Тартоғайдың тарланы

Тартоғайдың тарланы

Екеуміз бір ауданнанбыз. Екеуміз де Қазақ ұлттық университетін бітірдік. Екеуміз де журналистік еңбек жолымызды Арқа өңірінен бастадық. Екеуміз де Президент сыйлығының лауреатымыз. Екеуміз де қолға қалам алғанды мұрат тұтқанбыз. Екеуміз әлі жазып келеміз...

Екінші кім деп елеңдеп отыр­ған шығарсыздар. Ол – Айтбай Сәулебек. Есіміне ел қанық. Кеудесі қандай кең болса, жүрегі де, пейілі де сондай кең. Қашан да, қайда да «Қазағым» деп жүреді. Кезінде «Жас Алаштың» Қара­ған­ды, Жезқазған және Ақмола облыс­тары бойынша тілшісі қызметін абыроймен атқарды. Бірқатар республикалық басылым­да жемісті еңбек етті. Жыл арала­тып жаңа кітап шығарудан да кенде емес. Бір сөзбен айтқанда, қазақ журналистикасына олжа салған замандастарымыздың бірі.

Шиелі өңірі – талай тау тұлға­лы азаматтарды дүниеге келтіріп, өсіріп-өндіріп, қанаттандырған қасиетті мекен. Алты Алаштың ардақтысы – Мұстафа Шоқай, атақты батыр – Иманжүсіп, Сыр сүлейлері – Бұдабай, ағайынды Мәнсұр мен Нартай, қазақ ғылы­мы, әдебиеті мен мәдение­ті­нің көрнекті өкілдері – Әуелбек пен Қалжан Қоңыратбаев, Әбілда Тәжібаев, Шахмардан Есенов, Қал­мақан Әбдіқадыров және екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаев бастаған 41 Еңбек Ерінің осы аудан­нан шығуының өзі көп нәрсені айғақтаса керек.

Айтбай – бала кезден журна­лист болуды армандаған азамат. Күллі Қазақстан бойынша тек Алматыда – қазіргі әл-Фараби атын­­дағы Қазақ ұлттық универ­ситеті мен Қарағанды мемлекеттік университетінде ғана Журналис­тика факультеті болатын. Бір орын­ға 10-12 талапкер таласады, конкурс деген сұмдық.   Журфакқа тұяқ іліктіру – ғарышкерлер отрядына алынумен пара-пар нәрсе. Айтбай Сәулебек курстас достары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Нұрғали Оразов, Қуаныш Махамбетов, Жағыппар Қарабала, Бақытжан Абызов, Орынбасар Әлжік, Қаршыға Есімсейітовамен бірге оқыған. Бәрі де дарынды.

Сол Айтбай да алпысқа келіп қалып­ты. Айтбай Сәулебек Қызы­лор­да облысы, Шиелі ауда­ны­на қарасты Тартоғай стан­са­сын­да дүниеге келген. Қолына қаламнан бұрын қалақ алған. Туған ауылында құрылысшы болған. 1982 жылы С.Киров атын­да­ғы Қазақ мемле­кет­тік универ­си­те­тінің Журна­лис­тика факультетін бітірген. Қара­ған­ды облыстық телерадио коми­те­тінде аға редак­тор, «Лениншіл жас» газетінде Қарағанды, Жезқаз­ған және Ақмола облыстары бойын­ша меншікті тілші, облыс­тық «Орта­лық Қазақстан» газе­тінде бөлім меңгеруші, республи­ка­лық тәуел­сіз «Азия транзит» басылы­мын­да редактор болды. Сондай-ақ «Қазақ Елі», «Заң» және «Дала мен Қала» газеттерінде жемісті қызмет атқарып, кейінгі жылдары «Қаз­АгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі, «Сарыар­қа» баспасы дирек­торының орынбасары қызметтерін атқарды.

