Ұлтқа қызмет ету үлгісі
Ұлтқа қызмет ету үлгісі
1,258
оқылды

Елінің есінде, тарихтың төсінде мәңгілік қалатын Елбасының теңдессіз көшбасшылығына арналған «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы осы форумдағы сөзінде тәуелсіз Қазақстанның тарихы, шын мәнінде, мемлекетіміздің негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарба­ев­тың көшбасшылық тарихы екенін айтты.

– Демек, бүгінгі меже – жай ғана мерейтойлық дата емес, «қазақстандық даму» жолын анықтаған ел тарихындағы аса маңызды белес, – деді Қазақстан Президенті.

Ол Елбасының басшылығымен «посткеңестік кеңістіктегі ең табысты мемлекеттік құрылыс жобасы» жүзеге асырылғанына, мұны шетелдік сарап­шылар да мойындайтынына екпін тү­сірді. Қ.Тоқаевтың байламынша, ин­фля­циясы шарықтаған, кәсіпорын­дары жұмысын тоқтатқан, тауарлардың жап­пай тапшылығына ұшыраған пост­ке­ңестік экономиканың үйіндісі ор­нында әлемнің жетекші 50 елінің қата­ры­на қосылған күшті мемлекет құрылды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Азия­дағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Тәуел­сіз мемлекеттер достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ сияқты Елбасының сыртқы саясаттағы бастамаларына жан-жақты тоқталды. Бұл ірі бастамалар қа­зіргі заманғы халықаралық қатынас­тардың негізгі факторларына айналды.

– Қазақстан орасан зор ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, Жер бетіндегі аса ірі ядролық полигондардың бірін жапты. Елбасы әлемдік дипломатия тарихына жаһандық ядролық қаруға қар­сы қозғалыстың көшбасшысы ре­тінде енді. Тұңғыш Президентіміз Қазақстан­ның астанасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының әзірге осы мыңжылдықтағы алғашқы әрі жал­ғыз саммитін өткізіп, Еуразиялық қауіп­сіздік туралы деклара­цияның қабыл­дануына қол жеткізді. Елбасы әлемнің ең биік мінберлерінен халықаралық қатынастарды түбегейлі реформалауға бағытталған ұсыныстарын тұжырым­дады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаевтың саналы ғұ­мырын халқына қызмет етуге арнаған елінің адал перзенті әрі жаһандық деңгейдегі саясаткер екенін мәлімдеді.

Конференция қатысушылардың алдында сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев та сөйледі. Ол еліміздің бірінші басшысы лауазымындағы бүкіл қызметі Қазақ­станды дамытуға арналғанын атап өтті.

Елбасының өмірбаянына жүгінсек, Н.Назарбаев 1989 жылдың 22 маусы­мында Қазақстан КП ОК бiрiншi хатшысы, яғни республика басшысы қызметіне келген болатын.

Елбасы залда ескі, таныс достары, әріптестері отырғанына назар аудартты.

– Естен кетпес 1989 жыл уақыт өткен сайын алыстап барады. Сол кезде сіздер мені Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы лауазымына сайлап едіңіздер. Өздеріңіз көп жыл бойы куә болған ел мүддесі жолындағы қызметім дәл сол күні басталды. Біз тәуелсіз Қазақстанның іргесін бірлесе қаладық. Егемен еліміздің жаңа тарихын жазуды бірге бастадық. Мен осы жиында жастарды да көріп отырғаныма қуаныштымын. Отыз жыл бойы жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін жұмыс істеп, халқымызға қызмет еттік, – деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті құру жолында және егеменді елді қа­лыптас­тыруда кездескен қиындықтарды еске түсірді. Соның ішінде, ХХ ғасырдың 90-шы жылдары басында респуб­ликадағы ұлттық экономиканың күй­регеніне, этносаралық қақтығыстардың пайда болу қаупі бас көтергеніне тоқ­талды.

