Нұр-Сұлтандағы Есіл өзенінде балықтар жаппай судың бетіне шықты. Сондықтан мамандар сынамалар алып, су сапа стандарттарына сәйкес келмейтінін анықтады.
Қазгидрометтің мамандары балықтардың жаппай су бетіне шығуын анықтау үшін Есіл өзенінің үш жерінен сынама алған болатын.
Бірінші күннің талдау нәтижелерінде нормадан ауытқулар табылмады. Судың сапасына талдау 42 физика-химиялық көрсеткіш бойынша жүргізілуде.
Кейін, оттегіні химиялық тұтыну 37,1-47,2 мг/дм3 мөлшерінде екені анықталды. Бұл – шекті нормадан 1,1-1,3 есеге көп. Мұндай жағдай суға сынама алынған барлық нүктеде байқалған.
«Ақпарат Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне жіберілді» делінген ресми ақпаратта. Тексеру жалғасып жатыр.