Блок-бекеттер қашан алынады?

Блок-бекеттер қашан алынады?

Қазақстандықтар өңірлер арасына орнатылған блок-бекеттердің қашан алынатынын білгісі келеді. Себебі ұшақ ұшып жатыр, бірер күнде жолаушылар пойызы да жүре бастайды. Ал автокөлікпен қатынай­тындар үшін жол әлі жабық тұр. Кеше Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасында баспасөз мәслихатына келген бас мемлекеттік сани­тар дәрігер Айжан Есмағамбетова  блок-бекет­тердің неге алынбай тұрғанын түсіндірді.  Оның айтуынша, бірінші­ден, карантинді жеңілдету ша­ра­лары жағдайға қарай кезең-кезеңмен жүргізіледі. Авто­бустар мен жеңіл көлікке қара­ғанда, әуе рейсін халықтың аз бөлігі қолданады. Сондықтан да әуе рейстері карантинді же­ңіл­­детудің бірінші кезеңінде-ақ іске қосылды. Келесі кезеңде – теміржол көлігі жұмысын бас­­тайды. Одан кейінгі кезең­дер­де өңірлер арасындағы блок-бе­кет­тер алынуы мүмкін. «Екіншіден, еліміздің әр өңі­ріндегі жағдай әртүрлі. Қазір­гі цифрлар өңірлердегі коро­на­вирус­қа қатысты жағдайдың бір­келкі емес екеніне байқатып отыр. Мысалы, бір өңірде ко­ро­навирус жұқтырудың ең төменгі көрсеткіші тіркелсе, бас­қа өңірде керісінше жоғары. Сон­дықтан автокөліктер үшін блок-бекетті ашып тас­тау қауіп­ті болуы мүмкін. Коро­на­ви­рус инфекциясының қайта тарауы­на жол бермеу үшін әзірге блок-бекеттер ашылмайды», – дейді А.Есмағамбетова. Аталған баспасөз мәсли­ха-тын­да бас санитар Қазақстан әуе­­­жайларында өзге елде жүр­гі­зілген ПТР тестінің нәтижесі қабыл­данатынын жеткізді. «10 мамырдағы №36 қау­лы­­ға өзгерістер енгізіп, 22 ма­мыр­да №37 қаулымды шы­ғар­­дым. Қаулы бойынша, бі­рін­шіден, ше­телден әуе рей­сі­мен келген адам­дар, яғни Қа­зақ­стан Рес­пуб­ликасының мем­ле­кет­тік шекарасынан бес күннен кешікпей өтуіне беріл­ген ПТР нәтижесі теріс анық­тама болса, бұл адамдар 14 күн­ге үйде оқ­шау­ланады. Олар COVID-19 тек­­серілу үшін 2 күн ста­цио­нар­ға жатқызылмайды», – деді ол. Айта кетейік, мемлекет елге оралғысы келетін азамат­тар­ды әлі күнге дейін қайтарып жатыр. Олардың көпшілігінде ше­тел­дерден алынған ПТР анық­та­ма­сы бар. Оларды карантин стационарына жібермеу үшін сол анықтамаларды қабыл­дай­ды. Бұл рұқсатнама әуежайларда ғана берілген, әуе рейсімен кел­ген азаматтардың ғана ше­тел­­дік ПТР анықтамасы қа­был­данады. А.Есмағамбетова елімізде ко­ронавирус жұқтырған нау­қас­тармен байланыста болған­дар­ды оқшаулаудың жаңа әдісі қол­данылатынын айтады. Егер бұған дейін коронавирус жұқ­тыр­­ғандармен байланыста бол­ғандарды бөлмей-жармай жалпы қараса, енді оларды жақын байланысқандар және ықти­­мал байланысқандар деп екіге бөледі. Жақын бай­ла­ныс­та болғандар – науқаспен бір жарым метрден де аз қа­шық­тықта 15 минутқа дейін бірге болғандар. Ықтимал бай­ла­ныс­та болғандар – науқаспен жабық ғимаратта, бір жарым метрден алыс қашықтықта 15 минуттан астам уақыт бірге болғандар. Бұған дейін жа­қын байланыста болғандар мін­дет­ті түрде ПТР тестілеуден өтіп, карантин стационарына жі­берілетін еді. Енді бұл так­тика өзгерді, науқаспен жақын байланыста болған адам 14 күндік карантинді өз үйінде өткізеді. Ал ПТР тестілеу каран­тин­нің басында және соңында жүргізіледі. Бұл ретте азаматтар 14 күн үйде карантин режимін сақтайтыны, ауру белгілері пай­­да болса, дәрігерге хабарлау ту­ра­лы қолхат беруі тиіс. Яғни, олар өз денсаулығын жіті қада­ға­лауға міндетті болады.  

Тұмар МЫРЗА