– Қазақстан демографиялық құл­дырау шегінде тұрды. 1989 жылғы ха­лық санағына сәйкес, тұрғылықты әрі ұлт­құраушы халық – қазақтар 39 пайыз немесе 6,5 миллионнан сәл ғана астам адам болды. Бұл Кеңес Одағының әр түкпірінен адамдарды, тұтас халықтар­ды біздің жерімізге қоныс аударту және депортациялау саясатының зардабы еді. Қазақстандағы мектептердің тек 30%-ында ғана сабақтар қазақша жүр­гізілді. Сол кезеңдегі ауыр экономи­калық ахуал халықтың Қазақстаннан көптеп көшіп кетуіне алып келді. Ол жылдары орташа өмір сүру жасы 5 жыл­ға қысқарды, туу көрсеткіші бірден тө­мендеді. 1999 жыл­ғы халық санағына жү­гінсек, Қазақстан­да шамамен 14 миллион адам ғана тұрып жатқан, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Елбасының айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан көлік бағыттары дамымаған, салмақты эколо­гиялық проблемалар батпағына батқан, технологиялық тұрғыдан ең артта қалған республикалардың бірі еді.

Тұңғыш Президент елімізде қабыл­данған бағдарламалардың және өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған даму страте­гия­сының жүзеге асырылу нәтижелеріне тоқталды.

– Біріншіден, бізге нарықтық жолға түсу және мұны шұғыл жасау қажет болды. Қаншама ай бойы әлемдегі көрнекті экономистермен бірге жұмыс жасап, нарықтық экономиканың қыр-сырына қанығуға тура келді. Біз қысқа уақыт ішінде іс-қимыл жоспарын әзірлеп, нарықтық экономиканы құруға кірістік. Осы ісіміз елдің өрлеуіне ұласты. Алайда ел ішінде қарша бораған сынның астында қалғаным, сантүрлі айыптауларды тыңдауға тура келгені де естеріңізде шығар. Дегенмен біздің күш-жігеріміздің нәтижесінде, Қазақ­стан дамуда кенжелеп қалған кеңестік шеткі аймақтан бүкіл ТМД кеңістігінде даму лидері саналатын, экономикалық тұрғыдан барынша табысты мемлекетке айналды, – деді Н.Назарбаев.

Ол Қазақ елінің әлемдегі дамыған елдердің «отыздығына» кіру бойынша ғаламат мақсат-мұрат қойып отырғанын еске салып, бұл міндеттің орындаларына сенім білдірді.

Екіншіден, Елбасының пайым­дауынша, еліміз бейбітшілік пен тұрақ­тылықты сақтап қала алды. Қазақстанда 130 этностың және 48 діни конфес­сияның өкілдері қазақтармен бірге тату-тәтті өмір сүруде.

– Үшіншіден, біз демографиялық проб­леманы шештік. Қазақстан халқы­ның саны 3,5 миллион адамға көбейді. Енді біз 18 миллионнан астық, ал қазақ­тар соның 70 пайызға жуығын құрайды. Ке­зін­де шетелге кетуге мәжбүр болған 1 мил­лионнан астам қазақ Отанына оралды. Еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 1991 жылғы 67 жастан 2018 жылы 73 жасқа дейін артты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Оның мәліметінше, осы жылдар ішін­де республикадағы әрбір адамға шақ­қандағы тұрғын үй алаңы 1,5 есе­­ге – 14 шаршы метрден 22 шаршы метрге дейін өсті.

219 жаңа аурухана, 1200-ге жуық емхана мен амбулатория салынды.

1 849 жаңа мектеп, 900-ге жуық балабақша ашылды. «Болашақ» бағ­дарламасы бойынша шетелде 10 мыңнан астам маман дайындалды.

– Біз ана тілімізді сақтап қана қой­май, оны Қазақстанда ғылым мен білім саласының негізгі тіліне айналдыру үшін барлық жағдайды жасадық. Бүгінде мектептердің 70 пайызы қазақ тілінде білім береді. Мемлекеттік тілде оқитын студенттердің үлесі – 64,5%, орыс тілінде – 31%, ағылшын тілінде – 4,5%. Бұл мәселелердің бәрін ешқандай қысымсыз, нақты әрі дұрыс шаралар арқылы шештік. Ел тарихында тұңғыш рет маңызды ұлттық мәселе – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды бастадық, – деді еліміздің Тұңғыш Президенті.

Төртіншіден, ол қоршаған ортаны қорғау үшін теңдессіз шаралар қабыл­данғанын алға тартты.

