Әлеуметтік желіде пойызға билетсіз мінген жолаушылар туралы видео тараған соң, қоғамдық талқы тудырған заңбұзушылыққа қатысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ компаниясы ресми жауап берді. Компания өкілі видеодағы жағдайды растап, кінәлі қызметкердің салғырттығына қатысты тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ сервис және тұтынушылармен жұмыс департаментінің директоры Әлібек Сұлтанов журналистерге берген сұхбатында компания қызмет сапасын үнемі жетілдіріп отыратынын, заңбұзушылықтарға жол берген жолсеріктер қатаң жазаланатынын айтты.
– 15 маусым күні тараған билетсіз жолаушылар туралы видео бойынша компания қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес, оқиғаға қатысы бар қызметкерлерді шақырып, толық зерттеу жүргізеді. Басқарма басшысының блогы мен компанияның әлеуметтік желідегі парақшаларға жолаушылардан келіп түскен шағымдарды тексеріп, заңбұзушылық анықталған жағдайда, қызметкерге тиісті жаза қолданылады. Ең үлкен жазалау шарасы – еңбек шартын тоқтатып, жұмыстан босату. Өткен жылдың сәуір айынан бері 130 қызметкермен келісімшарт тоқтатылып, 30 азаматтың қызмет дәрежесі төмендетілді. Мұндай жағдайлардың алдын-алу мақсатында сапаны бақылау қызметі пойыздарды үнемі тексеріп отырады. Мәселен, айына 500 пойызда осындай тексеру шаралары өтеді. Ағымдағы жылдың бес айында 3 мыңға жуық тексеріс өтіп, билетсіз жолаушыларға қатысты 71 заңбұзушылық тіркеліп, тиісті шаралар қабылданған, – деді ол.
Әлібек Сұлтанов видеоны әлеуметтік желіге салып, азаматтық белсенділік танытқан жолаушыға компания атынан алғыс білдірді. Ол азаматтарды алдағы уақытта да өздері кездескен құқықбұзушылықтар мен талапқа қайшы әрекеттерді фото және видео құралдарына тіркеп, басқарма төрағасы блогына немесе компанияның әлеуметтік желідегі парақшаларына жіберуге шақырды. Оның айтуынша, жұмыс тәжірибесінде шағымда көрсетілген жағдай расталмаған кездер де болады. Жолсеріктерге негізсіз айыптар тағылмауы үшін жолаушылардан түскен әр шағым жеке қаралып, жіті тексеріледі. Шағым қалдырған азаматтан сол пойызда жолаушы болғанын растайтын билет сұралуы мүмкін. Сондай-ақ заңбұзушылық фактісін растайтын қосымша деректер керек. Компания қызметкерлері шағым иесіне оның өтініші бойынша іс қалай қаралып жатқанын, комиссия қандай шешім шығарғанын хабарлап отырады. Әлібек Сұлтанов билетсіз жүрген жолаушыларға жол жүру билетінсіз жүріп өткен стансалары үшін арнайы бекітілген бағалар есептеліп, соның он еселенген көрсеткішіне тең айыппұл салынады. Сондықтан «Жолаушылар тасымалы» компаниясы жолаушыларға заңбұзушылықтарды болдырмауға атсалысуға және заңды бұзбау керегін ескертеді.