Айжан Есмағамбетованың еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері лауазымына тағайындалғанына екі ай ғана уақыт өтті. Алайда осы қысқа мерзімде ол қарша бораған сынның астында қалды. Пандемия жағдайында елді жатқызып-өргізер ғаламат құзыры бар шенеунікті мемлекеттік тілді жөнді білмегені үшін қазақ тілді жұртшылық жақтырмай қалды, - деп жазады inbusiness.kz. Мысалы, жеке продюсерлік орталығының жетекшісі Ертай Нүсіпжанов мемлекеттік тілге бейім тұратын бұрынғы бас санитарлық дәрігер орысша дұрыс білмегені үшін орнынан кетті деген де болжам айтты. «Жандарбек Бекшин наконец-то деп орысшасынан сүрініп еді, жұрт жамырап күлді. Мазақ етті. Ақыры қызметінен құлап тынды. Қызмет жолын қарасаңыз, бар еңбегін санитарлық салаға арнаған кісі. Өте білікті, таптырмас маман. Қазіргі бас санитарлық дәрігерге қарағанда медицина ғылымының кандидаты деген дәрежесі бар, ғылыммен айналысқан адам. Әрі еңбек өтілі Есмағамбетовадан кемінде он жылға артық. Сонда бұл кісінің бар кінәсі орысшадан қателескені ме? Өзінің ана тілінде екі сөздің басын құрай алмай былжырап тұратындардың қасында Бекшиннің орысшадан шатасуы кешірілмейтін қандай «күнә» екен сонда? Орысша білу қай заңда міндеттелген? Неге біз өз-өзімізді орға жыға береміз?» – деді продюсер. Ол қызметке тағайындалғалы бері Айжан Есмағамбетованың халық алдында қазақша сөйлемегеніне назар аудартты. «Өз басым бұл ауыс-түйісті қазақ тілін кемсіту деп білем. Орыс тілінің үстемдік етіп тұрғанын байқатты. Былайша айтқанда, қазақ тілін орыс тіліне жығып бердік. Әйтпесе, қазақша білмегені үшін қай шенеунік жазаланып еді? Қазақша бір сөзі түсініксіз Гүлжан Қарағұсова да жүр жайраңдап... Қазақ тілінің мәртебесін қорғап жүрген кейіп танытып, ал іс жүзінде орыс тілінің дәурені жүріп тұрғанын ешқайсысымыз да ұғып жүрген жоқпыз», – деп өкінді ол. Нұр-Сұлтан қалалық Тіл басқармасы жанынан құрылған жұмыс тобының мүшесі, Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығының құқық департаментінің директоры Жандос Өстемір тіпті Есмағамбетованың үстінен Үкіметке шағым жолдаған екен. Онда ол Ата заңның 7- бабына және «Тіл туралы» заңының 4-бабына сәйкес, Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі екенін ескертеді. Ел Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы жарлығымен бекітілген мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіне (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) сәйкес, шенеуніктердің барлығы қазақ тіліне құрметпен қарауға, өзінің іс-әрекетімен, мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, орынды сынды кемшіліктерді жою, өз қызметін жақсарту үшін пайдалануға міндетті. «Ал енді қараңыз: ТЖ мен карантин шаралары орнаған заманда бас санитарлық дәрігер мемлекеттік тілде халыққа қажетті ақпарат бермей отыр. Айжан Есмағамбетованың мемлекеттік тілде берген бірде-бір брифинг, сұхбатын көрген емеспін. Мысалы, тағайындалған соң 6 сәуір күні ол коронавирусқа қатысты брифинг өткізді. Сонда 11 минут бойы тек көрші Ресейдің мемлекеттік тілінде ақпарат берді, ал біздің мемлекеттік тілде бір ауыз сөз айтпады. Бұл қалай сонда?! Қазақ тілін ғана білетіндер вирустан арам қата берсін дегені ме? Мемлекеттік тілге құрметі қайда?» – дейді ол. Расында, бас санитардың бұл тірлігі халықтың үлкен сынына ұшырады. Тіл жанашырлары Есмағамбетованың осы қоғамдық сынға жауап бермегеніне, елеусіз қалдырғанына қынжылыс білдіреді. Кешірім сұраса да артық болмас еді. Бәлкім, тіл білмейтін бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қазақша айтылған сынды түсінбейтін шығар. Қалай болғанда, оның атынан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жауап берді. Ол қазақ тілді азаматтардың Есмағамбетоваға қатысты айтып жатқан барлық сыни пікірімен келісетінін мәлімдеді. «Біз бұл пікірлермен келісеміз. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер өткізген брифингтерде сұрақтардың басым көпшілігі орыс тілінде қойылатындықтан, ол сол тілде жауап беріпті. Сонымен қатар, Қазақстан Конституциясының 7-бабының 2-тармағында және «Тiл туралы» заңының 5-бабында мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деп айтылғанын атап өткім келеді. Қазіргі уақытта Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова өзінің осы кемшілігін жоюға және мемлекеттік тілді білу деңгейін жетілдіруге барлық күш-жігерін жұмсауда», – деді министр Елжан Біртанов. Бұдан бір нәтиже шықса игі. Кейбір сарапшылар пандемия жағдайында тиімділігін көрсетсе, Айжан Есмағамбетова кейін денсаулық сақтау саласын басқаруы да мүмкін деген болжам айтады. Егер жорамал шындыққа айналса, келешегінен үміт күттіретін қазақ әйелінің өз тіліне шекеден қарамай, терең меңгергені абзал. Әйткенмен, кезінде 13 жыл бойы табан аудармай Конституциялық кеңестің төрағасы болған Игорь Рогов осындай сын-ескертпелерге жауап ретінде мемлекеттік тілді белсенді меңгеріп жатқанын айтатын. Алайда тілімізді қолданбаған күйі зейнеткерлікке шығып, жеке секторға кетті.