Президент Арысқа келді (видео)
Президент Арысқа келді (видео)
345
оқылды

Төтенше жағдай орын алған Арыс қаласына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп, жағдаймен танысты және тұрғындармен кездесті.

Мемлекет басшысы құзырлы органдарға тұрғындар үшін тиісті көмекті күшейтуді тапсырды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Президентке орын алған жағдайды баяндаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жедел түрде арнайы штаб құрылғанын, арыстықтардың жаппай қауіпсіз жерге көшірілгенін және басқа да жағдайларды жеткізді.

Апатты жағдай бойынша Ордабасы ауданы, Төреарық елдімекеніндегі Тәуке хан мектебіне көшірілген тұрғындармен кездесуде мемлекет басшысы халықты сабырға шақырып, оларға көмек болатынын айтты.

– Қала қалпына келтіріледі. Бәрі жақсы болады. Тек, сабыр етіңіздер! Бұл – төтенше жағдай. Қайтеміз, кейбір уақытта осылай болады. Бұған Үкімет арнайы қаражат қарастырады. Көмектеседі. Алаңдамаңыздар. Жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Үкімет қаражатты есептейді, сосын,  бөлеміз. Бәрін түсініп, әдейі келіп отырмын, – деді Президент.

Айта кету керек, Арыстағы апатты оқиға басталғаннан соң араға көп уақыт өтпей облыс әкімінің өзі қаланы толықтай аралап шыққан болатын. Атап айтқанда, балалар бақшасы, қалалық аурухана, аудандық ішкі істер бөлімі ғимараты, тұрғын үйлерді өз көзімен көріп, келтірілген шығынды есептеуді тапсырды.

Осыған орай, жақын маңдағы ауылдық округтер мен аудан орталықтарында 15 эвакуациялық бөлімшелер ашылды. Эвакуациялық бөлімшелерінде тіркелген адам саны – 2218. Зардап шеккендер ас-ауқатпен және уақытша баспанамен қамтамасыз етілді.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхамбетовтың басшылығымен Ордабасы ауданы, Ақжол ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте және Арыс қаласында қала әкімі Мұрат Қыдырбековтың басшылығымен екі штаб ашылды. Штаб құрамына облыс және қала әкімдігінің басқармалары мен жедел қызметі жұмылдырылды.

Сондай-ақ Ордабасы және Отырар аудандарында 2 госпиталь да жұмыс істеуде.

Соңғы мәліметке сәйкес, Арыс қаласында зардап шеккендер саны 52-ге жетті. