4 бала өлген интернат Өскеменге көше ме?
4 бала өлген интернат Өскеменге көше ме?
237
оқылды
Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы арнайы әлеу­меттік көмек орталы­ғында болған оқиға бүкіл елі­міздің назарын аударып, ақыр соңында салалық Білім және ғылым министрлігі рес­пуб­ликадағы осындай ин­тер­­наттарға жаппай тек­се­ру жүр­гі­зіп, оларға қатысты нақ­ты шешім қабыл­дауға мәж­­бүр болды. Тіпті, Аягөз­дегі төрт баланың өліміне қа­тысты 22 мамырда ми­нистр­дің қаты­суы­­м­ен онлайн форматта ведом­ство­аралық комиссия­ның отырысы да өтті. Соны­мен орталыққа қатысты шы­ға­рылған соңғы шешім қан­дай болмақ?  

Орталық ғимараты қызметіне лайық емес

Брифингте Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың мә­лім­деуінше, күні кеше ғана Ұлт­тық пре­вентивті механизмге қатысу­шы­лар Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы арнайы әлеу­меттік көмек орталығын тексеруге барып, бірқатар кемші­лікті анық­тап қайтқан. – Біріншіден, орталық 1985 жылы салынған бұрынғы бала­бақ­ша ғимаратында орна­лас­қан. Соған байланысты тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға қызмет көрсетуге арналмаған. 2007 жылы қосымша тұрғын үй құрылысы салынған. Дегенмен ол да орталық қызметіне бейім­дел­меген. Айталық, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға аса қажетті бассейн жоқ. Спорт залы жертөледе орналасқан және жарығы мен ауа алмасуы сын көтер­мейді. Спорт залы ересектерге арналған құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл кішкентай балаларды спортпен айналысу мүмкіндігінен айырады. Ор­та­лық тәрбиеленушілерінің ден­­саулығын күтіп ұстауына сеп­ті­гін тигізетін спорттық құрал-жаб­дық­тар жеткіліксіз, – деді Эльвира Әзімова. Уәкілдің айтуынша, асхана дә­лізде орналасқан және келіп-кетушілер тамақ ішіп отырған балалардың көңілін аударады. Дұрыс жабдықталған балалар ойын алаңы, пандустар жоқ, ғимаратта екінші қабаттан бірінші қабатқа түсетін лифті орнатылмаған. Тек­се­руші органдардың тарапынан бақылау әлсіз. Себебі мүмкіндігі шектеулі балалар ем алатын меке­ме облыс орталығынан тым шал­ғай­да орналасқан. – Ұлттық превентивтік тетік қатысушыларының пайымынша, тәрбие жұмыстары жеткіліксіз жүр­гізіледі. Балалардың жас ерек­шеліктерін ескеретін тәрбиелік шаралар саны өте аз. Балалардың өздері құқықтары бұзылғанын айта алатындай мүмкіндіктері жоқ. Олардың құқықтары қалай қор­ғалатыны және олар­дың кері байланысты қалай алатын­ы түсініксіз. Толықтай ал­ған­да, Ұлттық превентивтік тетік қа­ты­су­шылары мекеме өз қызметіне сай келмейді деген қорытындыға келді, – деді Эльвира Әзімова. Дәл осы арада айта кетер бір жайт, Өскемендегі мүге­дек ба­ла­лардың құқығын қор­ғау ұйым­да­ры мен кейбір меди­ци­на­лық мекеме жетекшілері Аягөздегі орталықта қайғылы оқиғалар орын алған кезден бастап, мекемеге нақты көңіл бөлуді, дәлірек айт­сақ, орталықты Семейге немесе Өске­менге көшіру жайлы мәселе көтер­ген болатын. Мәселен, облыстық Қоғамдық кеңес жанындағы денсаулық мәсе­ле­лері бойынша сараптау жұмыс тобының жетекшісі Татьяна Черны­шова бұл мүлде жол беруге бол­майтын жағдай екенін және орталықта бірінші рет болған оқиға емесін айта келіп, өз та­рап­тарынан облыс әкімінің атына нақты ұсыныстармен арнайы хат жазылғанын жеткізді. – Біз мамыр айының 20-сына дейін әзірленген хатта аталған мекемедегі балалардың жағдайын заман талабына сай жақсарту, он­да­ғы қызметті қоғамға барынша жариялы әрі қолжетімді ету үшін Аягөз қаласынан Семейге көшіру туралы ұсыныс білдірдік. Солай ету арқылы мекеменің жұмысын тұрақты негізде қоғамдық бақы­лауға алуға болады. Орталық қоғам өкілдері, волонтерлар, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ үшін де мейлінше ашық болуы тиіс. Мекеменің жұмысын, балалардың өмірін көрсете алатын өзінің жеке сайты болса. Өкінішке қарай, қазір мұның бірі де жоқ. Біздің жұмыс тобымыз карантин толық аяқ­та­лысымен өңірдегі барлық бала­лар мекемесін тексеріп шығу­ды жоспарлап отыр, – деді ол. Татьяна Чернышованың ұсы­нысы артынша бірден еліміздегі уәкіл Аружан Саин тара­пынан да қолдау тап­ты. Ол облыс әкімдігіне Аягөздегі ме­ке­мені Өскемен қаласындағы қа­зір бос тұрған бұрынғы Жедел ме­ди­циналық көмек көрсету ауру­ха­насының (БСМП) ғимара­ты­на көшіруді ұсынған болатын.    width= Ал Татьяна Чернышова болса, өзінің биыл комиссия құрамынан неге шет қалғанын әлі түсіне алмай жүр. – Былтыр осы мекемеде бала­лар­ға зорлық-зомбылық көрсету фактісі орын алғанда мені комис­сия құрамына қосқанымен, бірақ ол жаққа ертпей кетіп еді. Биыл мына жағдайда мүлдем қоспады. Қазір әлеуметтік желіде кейбір адамдардың Аружан Саинның әрекетін сынға алған жазбалары шыға бастады. Бұл дұрыс емес, күпірлік дер едім. Балаларды қиын жағдайдан құтқару үшін бәріміз бірігіп, қоғам болып, сындарлы дұрыс шешім қабылдауымыз қажет. Мысалы, Өскеменде мүмкіндігі шек­теулі балаларға арналған «Ақ­ниет» мектеп-интернаты бар. Онда барлық жағдай бар. Ая­гөз­­дегі секілді орталықтар ірі әкім­­­шілік қалаларда болғаны дұ­­­рыс деп санаймын. Себебі қо­ғам өкілдеріне 300 шақырым қа­шық­та жатқан Аягөзге барып қай­ту оңай емес, – дейді Шығыс Қа­­зақ­стан об­лыстық Қоғамдық кеңесі жа­нын­дағы денсаулық мә­се­­лелері бо­йынша сараптау жұмыс то­­бы­ның жетекшісі Татьяна Черны­шо­ва. Татьяна Чернышованың айт­­қан­­дарын ұзақ жылдар Өске­мен­дегі Ана мен бала орталығын абы­роймен басқарған, көп жыл об­л­ыстық мәслихатта депутат бо­лып, бүгінде зейнет жасында болса да, дәрігерлік қызметінен қол үзбеген Рая Рахимова да қос­тай­ды.  