Публицист 2009 жылы жем­қор­­лықпен күрес мәселелерін бел­­сен­ді көрсеткені және жұрт­шы­лықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға қосқан үлесі үшін Қазақстан Президентінің бұқара­лық ақпарат құралдары саласын­дағы сыйлығын иеленген. Мемле­кет басшысының Жарлығымен 2008 жылы «Астанаға – 10 жыл» мерекелік медалімен, 2010 жылы «Құрмет» орденімен, ал 2011 жылы «Тәуелсіздікке – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

Айтбай Сәулебек – 12 кітаптың авторы. Оның ішінде 2011 жылы жарық көрген, Қазақстан Рес­пуб­ли­касының 20 жылдығына арнап жазылған «Елбасының алтын бесігі», («Золотая колыбель пре­зи­дента») атты тарихи-деректі кіта­бы бар. Сонымен бірге, Айткең Қарағанды өңірінің шежіресін хатқа түсіруден шаршаған емес. Айтбай Сәулебектің «Қазақтың қасиеті – Қарқаралы» атты шығар­ма­шылық кеші Қарқаралыда өт­кен еді. Ол осынау киелі аймақ­тың ардақты адамдары жөнінде арнайы жинақты әзірледі. 1992 жылы Қарқаралының тумасы, барша қазақтың мақтанышы, ұлтымыз­дан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, «Халық Қаһарманы», ұшқыш-сынақшы Тоқтар Әубәкіров туралы рес­публи­када бірінші болып «Ғарыш­та – Қазақ» («Айналайын, Земля!») атты екі тілдегі кітапты қос автор­лықпен шығарды.

Бірден айтайық: Айтбай Арқа­ның төрінде еңбек етсе де, туған жерін ешқашан есінен шығарған емес; Сыр өңіріне ат басын жиі тірейді, қайсыбір жылы «Қаламы жүйрік қаламгер» атты шығарма­шылық кешін өткізді. Осы шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, өткен шаққа саяхат жасал­ды. Сыр жұртшылығына алғысын білдірген кітап авторы Ә.Тәжібаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасына естелік кітап табыстады. Сонда қаумалаған жұртшылықтың Айтбайдың қалам­­­герлігіне тәнті болғанын көзіміз көрді. Ол туған ауылы туралы «Тарихы терең Тартоғай» деген кітап жазды. Бұл – энцикло­пе­диялық еңбек. Респуб­лика­мызда облыс, қала мен аудан туралы жазылған энциклопедия­лық кітаптар баршылық. Ал ауыл туралы жазылған энциклопедия­лық еңбекті көріп пе едіңіз?..

Алақандай Тартоғай ауылының тарихы тым тереңде. Бір жағынан «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тасжолы, екінші жағынан Қазақ­станды Еуропаға жалғайтын темір­жол, талай сырды толқынына жасырған Сырдария өзені ағып жатқан тұста Тартоғай деген ауыл бар.Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған осы ауылдан жеті бірдей министр шыққан! «Тарихы терең Тартоғай» энциклопедиясын жазу идеясы авторға қайдан келді?   «КазГУ-де оқып жүрген кезімізде деканымыз, атақты профессор Темірбек Қожакеев бір лекциясын­да Қазақстандағы ең алғашқы көтерілістердің бірі Тартоғай стансасында болғанын айтқан еді. Содан күнделігіме: «1904 жылы Орынбор – Ташкент теміржолы бойынан Тартоғай стансасы пайда болады. «Бейресми» дерекке сүйенер болсақ, 1-ші орыс буржуа­зия­лық-демократиялық револю­ция­сын Қазақстанда алғаш қол­дап, ереуілге шыққан Тартоғай стансасының орыс мұжықтары мен қазақ шаруалары екен» деп жазып қойдым. Сол кезде туған ауылымды зерттесем деген тың ой басымда жылт еткен-ді. Уақыт өз дегенін істетеді екен. Туған елінің бостандығын, тәуелсіздігін ойла­ған, қаһарлы Ресей патшасы­нан қорықпай, әділет үшін, ұрпағының бақыты үшін күрескен аталарымыз нағыз патриот болған екен ғой. Ендеше, киелі жерден сондай мемле­кетіміздің мүддесін ойлай­тын Мұстафа Шоқай, Сейітжан Полымбетов, Сейітбай Әлменов, Мүсілім Базарбаев, Шаһмардан Есенов, Фатыма Полымбетова сияқты тұлғалардың шыққаны кездейсоқтық емес».

