Жақында Қазақстан мен Украина іздеуде жүрген күдіктілерді экстрадициялау туралы нақты келісімге келді. Былтыр Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында осыған қатысты заң жобасы мақұлданып, сәл кейінірек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған. Бұл келісімнің астарында не бар?
Мұндай шарт қылмыстық жауапқа тарту және сот үкімін орындау үшін адамдарды ұстап беру мәселесін реттейді. Жасалған қылмыс үшін екі елде де ең кемі 1 жылға бас бостандығынан айыру көзделсе немесе сотталған адамның өтелмеген уақыты 6 айдан асса, қылмыскер экстрадицияланады. Әрине, кей жағдайда күдіктіні ұстап беруден бас тарту негіздері қарастырылған. Мысалы, бір тарапта қылмыс деп саналатын әрекет екінші жақта олай болмаса, қудалау мерзімі өтіп кетсе, экстрадициялау егемендік пен ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірсе, сондай-ақ заңнамаға немесе халықаралық міндеттемелерге қайшы келсе, мемлекет экстрадиция жасаудан бас тарта алады.
Жалпы, соңғы 3-4 жыл бедерінде Қазақстан Украинадан 13 азаматты экстрадициялауға сұрау салған. Бүгінгі таңда алтауы қайтарылған, біреуін Украина бермей қойған. Себебі Қазақстанда оған тағылған айып Украинада қылмыс болып есептелмейді. Ал қайтарылған 6 азамат қылмыстық және экономикалық құқықбұзушылықтар істеген. Тағы 6 азамат Украинада жасырынып жүр. Осы уақытқа дейін Қазақстан мен Украина арасындағы экстрадиция мәселесі Минск конвенциясымен реттелетін. Конвенцияда сұрау салынғаннан кейін экстрадиция жасауға нақты мерзім бекітілмеген. Ал екі елдің заңнамасы бойынша экстрадициялау мерзімі
1 жылдан аспауы тиіс.
Иә, «іздеуде жүрген 6 адам үшін арнайы заң қабылдаудың қажеті қанша?» деген сұрақ туындайтыны рас. Кей сарапшылардың пікірінше, бұл қадамның саяси астары бар сияқты. Былтыр Парламентте осы заң жобасы талқыланып жатқанда Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин әлеуметтік желіде Қазақстан билігі туралы әртүрлі ақпарат таратып отырған ерлі-зайыптылар жайлы сұраған.
– Ерлі-зайыпты бір жұптың қашып кеткенін білеміз. Олар YouTube-та іріткі салып жүр. Соттадық, енді жауапкершілігін елде өтеуі керек. Неліктен біз әлі күнге дейін азаматтардың елге қайтарылуын ұйымдастыра алмадық? 1 жылдан асып кетті ғой, – деп ашынды спикер. Ал Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов аталған заң жобасы қабылданған соң мәселені тезірек шешуге мүмкіндік туатынын мәлімдеген.
Шамасы, шенеуніктер «YouTube-тағы жұп» деп Садықовтар отбасын меңзеген секілді. Өйткені YouTube арнасында журналист Наталья Садықова мен Айдос Садықов «БАСЕ» арнасын жүргізеді. Наталья Садықова 2014 жылы «Адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады» деп айыптап, жала жабу бабымен 3 жылға сырттай сотталған. Сол жылы наурыз айында Садықовтар отбасымен Украинаға қоныс аударған.
Айтпақшы, ұзынқұлақтан естігеніміз, «БАСЕ» арнасын қашқын банкир Мұхтар Әблязов қаржыландырады деген қауесет бар. Құқық қорғау органдарының әлгі екеуіне қатты қадалатын себебі де содан болуы әбден мүмкін. Әблязов демекші, биыл наурыз айында Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері Біріккен Араб Әмірліктерінен «БТА Банкінің» бұрынғы басқарушы директоры Рустам Ибрагимовты экстрадициялады. Ибрагимов «БТА Банкінің» 250 миллион доллар ақшасын Әблязовтің ұйымдасқан қылмыстық тобымен бірлесіп жымқырған деседі. Ал атышулы банкирдің өзі Францияда тұрады. Франция мен Қазақстан арасында экстрадициялау туралы келісім жоқ болғандықтан, оны елге әкелу қиындау.
Ресми дерекке жүгінсек, қазір 2 600 Қазақстан азаматына іздеу жарияланған. Оның 1 500-і – мемлекетаралық, 1 200-ге жуығы – халықаралық іздеудегі қылмыскерлер. Бас прокуратура өкілдерінің мәліметінше, экстрадициялауға байланысты екіжақты келісім Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Болгария, Венгрия, Испания, Италия, Литва, Румыния, Түркия, Иран, Қытай, Солтүстік Корея, Оңтүстік Корея, Моңғолия, БАӘ сияқты 20-дан астам мемлекетпен бекітілген. Сондай-ақ Қазақстан осындай мәселелер бойынша 60-тан аса халықаралық конвенцияға қол қойған. Грекия, Кипрмен де осындай шарт жасалып жатыр.
Алайда сондай келісім болса, қылмыскер міндетті түрде қайтарылады деген қатып қалған қағида жоқ. Ол шешімді әр мемлекет өз мүддесі тұрғысынан саралайды. Мәселен, Қазақстан мен ҚХР арасында 2011 жылдан бері сотталған азаматтарды беру туралы келісім бар. Бірақ Қытай билігі 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында есірткі контрабандасы үшін ұсталған Ақжарқын Тұрлыбайды бермей отыр. Неге екені белгісіз. Бәлкім, екі елдің заңнамасы екі бөлек болғандықтан ба, әлде басқа себебі бар ма – басын ашып түсіндірген ешкім жоқ.