқақтатып, оның ел бюджетіне болашақта миллиардтар құятынына, тіпті мұнай өндірісін ауыстыра алатынына сендіріп бақты. Нәтижесінде, 2019 жылы «Ұлттық туристік өнімді қалыптастыру және ілгерілету» үшін 4 миллиард 66 миллион теңге бюджеттен шығындалыпты. Сөйтіп, әртүрлі қымбат роликтер түсірілді, әлеуметтік желіде жазбалар жазылды, шетелден блогер шақырылды, қаптаған конференциялар, экскурсиялар, экспедициялар өткізілді. Биыл «ұлттық туристік өнімге» кезекті рет миллиардтар шығындалмақ. Рас, шамалы азайтылыпты. Жоба ел қазынасынан 3 млрд 778,4 миллион теңге бөлуді қарастырады. Бәлкім, осыдан кейін ол өнім коммерциялық өріске шығып, бюджеттен дотациялануын қойып, өзін-өзі ақтай бастайтын болар? Жоқ, жобада туристік өнімді алдағы 2021 және 2022 жылдары жыл сайын 2 миллиард 88 млн теңгеге қаржыландыру жоспарланған. Әрі қарай 2023 жылы дәл осы жобаға екі еседен астам сома – 5 миллиард 10 миллион теңге талап етілетін көрінеді.Туризм қаржыны қайда шығындауда?
Жалпы, «Ұлттық туристік өнімді қалыптастыру және оны ілгерілету» деген не? Бұл жерде мәдениет ведомствосы «Қазақстанның туристік имиджін қалыптастыру» деп тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйінге сыйғызды. Әйтсе де, мемлекеттің бұл имиджді қалыптастырып келе жатқанына ширек ғасырдан асты. Бетімен жіберсе, тағы ширек ғасыр ақша шығындай беруі мүмкін. Бедел деген кең ұғым, қаласа шенеуніктер оның аясына кез келген нәрсені енгізіп жібере алады. Ел қаржысы миллиардтап жұмсалып жатқандықтан бұл істе нақтылық қажет. Бюджеттік бағдарлама жобасында министрлік оны нақтылай түсуге тырысыпты. «Бағдарлама халықаралық көрмелерге қатысуды; ішкі туризм бойынша іс-шаралар ұйымдастыруды; жарнама және ілгерілету іс-шараларын жүргізуді; Kazakstan.trаvel отандық туристік сайтын сүйемелдеуді қарастырады. Бұл шаралар еліміздің туристік имиджін халықаралық аренада ілгерілетуге ықпалын тигізеді», – деді ол. Меморган мәліметінше, былтырғы жылы Қазақстан шетелдегі 21 халықаралық туристік көрмеге қатысыпты. Қайтарымы қайда? Шетелдік саяхатшы «бәленбай көрмеде қазақ елінің стендін көріп қалып, қызығып келіп тұрмын» деп айтпайтындықтан немесе кедендік-паспорттық бақылауда ондай сауалнама жүргізілмейтіндіктен, көрмелерге кететін қыруар шығынның пайдасын салмақтау мүмкін емес. Биыл COVID-19 індетінің дүниежүзіне кең таралуы кесірінен халықаралық көрме атаулыға тыйым салынды. Мысалы, олардың арасындағы ең атақтысы әрі қабырғалысы – Дубайдағы EXPO-2020 жаһандық көрмесі ресми түрде 2021 жылғы 1 қазанға қалдырылды. Халықаралық көрмелер бюросының Бас Ассамблеясы 4 мамырда онлайн режимде жиылып, осы шешімді мақұлдады. Осылайша, «Ақыл-ойды біріктіріп, болашақты жасаймыз» (Connecting Minds, Creating the Future) ұранын арқау еткен ЕХРО-2020 Дубайда 2021 жылғы 1 қазан және 2022 жылғы 31 наурыз аралығында өтеді. Бұлай екі жылға ауыстыру EXPO тарихында бұрын-соңды болмапты. Оған 192 елдің қатарында Қазақстан да қатысып, төл павильонын ашады. Бірақ мерзімі ауысқандықтан, биыл көрме шығынды қажет етпейді. Қалай болғанда, Қазақстан әр алуан халықаралық көрмелерге қатысу санын былтырғы 21-ден осы жылы 9-ға дейін азайтпақ. Алдағы 3 жылда еліміз бұл санды 6-мен шектеуге ниетті. 2019 жылы салаға жауапты орган мен ұлттық компания еліміздің әр өңірінде ішкі және сыртқы (!) туризмді насихаттап, 25 ірі іс-шара ұйымдастырыпты. 