– Менің ең алғашқы қабылдаған шешімдерімнің бірі – Семей ядролық полигонын жабу. Біз орасан зор эколо­гиялық апатқа ұшыратқан осы сынақ полигонын жабу үшін ауқымды жұмыс­тар атқардық. Мұны Кеңес Одағы әс­кери-өнеркәсіптік кешенінің үзілді-кесілді қарсылығына қарамастан іске асырдық. Арал теңізінің солтүстік бөлі­гін құтқару үшін нақты шаралар қабыл­дадық. Аралды құтқару халықаралық қорының белсенді атсалысуымен осы теңіз бассейнін дамытуға бағытталған үш бағдарлама жүзеге асырылды. Соның ар­қасында Аралдың төңірегіндегі ха­лық­­тың тұрмысы жақсарды. Жергілікті тұр­ғындар осы өңірден көшіп кетпей, тұ­рақ­тап қала бастады. Мұнда балық шаруа­шы­лығын қалпына келтіре алдық. Бүгін­де Еуропа одағына жыл сайын экс­порт­қа шығарылатын балық көлемі 8 мың тоннадан асады, – деді Н.Назарбаев.

Бесіншіден, қазіргі кезде Қазақстан барлық негізгі көліктік-логистикалық түйіндерді тарқатты. «Нұрлы жол» мем­лекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аяқталуға таяп келеді. Осы кезең­де қазақ даласын айқұш-ұйқыш жалғап, барлық өңірді өзара байланыстырған 12,5 мың шақырым автожолдар жаңадан салынды және қалпына келтірілді. Олар­дың арасында тек дамыған елдерде көретін автобандар да бар.

Бұдан бөлек, 2,5 мың шақырымдық теміржол төселді.

Отандық барлық әуежайлар жаңар­тылды. Каспий теңізінде заманауи екі теңіз айлағы тұрғызылды.

«Нұрлы жол» қомақты мультипли­кативті тиімділік әкелуде. Ол құрылыс материалдары саласына серпін берді. Автомагистралдардың өне бойында тиісті инфрақұрылым өркен жаюда. Қосымша жұмыс орындары ашылуда. Биылғы жылы 54 мың жұмыс орнын құру жоспарланған.

– Алтыншыдан, біздің еліміз әлемдік мойындауға қол жеткізді және халық­а­ралық аренада зор беделге ие. Тари­хы­мызда тұңғыш рет халықаралық дең­гейде танылған мемлекеттік шекара­мызды белгілеп, шегендей алдық. Жа­һандық геостратегиялық бұлыңғырлық аясында бұл – Қазақстанның басты жетістіктерінің біріне айналды. Біз жаңа әрі сәулетті елордамызды салып шық­тық. Ол жайында 30 жыл бұрын арман­даудың өзі мүмкін емес еді! – деді Тұңғыш Президент.

Сөзін әрі сабақтаған Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік даму үдерісіне ықпал ететін бірнеше стратегиялық сын-те­геурінді нұсқады. Атап айтқанда, олар­дың арасында қарқынды әрі үздіксіз тех­нологиялық толқу; кезекті индус­трия­лық революция нәтижесінде эко­номикалық парадигманың ауысуы; әлемдегі геосаяси жағдайдың өзгеруі; түрлі сипаттағы жаһандық деңгейдегі қақтығыстар бар.


Елбасы «Қазақстан – 2050» страте­гия­­сын­да­ғы сөзін қайталай отырып, алдағы сынақтардан сүрінбей өту – біздің өзі­міз­ге, бекем бірлігімізге бай­ланысты еке­нін нықтады. Ауызбіршілік пен тұрақтылық болғанда ғана еліміз өсіп-өркендей алады.

– Қазақ халқы бірліктің арқасында жауларын жеңіп, елі мен жерін сақтап қалған. Қазақты бағындырып, бодан ету үшін хандығын тартып алып, жүзге, руға бөлінуін айлакерлікпен пайдаланған. Қазір де біздің еліміздің табыстарын көре алмайтын, байлығымызға қызы­ғатындар аз емес. Оны ешқашан ұмыт­пауымыз қажет. Олар ішімізге іріткі салу үшін қолжаулық болатындарды, жетекке еретіндерді іздейді. Өкінішке орай, ондайларды табады. Бұл баяғы «бөліп ал да, билей бер» дейтін жымысқы саясат. Бізге төнетін ең үлкен қауіп осы. Тәуелсіздіктің қандай қиыншылықпен келгенін зерттемейтін, білмейтін жастар бүгінгі еркін күнінен, азат Отанынан айырылып қалатынын түсіне бермейді. Мемлекет бұған жол бермеуі қажет, – деді Н.Назарбаев.

Ал бүкіл халық бірлікті, тыныштықты қолдауы керек.