Айтбай Сәулебек ауылдың Тар­тоғай деген атауына байланыс­ты көптеген қызықты дерек келті­реді. Шыңғысхан заманында оның қарсыласының аты Тартугай деп аталғандығын, Қырымның Сиваш деген жерінде Тартугай деген шыға­нақ бар екенін, Ақтөбе облы­сы мен Оңтүстік Қазақстанда Тартоғай деп аталатын ауыл кезде­сетінін зерттеп жазған. 1870 жылы Петерборда шыққан «Средняя Азия. Водворение в ней русской гражданственности» кітабының (авторы – орыстың бас штабының капитаны Л.Костенко) «Несколько дорожников по Средней Азии» деген тарауының «Почтовые мар­шруты» тармағында Тартоғай ауылы аталған. 1904 жылы Орын­бор-Ташкент теміржолы салын­ғанда, «Тартоғай стансасы» деп атал­ған. «Арада он бес жыл өткен­нен кейін де большевиктер тарихи атқа оралған. Тартоғай атауы бұрыннан бар дегеніміз осы себеп­тен. Алайда Қызылорда облысы­ның энциклопедиясында жазыл­ған мына бір құжатқа мән бермесе бол­майды: «1919 жылы тамыз айы­ның 17 жұлдызында Перовск уезі кеңестерінің V сьезінің қау­лы­сымен Тугай-Барановск қыстағы Тартоғай ауылы боп өзгертіледі делінген». Қазіргі Тартоғай ХIХ ғасырдың соңына таман Гродеков бо­лысына қараған. Түркістан өл­ке­сі – Сырдария облысы – Перов­ск уезі (уезд) – Гроде­ков бо­лы­сы. Көптеген зерт­теу­шілер «Гро­де­ков­ск-Тартоғай стансасы – Мұстафа Шоқайдың туған ауылы» деп жазған.

Белгілі публицист, Қазақстан Президенті сыйлығының лауреа­ты, «Құрмет» орденінің иегері Айтбай Сәулебектің қаламынан туған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Құрыш тұлға» деген ерекше кітабы бар. Бұл еңбекте Тұңғыш Президенттің балалық шағынан ер жетіп, есейген кезіне дейінгі өмірі, Теміртауда құрыштай шыңдалған уақыты, Украинада алғашқы металлургиялық білім ала бастаған кезі, қызмет жолы, Президент болып, Қазақстанның мүддесін қорғап, істеген үлкен қызметтері жайында жан-жақты зерттеліп жазылған. Туындыда сирек кезде­се­тін мұрағат қорларынан алынып, ақиқат-шындыққа негізделген тың деректерді, куәгер-тұлғалардың жүрек­жарды сөздерін, бұрын жарыққа шықпаған түрлі құжаттар жинақталған. Кітап деректі негізде жазылған. Ол «От-өзен», «Білім белесінде», «Өсу жолында», «Өр­леу», «Шыңдалу», «Партком хат­шы­сы» және «Самғау» деген жеті бөлімнен тұрады. Әсем безендіріл­ген еңбекте Елбасының сирек кезде­сетін суреттері де берілген. «Құрыш тұлға» атты зерттеу кіта­бында Елбасы туралы, Елбасының Темір­таудағы 17 жылдық, Қараған­дыдағы 2 жылдық, жалпы 19 жыл­дық өмірі қамтылады. Жинақ негізінен алғанда көптеген тарихи-деректі материалдарға, журналис­тік зерттеуге толы. Публицистің кітапты жазуда көп еңбек еткені Нұрсұлтан Әбішұлының туған жерінен бастап, Украинаның Днепродзержинск, Киев, Ресейдің Мәскеу, Омбы, қазақтың Теміртау, Қарағанды және Астана мен Алматы қалаларында іссапарда болып, материал жинақтағанынан көрінеді. Сол тұста «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Мұхтар Құл-Мұхаммед осы кітап­қа жазған алғысөзінде: «Қазақ елі өзінің бүкіл дүниежүзін мойындат­қан асқаралы табыстары үшін Елбасы алдында қаншалықты қарыз­дар болса, Мемлекет басшы­сы­ның қайраткер болып қалып­та­суына Қарағанды өңірінің қосқан үлесі де аз емес. Ендеше, Елбасы өмірінің әр кезеңін үлгі-өнеге тұта­тын қазақстандықтар бұл кітап­ты қызыға-құмарта оқитыны анық» деп жазыпты.