2020 жылы оны 10-мен шектеу ұсынылды. Келесі 3 жылда 9-ға дейін кемуі тиіс. Министрлік 2023 жылға дейін Kazakstan.trаvel сайтын туристік бірыңғай портал ретінде қаржылай қолдауын жалғастыра бермек. Айтқандай, сайт сапасы сын көтермейді, өзекті ақпарат жоқ, онда елдің көрнекті орындары толыққанды ұсынылмаған. Сервистік қызмет көрсетпейді. Өткен жылы республикада туристік салада 4 зерттеу жүргізіліп, бюджеттен қаржыландырылды. Ағымдағы жылы ондай тәжірибеден бас тартылды. Сектордың проблемасына қанығу үшін зерттеуге тапсырыс берудің керегі шамалы: елге саяхатшы тартатын отандық және халықаралық туристік индустрия компаниялары арасында сұрау салса, немесе онлайн жиын өткізіп, мұң-мұқтажын тыңдаса жетіп жатыр. Істі ілгерілетпей тұрған кедергілердің бәрін солар айтып береді. Министрліктің салаға арналған бюджеттік бағдарламасы мұнымен шектелмейді: «Туризм саласында кадрларды даярлау үшін білім беру кызметін ұйымдастыру бойынша қызметтер» дегені де бар. Ол Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетін ұстап тұруды қарастырады. Бағдарламаға биыл 80,2 млн теңге жоспарланыпты. Келер жылы ол сома – 1 млрд 129 млн, 2022 жылы – 1 миллиард 852,6 млн, 2023 жылы 2 миллиард 966,5 млн теңгеге дейін өсуі мүмкін. Өйткені университет 2022 жылдан бастап жыл сайын бакалавриат бойынша туризм саласының 1,5 мың, ал магистратура бойынша 500 маманын даярлауға кіріседі деп күтілуде.Пандемия жаңа проблема тудырды
Жақында туризм және меморган өкілдері онлайн конференцияда бас қосып, саладағы ахуалды талқылағанын айтады. Сонда олар бұл нарық кем дегенде тек 1 жылдан соң қалпына келеді деген тоқтамға келіпті. «Қазақстандық нарық ары кеткенде 1 жылдан кейін ғана еңсе тіктеуі мүмкін. Биыл нарық 30% сауыға алады деп отырмыз. Әрине, егер пандемия тоқтап, шекара мен әуежолы ашылса. Ішкі туризмнің жағдайы қиын. Халықтың тұрмысы төмендеді, жұрт шетел түгіл, еліміздің көрнекті орындарына саяхаттауға қаржы таппауы, жанбағыстың қамымен үйінен аса алмауы ықтимал. Әйтсе де, биылғы жазда Алакөл, Бурабай жақтағы шипажай аймақтарына туристер келеді деп күтілуде. Ауырып айыққан азаматтар сауығуға, реабилитацияға ден қояды», – дейді SkyWay компаниясының директоры Әсем Қозбағарова. Қазақстанның туристік қауымдастығының директоры Рашида Шәйкенова бас санитарлық дәрігердің коронавирусқа қатысты қаулы қабылдағанда сала өкілдерімен кеңеспейтініне қынжылады. «10 мамырдағы қаулысына сәйкес, енді туристер қонақүй, санаторий, не басқасында орналасу үшін алдын ала COVID-19 тестілеуінен өтіп, анықтама көрсетуі тиіс. Ол тек 7 күнге жарамды. Ал шетелдік және отандық туристер 10 күнге, екі аптаға сапарлауы мүмкін. Анықтама мерзімі бітсе не болады? Орман ортасындағы, тау бөктеріндегі демалыс базасы өзінде тестілеу орнын ұйымдастыра алмайды. Әрине, пандемия жағдайында мол құзыры бар бас санитар нарық ойыншыларымен кеңеспей-ақ шешім қабылдай алады. Дегенмен ол әр индустрияның төл ерекшелігін ескерсе жөн», – дейді Р.Шәйкенова. Outfitter KZ компаниясының директоры Азамат Мұхаметжанов визалық режим елдің туристік тартымдылығына нұқсан келтіріп тұрғанына назар аудартты. 2017 жылы EXPO көрмесін өткізгенде, Қазақстан бұл тәртіпті біраз босаңсытты. «Алайда 2020 жылғы 17 сәуірде Үкіметтің жаңа қаулысы шықты. Оған сай 50-ден астам елдің азаматы визалық алым төлегеннен кейін ғана келе алады. Салдарынан сала 3 жылға кері шегінді. Бүгінде Қазақстанға саяхаттап келетін туристен алынатын консулдық алым 60 долларды құрайды. Бұл – Алматыға 7 күнге келетін Еуропа саяхатшысының барлық шығысының 10%-ы. Бір апта үшін туристен қосымша 600 доллардан аса алым талап ету шектен шыққандық болар. Содан көшпелілер өркениетіне қаныққысы келген шетелдік саяхатшылар мұндай алымы жоқ Моңғолия, қырғыз, өзбек еліне бет алады», – дейді ол. Пандемия жағдайында саланың ескі проблемаларына осылай жаңа түйткілдер жамалып отыр. Туризмге жауапты басшылардың ескі соқпақпен жүре беруі енді жарамайды. Постпандемиялық заман шындығын ескермей, сала жаңа жағдайда дамымайды.Айхан ШӘРІП