– Қазақ дәл бүгінгідей өмірді еш­қашан көрген жоқ. Айырылып қал­майық. Менің еліме айтатын негізгі өсиетім осы. Ұлы Абайдың «біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең – істің бәрі бос» дегені де осы болар. Ұмытпайық. Халық пен Президент әрдайым бірге. Біз барлық жетістікке ынтымақтың арқа­сында қол жеткіздік. Ішкі қарама-қай­шылыққа тап болған елдер ілгері емес, кейін кетіп, әлемдік дамудың көшінен қалып қойды. Ата-бабамыз «Отан оттан да ыстық», «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деп бекер айтпаған. Осылайша, олар Отанды сүюге, елді береке-бірлікте болуға шақырды, – деді Елбасы.

Ол барлық буындағы қазақстан­дықтарға қайырылды:

– Мен алдыңғы толқын – аға буынға сөзімді арнаймын! Сіздер пайым-пара­саттарыңыз бен көрегендіктеріңізге сүйеніп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар берулеріңіз керек. Олар Отанды сүюдің, мемлекетті нығайтудың, Тәуелсіздікті қорғаудың және жарқын болашақ үшін жұмыс істеудің маңызын жете түсінуге тиіс. Мен енді ортаңғы буын отан­дастарыма да сөз арнаймын! Сіздер бір елдің күйреп, тәуелсіз мемлеке­тіміздің қалыптасу кезеңін бастан өт­кер­діңіздер. Бұл күрделі де күрмеуі қиын шешімдер қабылданған уақыт болды. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз – кез келген қиындықты жеңуге кө­мек­тесетін баға жетпес байлық, – деді Тұңғыш Президент.

Сондай-ақ жас ұрпаққа да жеке үндеу жасады:

– Кейінгі толқын жастарға айтарым: жақсы өмір сүрудің бір ғана жолы бар, бұл – аянбай еңбек ету. Біздің болашаққа деген үкілі үмітіміз – өздерің. Бүгінгі атқарып жатқан жұмыстарымыз тек сендер үшін жасалуда. Көпшілігің тәуел­сіз Қазақстанмен түйдей құрдас­сыңдар. 2050 жылға қарай сендер осы бағдарламаны жүзеге асыруға атса­лысып, оң-солын таныған азамат боласыңдар. Еліміздің одан ары даму жолын сендер айқындайсыңдар! – деді Н.Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті кез келген ел тек экономика немесе жер аумағынан ғана құралмайтынына назар аудартты.

– Мемлекеттілік – ең алдымен тәуел­сіздік, патриотизм және халықтың рухы деген сөз. Мен осы қастерлі құн­дылық­тар­ды әрдайым ұлықтап, сақтауға ты­рыс­тым. Бар күш-қуатымды туған елімнің еңсесін биік ұстауға арнадым. Бұл құн­дылықтарды келер ұрпақ 30 жылдан кейін де, яғни 2049 жылдан соң да, көздің қарашығындай сақтап, абыройымыз асқақтай түседі деп сенемін! Еліміздің мәртебесі әрдайым арта берсін! – деп түйді сөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Халықаралық конференцияның пленарлық отырысында «Жаңару» жем­қорлыққа қарсы жалпыұлттық қоз­ғалысының жетекшісі О.Әбдікәрімов, Ресей ғылым академиясының Жалпы тарих институтының директоры М.Липкин, Мәжіліс депутаты Қ.Сұлтанов, Шанхай қоғамдық ғылым академиясының Ресей және Орталық Азия зерттеу орталығының директоры Д.Пан, Өзбекстан президенті жа­нын­дағы стратегиялар және аймақаралық зерттеулер институтының директоры Э.Тахиров, Қырғызстанның бұрынғы мемлекеттік хатшысы О.Ибраимов, Америкалық саясаттанушы және журналист А.Коэн, Әзірбайжан Милли Мәжілісінің депутаты, мемлекеттік бас­қару академиясының жанындағы саяси зерттеулер институтының ди­рек­торы Э.Насиров, «Валдай» халықаралық пі­кір­талас клубының бағдарламалық ди­ректоры, Ресей СІМ Мәскеу мем­лекеттік халықаралық қатынастар институтының халықаралық зерттеулер институтының директоры А.Сушенцов, мемлекет және қоғам қайраткері Р.Чердабаев сөз сөйледі.