Тәуелсіздік  – Тәңірдің бізге берген сыйы. Осы жылдарда Айтбай Сәулебек тек елдің жайын жазып келеді. Атпал азаматтың жүрегі  қашанда  ел деп соғады. Айтбай  қазақ баспасөзінде ғана емес, әдебиетте де әдеби-көркем шығармаларымен танылған қалам­­гер. Қаламы мен қағазын жанына серік еткен Айтбайдың «Махаббатым менің», «Жүректегі қызғалдақ», «Ақ пен қара», «Тәуел­сіздік нұры» сияқты кітапта­ры оқырман назарын өзіне үйіреді. Айтбайдың Қарағанды қаласының 60 жылдығына арналған «Қасиетті қала», 1930 жылдардағы ашаршы­лық куәгерлері туралы «Қожахмет әулеті», «Ақ пен Қара» атты кітап­тары оның қаламы жүйрік пуб­ли­цист екенін айғақтайды. 


Елбасы туралы жазу идеясы қайдан келді? Бұған не түрткі бол­ды? «Қазақ мемлекеттік уни­вер­ситетінің Журналистика факуль­те­тін бітіргеннен кейін жолдама­мен Қарағанды облысына келдім. Сол кезде осы өңірдің барлық мекендерін аралап, адамдарымен таныстым. Соның арасында мен үшін Теміртаудың орны ерекше болды. Теміртауға әр барған сайын Елбасы жүріп өткен жолдарды көргендей болып, көп дерек жинап қайтатынмын. Соның бәрі менің шығармашылық қоржынымда жинақтала берді. Ақырында Елба­сы туралы қалам тартуға бел будым. Алғашқыда Теміртаудың бүгіні, ондағы өндіріс мәселелері, еңбеккер адамдары туралы жазып жүрдім. Сол уақыттары Елбасы­мыз­ға қатысты жайлар алдымнан жиі шығып жүрді. Бірте-бірте блокнотымда осы тақырып аума­ғында біраз деректер жиналып қалғанын байқадым. Елбасының өзі жазған естеліктерде, сондай-ақ әр жылдарда берілген сұхбаттарда оның дос-жолдастары туралы көп айтылады. Сол адамдардың бір­қа­та­ры­мен кездестім, өткен жылда­рына ой жүгірткіздім. Солардың бірі — Қабидолла Сарекенов. Ол қазіргі Батыс Қазақстан облысына қарасты Шыңғырлау ауданының Шоқтоғай ауылында дүниеге келген. Ол қазақ жастарын Маг­нит­каға жұмыс істеуге шақырғанда Днепродзержинскіде болашақ Президентпен бірге екі жыл оқып, сосын құрыш қорытуға бірге кел­ген. Бір бригадада жұмыс істе­ген. Тіпті олар бір бөлмеде тұрған. Кейін домнаның балқыту техноло­гия­сы бойынша докторлық дис­сер­тация қорғаған ол Қазақ­стан­ның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанады. Ол