Қазақстандықтар өңірлер арасына орнатылған блок-бекеттердің қашан алынатынын білгісі келеді. Себебі ұшақ ұшып жатыр, бірер күнде жолаушылар пойызы да жүре бастайды. Ал автокөлікпен қатынайтындар үшін жол әлі жабық тұр. Кеше Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасында баспасөз мәслихатына келген бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова блок-бекеттердің неге алынбай тұрғанын түсіндірді.
Оның айтуынша, біріншіден, карантинді жеңілдету шаралары жағдайға қарай кезең-кезеңмен жүргізіледі. Автобустар мен жеңіл көлікке қарағанда, әуе рейсін халықтың аз бөлігі қолданады. Сондықтан да әуе рейстері карантинді жеңілдетудің бірінші кезеңінде-ақ іске қосылды. Келесі кезеңде – теміржол көлігі жұмысын бастайды. Одан кейінгі кезеңдерде өңірлер арасындағы блок-бекеттер алынуы мүмкін.
«Екіншіден, еліміздің әр өңіріндегі жағдай әртүрлі. Қазіргі цифрлар өңірлердегі коронавирусқа қатысты жағдайдың біркелкі емес екеніне байқатып отыр. Мысалы, бір өңірде коронавирус жұқтырудың ең төменгі көрсеткіші тіркелсе, басқа өңірде керісінше жоғары. Сондықтан автокөліктер үшін блок-бекетті ашып тастау қауіпті болуы мүмкін. Коронавирус инфекциясының қайта тарауына жол бермеу үшін әзірге блок-бекеттер ашылмайды», – дейді А.Есмағамбетова.
Аталған баспасөз мәслиха-тында бас санитар Қазақстан әуежайларында өзге елде жүргізілген ПТР тестінің нәтижесі қабылданатынын жеткізді.
«10 мамырдағы №36 қаулыға өзгерістер енгізіп, 22 мамырда №37 қаулымды шығардым. Қаулы бойынша, біріншіден, шетелден әуе рейсімен келген адамдар, яғни Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан бес күннен кешікпей өтуіне берілген ПТР нәтижесі теріс анықтама болса, бұл адамдар 14 күнге үйде оқшауланады. Олар COVID-19 тексерілу үшін 2 күн стационарға жатқызылмайды», – деді ол.
Айта кетейік, мемлекет елге оралғысы келетін азаматтарды әлі күнге дейін қайтарып жатыр. Олардың көпшілігінде шетелдерден алынған ПТР анықтамасы бар. Оларды карантин стационарына жібермеу үшін сол анықтамаларды қабылдайды. Бұл рұқсатнама әуежайларда ғана берілген, әуе рейсімен келген азаматтардың ғана шетелдік ПТР анықтамасы қабылданады.
А.Есмағамбетова елімізде коронавирус жұқтырған науқастармен байланыста болғандарды оқшаулаудың жаңа әдісі қолданылатынын айтады. Егер бұған дейін коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандарды бөлмей-жармай жалпы қараса, енді оларды жақын байланысқандар және ықтимал байланысқандар деп екіге бөледі. Жақын байланыста болғандар – науқаспен бір жарым метрден де аз қашықтықта 15 минутқа дейін бірге болғандар. Ықтимал байланыста болғандар – науқаспен жабық ғимаратта, бір жарым метрден алыс қашықтықта 15 минуттан астам уақыт бірге болғандар. Бұған дейін жақын байланыста болғандар міндетті түрде ПТР тестілеуден өтіп, карантин стационарына жіберілетін еді. Енді бұл тактика өзгерді, науқаспен жақын байланыста болған адам 14 күндік карантинді өз үйінде өткізеді. Ал ПТР тестілеу карантиннің басында және соңында жүргізіледі. Бұл ретте азаматтар 14 күн үйде карантин режимін сақтайтыны, ауру белгілері пайда болса, дәрігерге хабарлау туралы қолхат беруі тиіс. Яғни, олар өз денсаулығын жіті қадағалауға міндетті болады.