Nigmatylin.JPG
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН,
Парламент Мәжілісінің төрағасы:

Өркендеу жолын айқындаушы

Нұрсұлтан Әбішұлы бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындап, Тәуелсіздікке қол жеткізді. Осы тарихи сәтте Елбасымыз оң шешімдер қабылдап, халықтың өмірін өзгертуде маңызды қадамдар жасады. Елбасы жаңа мемлекетті ғана емес, сонымен бірге, қазақстандықтарды, жаңа біртұтас ұлт етіп қалыптастырды.

Сондықтан бүгінгі гүлденген Қазақстан – Елбасы еңбегінің нәтижесі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті тұтас буынның өркендеу жолын айқындап берді. Әрі ата-бабаларымыздың көп ғасырдан бері аңсап келген берік те тәуелсіз мемлекет құру арманын іске асырды. Сонымен бірге, еліміздің егеменді болып, барлық мемлекет мойындаған шекарасы бекітілді. Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен жаңа астана салынып, еліміз тұрақты дамудың даңғыл жолына түсті. Қазақстан қоғамында бірлік сақталып, халықаралық аренада жоғары беделге ие болды. Осының бәріне Тұңғыш Президенттің қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік.

 

Abdikarimov.JPG
Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,
мемлекет қайраткері:

Ұлтаралық татулықтың сақшысы

Нұрсұлтан Назарбаевтың билікке келген уақыты күні кешегідей әлі жадымда сақтаулы. Ол Компартия Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғанда, халық бұл жаңалықты ерекше ықыласпен қабылдады. Әлі елуге толмаған жас саясаткер шешендігімен, алғырлығымен елдің көзіне бірден түсті. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар «Қазақстанды қазақ басшы басқарсын» деген ұран көтергенін білеміз. Билікке Нұрсұлтан Назарбаев келгенде, халық бұл жаңалықты арман-мақсатының орындалғаны деп қабылдап, жаңа басшыға үлкен сенім артты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында Қазақстан коммунистік партиясы жеке бағдарлама қабылдап, өзін-өзі басқару жүйесіне біртіндеп көше бастады. Елбасы бірінші күннен бастап, жаңашылдық пен кішігірім реформалар енгізе бастады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан өте қиын кезеңді басынан өткерді. Қазақстандықтар Тұңғыш Президентімен бірге тәуелсіз елдің іргесін қалауға атсалысты. Тәуелсіздік жылдары Елбасы қабылдаған тағдырлы шешімдер таңғалдырады. Кеңес Одағы тарағаннан кейін, мекемелер жабылып, жұмыссыздық деңгейі артты. Жалақы мен жәрдемақы сияқты мемлекеттік төлемдер уақытылы берілмеді. Сондай сындарлы жылдары Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев стратегиялық жоспарлар құрып, ел экономикасын аяққа тұрғызды. Мемлекеттің негізгі нышандарын қабылдап, мемлекетті саяси-экономикалық дағдарыстан алып шықты. Басқа мемлекеттерде ұлтаралық қақтығыстар өршіген жылдары, Қазақстан бейбітшілігі мен ынтымағын сақтап қалды. Ол кезде Қазақстандағы қазақ халқының үлесі небәрі 35 пайыз болатын. Соған қарамастан, Елбасы ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді бұзбай, қазақ тілін мемлекеттік тіл етіп бекітіп, оның мәртебесін арттыруға өте көп еңбек сіңірді.

 

Syltanov.JPG
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Мәжіліс депутаты:

Парыз кодексі

«Кемеңгерліктің 30 жылы» конференциясы тарихтан сабақ алуға мүмкіндік берді. Көпшілігіміз, осында отырған заман­дастар екі дәуірде өмір сүріп келеміз. Бүгінгі кездесуіміз – кейбір шолақтау ойлайтын замандастарымыз бағалағандай, өткенді аңсау емес. Бүгін тарихтан сабақ алып, өсу жолда­рымызды жадымызда сақтадық, теңсіздіктен арылып, елдікке қол жеткізудің қадір-қасиетін түсіндік. Елбасымыздың ел басшылығында қызмет еткен 30 жылына орай өтіп жатқан конференцияға Қасым-Жомарт Тоқаев екеуінің қатысып, сөз сөйлегені – ынтымақтың, билік бірлігінің үлгісі. Нағыз мемлекеттік өркендеу сабақтастығының айқын көрінісі десек болады. Бүгінгі баяндаманы толқымай тыңдау мүмкін емес. Мен мұны Тұңғыш Президент парызының кодексі деп қабылдадым.