өткен күндер туралы өз естелігінде: «Сұлтанның ата-анасы Алматының апортын пошта арқылы жіберетін, соны таласа-тармаса жеп, мәз болатын­быз» деп бір ақтарылды. Қазақ­стан­ның тұңғыш Сыртқы істер министрі болған Төлеутай Сүлей­менов бізге 1959 жылы Қазақстан Магниткасына келіп, алғашқыда Магнитогорскіде кәсіптік маман­дықты игеріп, сосын домна цехында жұмыс істегенін айтты. Ол Нұрсұлтан Әбішұлымен екеуі екі бригадада жұмыс істесе де, бір-біріне ауысымды тапсырып жүріп­ті. Төлеутай Ысқақұлы маған Нұрсұлтан Назарбаевтың Хель­син­­киде өткен жастар мен сту­дент­тердің Бүкілдүниежүзілік фестиваліне делегат болып қаты­сып қайтқаны жөнінде де әсерлі әңгімелеп берді. Шымкент облы­сының Сайрам ауданында дүниеге келген Сатыбалды Ибрагимовтың тағдыры да осы жолдастарына ұқсас. Ол да Днепродзержинскінің №8 техникалық училищесінде білім алады. Әрине, болашақ Пре­зи­дентімізбен осында жолығады, жақсы дос болады. Олардың 1960 жылы бірге түскен фотосуреті де маған ерекше әсер қалдырды. Сатыбалды ағамыздың да ақтары­лып айтқан сырлары мен үшін үлкен олжа болды. Бір сөзбен айтқанда, болашақ Елбасының маңында болған көптеген адамдар­мен кездестім, олардың қай-қайсы­сы да іштеріне сыр бүгіп қалған жоқ. Сол адамдардың әрқай­сысының ауыздарынан шық­қан жылы лебіздер менің жүрегімді тебірентті. Және сол кісілердің де қандай жандар еке­ніне көзімді жеткіздім. Қазақ­станның еңбек сіңірген металлургі, «Құрмет» орденінің иегері Алтын­бек Асанов мартен цехында еңбек етіп жүргенде футболды шебер ойнаған екен. Содан «Қазақстан Магниктасының Пелесі» атанып­ты. Елбасы да онымен кездескен сайын «Оу, Пеле, амансың ба?» дейді екен. Осы бір ерекше адам «Тағдырым маған Магниткадан сүйікті жар кездестірді. Жәмила жеңгең бір қыз, екі ұл сыйлады» деп сырын да айтты. Металлург Жанас Арысов «Нұрекеңмен 1960 жылдың жазына таман таныстым. Оның бір қасиеті — өмірінде жал­ғыз жүрмейді, қасында міндетті түр­де жолдастары жүреді. Көңіл­сізденіп, не бір нәрсені ойлап, тұн­жы­рап жүргенін көрген емес­пін, керісінше, жарқылдап күліп жүретін» деп талай әңгіме шертті», – дейді Айтбай.