Өңірде айтылған ұсынысты министр де қолдады

Облыста басталған бастама республикадан, тиісті министрлік тарапынан да қолдау тапты. Аягөздегі әлеуметтік көмек орта­лығын Өскеменге көшіру мүм­кіндігін қарастыруды сол онлайн форматта өткен ведомство­ара­лық комиссия отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те айтты. Дәл осы Аягөз қаласындағы ар­найы әлеуметтік көмек орталы­ғын­дағы 4 баланың өліміне қа­тысты жайт қаралған отырыс бары­сын­да министр мұндай проблема еліміздің басқа да аймақтарындағы дәл осындай мекемелерде байқа­ла­тынын жеткізді. Сонымен қатар Аймағамбетов отырыста айтылған барлық ұсыныстар тағы қаралып, орындалуы үшін хаттамаға енгізі­ле­тінін атап өтті. – Ведомствоаралық комиссия аты­нан Шығыс Қазақстан облы­сы­ның әкімдігіне мекемені облыс орталығына көшіру нұсқаларын қарастыруды тапсырамын. Ол ірі қаладан 300 шақырым шалғайда орналасқандықтан, балалардың денсаулығы үшін үлкен тәуекелдер болды. Сонымен қатар кәме­лет­ке толмағандар ісі жөнін­дегі комиссия қызметін де жандандыру қажет. Мұнан бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың, азаматтық сек­тордың өкілдерін тарта оты­рып, медициналық-әлеуметтік ме­кемелердің, балалар мен қарт­тар үйлерінің ғимаратына кешенді тексеру жүргізу қажет деп есептейміз. Сондай-ақ қоғамдық бақылау институтын дамытуды жалғастыру керек, – деді Асхат Аймағамбетов. Ал Шығыс Қазақстан облы­сының әкімдігі болса министрдің орта­лықты Өскеменге көшіру туралы айтқанына байланысты әзірше нақты шешім қабылдаған жоқ. Тек облыс әкімінің орынба­сары Әлішер Мархабат бұл мәсе­лені шешу үшін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинмен және басқалармен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін ғана мәлім­деді. Бұл шаруаға қатысты соңғы өз­ге­­­рістерді білмек ниетпен ха­бар­ласқанымызда облыстық әкім­дік­тің баспасөз қызметі жауап бер­меді, дәлірегінде телефонын кө­тер­меді.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕН, Шығыс Қазақстан