 

Sorly.JPG
Күршад ЗОРЛУ,
халықаралық шолушы, 
мемлекеттік басқару бойынша сарапшы:

Түркі халқының Білге қағаны

Нұрсұлтан Назарбаев билікке келгелі Қазақстан экономика, сыртқы саясат, білім және ғылым бойынша алдыңғы қатарға шығып, беделді мемлекетке айналды. Бұл жетістікке Нұрсұлтан Назарбаев өлшеусіз үлес қосты. Оны білікті саясаткер ретінде бүкіл түркі әлемі мойындайды. Нұрсұлтан Әбішұлы бір сөзінде «Біздің жастар тарихын түгендеп, сақтар, ғұндар, түркілерден бастап білуі керек» деген болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті айтқан бұл сөзді түркітілдес елдердің жастары жылы қабылдады. Осы мәтіндегі мәлімдеме әлеуметтік желіде үлкен қызығушылық туғызды. Өткен жылы Түркияда жүргізілген әлеуметтік зерттеулер Түркия халқы Нұрсұлтан Назарбаевты «танымал көшбасшы» деп танитынын көрсетті. Біз Қазақстанның Тұңғыш Президентін «Түркі халқының Білге қағаны» деп санаймыз.

 

Sherdabaev.JPG
Равиль ЧЕРДАБАЕВ,
мемлекет қайраткері:

Көреген басшы

Нұрсұлтан Әбішұлының замандасы болғандықтан, 50 жыл бойы оның өмірі мен қызметі көз алдымда өтіп жатыр. Көп жылдар бойы Елбасының жанында жұмыс істеп, тарихи оқиғалар мен шешімдерге куә болғаныма қуанамын. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан бүкіл әлем мойындайтын қуатты мем­лекетке айналды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан өте қиын кезеңді басынан өткерді. Мемлекет өте үлкен қиындықтарға кездесті. Қазақстанға келген ең алғашқы шетелдік инвестор – Теңіз мұнай кен орнын игеруге келген АҚШ-тың Chevron компаниясы болды. Қазақстан-америкалық кәсіпорны құрылып, миллиардтаған инвестиция тартылды. Ол кезде елімізде инвестиция шарттарының сақталуына кепілдік беретін заңнамалық база да жоқ болатын. Шетелдік инвесторлар Тұңғыш Президенттің бір ғана сөзіне сеніп, осындай қадамға барды. Бұл оқиға арқылы бүкіл әлем Қазақстанда мұнай мен газдың үлкен қоры шоғырланғанын білді. Осылай Қазақстанға капитал құюға ынталы шетелдік инвесторлардың қатары артты. Жуырда өткен президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың басым бөлігінің қолдауымен жеңіске жетуі оны өзінен кейін президент қызметінде қалдырған Тұңғыш Президенттің даналығы мен көрегендігін тағы да дәлелдеді.

 

Koen.JPG
Ариэль КОЭН,
америкалық саясаттанушы:

Биікке ұмтылған беделді тұлға

Ұлттың негізін қалаушыларды тарих төңірегінде байланыс­тыратын дүние көп. Олар – биікке ұмтылыс, харизма, тәртіп, елге деген махаббат. Мысалы Джордж Вашингтон АҚШ-та, Кемаль Ататүрік Түркияда өз басын тәуекелге тігіп, ел болашағы үшін барын салды. Израильде Давид Бен-Гурион, Оңтүстік Африка Республикасында Нельсон Мандела халқын жүздеген жыл бойғы қасіреттен мемлекеттікке әкелді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің осы әріптестермен ұқсас тұстары көп. Қарапайым отбасыдан шыққан Нұрсұлтан Назарбаев кеңестік мемлекет тұсында қызметін бастап, кейін Егемен Қазақстанды басқарды. Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігін, еліне деген сүйіспеншілігін жоғары бағалаймын. Қазақстан жиырма жылға жуық уақыт ішінде табысы өскен мемлекетке айналды. Мұнымен қоса, Тұңғыш Президент перспективалық құрылымдық және институттық реформалар жүргізді. Нұр-Сұлтандай қала құрылды. Осының нәтижесінде ауыр экономикалық геосаяси жағдайда көпвекторлы саясаттың өміршеңдігі дәлелденді.я