Елбасының өмір жолы туралы кітап жазу оңай емес. Журналист арнайы іссапармен ТМД елдерінің біраз қаласына барады. Мәскеуге барғанда Талдықорған қаласында дүниеге келген, Қарағанды метал­лур­гия комбинатының бас дирек­торы қызметін атқарып, КСРО Қара металлургия министрі, Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасы­ның бірінші орынбасары болған, Тауар өндірушілер одағының президенті қызметі тізгінін ұстаған Олег Сосковецпен жолығады. Ол Айтбайды Ресей Федерациясы Президентінің іс басқарушысы Павел Бородинмен таныстырады. Бұл кісі де Қазақстан, Елбасымыз туралы жүрекжарды пікірін біл­діреді. 1987-1991 жылдары КСРО Қорғаныс министрі болған Кеңес Одағының маршалы Дмитрий Язовпен кездесу де есте қаларлық оқиға. Язов Қазақстан дегенде екі көзінен ұшқын атып, жүзінде қуаныш нұры ойнап, қазақ елі мен жері жөнінде көп әңгіме айтады. Елбасы туралы «Мен Орта Азия әскери округін басқарған тұста онымен тез таныстым. Өйткені ол әскери істі жақсы көрді, бірнеше рет Отарға бірге бардық. Мені таңғалдырғаны, оның әскери іске деген құштарлығы, қызыққаны еді. Армиядағы не бөлімшелердегі әскерилерді ол жатқа білді» деп біраз әңгіме шертеді.

Айтбай Сәулебек өз кітабында Елбасының сегіз қырын ашады. «Мәселен, бірінші қыры — қалам­гер­лігі деп таныдым. Ол оныншы сыныпта оқып жүргенінде аудан­дық «Коммунизм үшін» газетінде «Оның қуанышы» атты шағын мақаласын жариялапты. Кейіпкері — бала кезден бірге өскен досы Әуесхан Әжібаев. Әуесхан зерек, жақсы оқумен қатар колхоз жұмы­сына да белсене қатысады екен. Оның қуанышы — сайлауға алғаш рет қатысатыны. Міне, осы жайды жас тілші қаламына арқау етіпті. Содан кейін Нұрсұлтан Әбішұ­лы қолынан қаламын тастама­ған. Бұған бірер дәлел келтіре кетейін. 1962 жылы 28 ақпанда республика­лық «Лениншіл жас» газетінде «Қазақстан Магниткасына келің­дер!», 1968 жылы 19 қыркүйекте «Темиртауский рабочий» басылы­мын­да «Первый чугун» мақаласы жарияланыпты. Сол тұстарда оның «Орталық Қазақстан», «Со­циа­­листік Қазақстан», тіпті «Прав­да» газеттерінде шыққан мақа­лаларын да таптық. Елбасы­ның қалған жеті қыры деп — алғырлығы, өнерпаздығы, қайсарлығы, көре­ген­дігі, достыққа беріктігі, ата дәс­түрге адалдығы, даналығы тура­лы ойларымды тараттым. Әрине, мұның барлығын ойдан шығарғаным жоқ. Өзім әңгіме­лескен, сырласқан адамдар­дың ой-тұжырымдарын осы сипатта­маларыма негіз етіп алып отырдым. Президентіміздің әртүр­лі жиын­дар­да, кездесулерде аузынан шық­қан даналық сөздерін де келтіріп отыруды дұрыс сана­дым. «Қазақ­тың бәрі де бір-біріне ағайын», «Ел бірлігі — ең асыл қасиет», «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйы­рады», «Бірлігі жақсының тірлігі тапшы болмай­ды» деген сияқты нақыл сөздер осы кітапта жинақ­талған», – дейді.

Елбасы туралы жазуға өмірде көрген-түйгені мол, азулы журналистің ғана дәті барады. Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақ­станның Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы, сарабдал саясаты мен батыл шешімдері арқасында ширек ғасыр ішінде елімізді барлық жағынан өркендете білген көреген саясаткер.   Оның, әсіресе, ұлтаралық, дінаралық келісім мен бейбітшілікті сақтаудағы бітімгер­лік рөлі елдің халықаралық қауым­дастық алдында абыройын асқақ­татты. Елбасы туралы жазылған том-том кітаптар оның тәуелсіз мемлекет құрудағы еңбегін, өмір жолын, адамгершілік, қайраткер­лік қырларын суреттейді. Сондай туындылардың қатарында Айтбай Сәулебектің де еңбегі ерекше сүбелі деуге болады.

