Баспанамен қамтамасыз ететін мекемелер біріктіріліп, бір орталықтан басқарылады
Баспанамен қамтамасыз ететін мекемелер біріктіріліп, бір орталықтан басқарылады
Фото: Интернеттен алынды
247
оқылды
Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды. Заң жобасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту бойынша іске асыру мақсатында әзірленген. «2000 жылдан жұмыс істеп келген «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-тың негізгі міндеті – ипотекалық облигацияларды шығару арқылы екінші деңгейдегі банктерді қайта қаржыландыру. Осылайша, ипотекалық қарыздар бойынша талап ету құқықтарын сатып алу және ипотекалық қағаздар шығару екінші деңгейдегі банктерге кредит ресурстарын тез қайтаруды және өтімділікті, сондай-ақ ипотекалық кредиттердің ел азаматтарына қолжетімділігін қамтамасыз етті», – деді сенатор Әлімжан Құртаев. Сонымен қатар, ол 2008 жылы құрылыс саласы үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Бәйтерек девелопмент» АҚ құрылғанын еске салды. Бүгінде «Бәйтерек девелопмент» АҚ негізгі қызметі револьверлік қаржыландыру қағидаты бойынша жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алу тетігі арқылы «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамуының мемлекеттік бағдарламасы аясында жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға арналған. Бұл қосымша ресурстар бөлмей жаңа құрылысты жүзеге асыруға мүмкіндік береді. «2016 жылы тұрғын үй құрылысындағы үлестік салымдардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ құрылған. «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ негізгі қызметі – тұрғын үй құрылысын аяқтауға кепілдік беру. 2017-2019 жылдары кепілдік міндеттемелер көлемі 154,7 млрд теңге болды», – деді депутат. Оның айтуынша, заң жобасы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ көрсетілген еншілес ұйымдарының қызметін біріктіруге, сондай-ақ бүгінгі күні іске асырылып жатқан «Даму» АҚ құрылыс салушыларды субсидиялау құралын біріктіруге, қайталанатын функцияларды алып тастауға және жалпы әкімшілік шығыстарды қысқартуға бағытталған. Атап айтқанда, тұрғын үй бағдарламаларының үш операторын біріктіру ескерілген. Сонымен қатар, заң жобасымен Бірыңғай оператордың келесі қызметтері реттеледі: жергілікті атқарушы органның (ЖАО) уәкілетті ұйымдарына, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылыс салушыларға кредит беру; жеке құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялау. Мұнымен қоса, бірыңғай оператордың келесі қызметтері бекітіледі: ЖАО облигацияларын сатып алу тетігі арқылы қаржыландыруды қоса алғанда, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру және инвестициялық жобаларды іске асыру; құрылысты аяқтауға кепілдік беру арқылы халықтың үлестік салымдарының сақталуын қамтамасыз ету; кейіннен сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй беру. «Заңды қабылдау нәтижесінде Бірыңғай оператор ипотекалық кредит беру және жалға берілетін тұрғын үй беру, үлестік тұрғын үй құрылысын дамыту тетіктері, сондай-ақ құрылыс саласы үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы ел халқына тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын болады. Заң жобасы бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді және теріс құқықтық әрі әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқпайды», – деді Әлімжан Құртаев. Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған құжат биыл сәуір айында Парламент Мәжілісінде мақұлданды. Заң жобасы тұрғын үй бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған операторлары «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-ты, «Бәйтерек девелопмент» АҚ пен «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ-ты Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы етіп біріктіруге бағытталған.