Жауапты міндет жүктелді
Жоғарыда мұғалімдердің қашықтан оқыту курсы жайлы пікірін ұсынатынымызды жаздық. Сондай-ақ IV тоқсанда қандай қиындықпен бетпе-бет келгенін, нені үйренгісі, қандай ұсынысы бар екенін сұрадық. Атырау облысы Қызылқоға ауданында тұратын мұғалім Айгүл Төрешқызы IV тоқсан мен қашықтан оқыту жүйесі туралы тұшымды мағлұмат берді. Әрі ұстаздың өз ұсынысы бар. Ұстаз алдымен ауылды жердегі интернеттің әлсіз екенін айтты. Балалардың көбінде смартфон жоғы да қолбайлау болған. «Оқытушыларға компьютермен жоғары дәрежеде сауатты жұмыс істеуді үйрететін курс керек. Тыңдаушылар қашықтан оқыту кезінде білім беру процесінің негізін қолайлы уақытта, ыңғайлы орында оқып, тиімді темпте өз бетінше жұмыс істеуге жағдай жасалса екен. Электронды оқулықтар бір баспадан шыққанса жөн болар еді», – деді Айгүл Төрешқызы.Курстан өтпеуіме болатын шығар...
Шымкент қаласы №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернат мұғалімі Гүлнәр Жарасқызы қашықтан оқыту курсының қажет екенін атап өтті. «Төтенше жағдай мұғалімдердің қашықтан оқытуға даярлығына сын болды. Алғашқыда ұстаздар қауымы оқытудың қай форматына тоқтарын білмеді.Оның үстіне, бүкіл педагогтердің оқыту форматтарын игермегені анық болатын. Сондықтан алғашқыда біраз абыржыдық. Ең тиімді, қолданысқа қолайлы, қолжетімді форматты таңдауға келгенде дағдарып қалдық. Сол себепті министрдің мұғалімдерді қашықтан оқыту курстарына жіберуді қолға алуы аса қажет. Алайда заңды жазғы еңбек демалысында курстан өтуге жібермесе игі еді», – дейді Гүлнәр Жарасқызы. Сонымен бірге ұстаз білім платформаларымен жұмыс істегенде қиындық туындағанын жасырмады. Daryn.online-ның өте тиімді, қолжетімді екенін естісе де, дұрыс қолдана алмаған. Мектептегі жастар жол нұсқаса әп-сәтте үйреніп кететінін де атап өтті. Мұғалімдердің басым көпшілігінде осындай проблема барын жеткізді. «Ала жаздай қарап жатпаймын. Аталған оқыту форматын жетік игерген жас мұғалімнен үйреніп алуыма болады. Ол кезде курсқа баруға міндетті емес шығармын?», – дейді ұстаз Гүлнәр Жарасқызы. Түсінуімізше, мұғалімдер әлі де қашықтан оқыту технологиясының басым бағытын білмейді. Әйтпегенде, жас мұғалімнен платформаларға кіруді үйренсе, курсқа қатыспауына болатынын сұрамайтын еді. Сондықтан министрлік курстың бағдарламасымен ұстаздарды құлақтандырса игі.Білім саласындағы цифрлы технология толық дамымаған немесе...
Алматы облысы Панфилов ауданы А.Розыбакиев атындағы орта мектептің мұғалімі Зәуре Бексұлтанқызы IV тоқсанда жиынтық бағалау алу мен тексеру қиынға соққанын айтты. Егер қашықтан оқытудың қыр-сырын үйрететін курс болса, түрлі программамен жұмыс істеуді меңгергісі келеді. Ол министр мәлімдеген IT компетенциялар ХХІ ғасыр мұғаліміне керек дүние екенін алға тартты. «Алдағы кезеңде онлайн БЖБ мен ТЖБ алып, тексерудің тиімді жолын қарастырсақ. Мәселен, оқушыларға жиынтық бағалау тапсырмаларын жібердік. Олар өз кезегінде тапсырманы түсінбеді, дұрыс орындамады. Сыныпта мұғалім тәптіштеп түсіндіреді, жол нұсқайды. Ал дауысты хабарламамен түсіндірсең, оқушылар жете түсінбейді. Оқушылар БЖБ мен ТЖБ жауабын жіберген соң, оны тексеру жағы қиын болды. Сондықтан тексеру жағын электронды поштаға ұқсас, бірақ жаңартылған нұсқаға оңтайландырсақ. Білім саласындағы цифрлы технология әлі де дамымаған. Немесе мектеп мұғалімдерінің жаңа технологияны меңгеруге қабілеті төмен. Мұны өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Қашықтан оқыту туралы курсқа қатыссам, қолжетімді программалармен жұмыс істеуді үйренер едім. Microsoft Word, Excell, Power Point cияқты негізгі программалардың деңгейінде қалып қойыппыз», – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Сондай-ақ ұстаздың айтуынша, IV тоқсанда ата-ананың қадағалауы жақсы болғандықтан, оқушылар үй тапсырмасын уақытылы орындаған. Үлгерімі төмен оқушылар смартфонмен оқығанға қызығып, сабаққа құлшыныспен қатысқан. Сондықтан IV тоқсанның білім сапасы жоғары болған. Иә, жаңаны үйренуге, білімді жетілдіруге ұмтылу керек. Бұл бірінші кезекте ұрпаққа сапалы білім бергісі келетін әр ұстазға міндет. Алғаш рет мектеп оқушыларын қашықтан оқытқан мемлекетке таптырмас көмекші құрал. Сол себепті министрлік дайындайтын арнайы курстан күтеріміз көп.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