Мемлекет басшысының ерен еңбегін таразылау – жауапты тірлік. «Бұл тақырыпты игеруге іштей мол дайындықпен келдім десем де, көп қобалжығаным рас. Әсіресе, 2011 жылы «Елбасының алтын бесігі» атты тарихи-деректі кітапты жазғанда қатты қиналдым. Қателікке бой ұрып қалмасам екен деп қобалжыдым. Сосын бұрын-соңды жазылғандарды қайталамау­ға тырыстым. Өзімше жол іздедім. Тарихи еңбек болғандықтан, сұхбат алған кісілерімнің сөздерін таспаға түсіріп, қағаз бетіне хаттап отырдым. Сұхбаттастарымның айтқандары мен мұрағаттағы құжаттарды салыстыра отырып, олардың арасында алшақтық болмауына ден қойдым. Сонымен, «Құрыш тұлға» атты кітабым оқырманыма жол тартты. Бұл менің журналистік жолымдағы бір белесім, өзіндік асуым іспетті», – дейді Айтбай ағынан жарылып.

Қазақстан Президенті сыйлы­ғы­ның, «Құрмет» орденінің иегері, ондаған кітаптың авторы Айтбай Сәулебектің есімі республикаға кеңінен танымал. Оның «Ғарыш-
та – қазақ!», «Ақ пен Қара», «Тәуел­­сіздік нұры», «Жүректегі қыз­ғал­дақ», «Махаббатым – өз жүрегім», «Елбасының алтын бесігі», «Золо­тая колыбель Пре­зи­дента», «Тари­хы терең Тарто­ғай», «Қасиет­ті қала», «Қамшысөз» тәрізді туын­ды­ларын талай адам жата-жастана оқыған да болар-ау.

Айтбай – публицист, жазушы, ақын. Айтбай Сәулебектің Маң­ғыс­таудағы пір Бекет ата, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан журналистерінің ұстазы Шерхан Мұртаза, қазақ елі мен жерінің тәуелсіздігі үшін аянбай күрескен ерлеріміз Ақжолтай Ағыбай мен Төлек Жәуке батыр, қазақтың тұңғыш ғарышкері – Тоқтар Әубәкі­ров, ғұлама ғалымдар Ақжан әл-Машани мен Евней Бөкетов, әлемдегі 100 атақты ғалым­ның бірі, «ХХ ғасырдың аса көрнекті адамы» атанған Темірғали Көкетаев, Қарқаралы аудандық газетінің тұңғыш редакторы, 1937 жы­лы «халық жауы» деген жаламен атылған Медеш Оралдиев, Ұлы Отан соғысының ардагері, барлау­шы Зайролла Нығматулин, ақындар Еркеш Ибрагим, Шынбо­лат Ділдебаев, Нұртас Исабаев, сазгер-әнші Жақсыкелді Сейілов, тұңғыш гитарисіміз Қорабай Есенов тәрізді талантты тұлғалар туралы эсселері өте тартымды дүниелер.

Тәуелсіздік – Тәңірдің бізге берген сыйы. Осы жылдарда Айт­бай Сәулебек тек елдің жайын жазып келеді. Атпал азаматтың жүрегі қашанда ел деп соғады. Айтбай қазақ баспасөзінде ғана емес, әдебиетте де әдеби-көркем шығар­маларымен танылған қалам­­гер. Қаламы мен қағазын жанына серік еткен Айтбайдың «Махабба­тым менің», «Жүректегі қызғалдақ», «Ақ пен қара», «Тәуел­сіздік нұры» сияқты кітапта­ры оқырман наза­рын өзіне үйіреді. Айтбайдың Қарағанды қаласының 60 жылды­ғы­на арналған «Қасиетті қала», 1930 жылдардағы ашаршы­лық куә­герлері туралы «Қожахмет әулеті», «Ақ пен Қара» атты кітап­тары оның қаламы жүйрік пуб­ли­цист екенін айғақтайды.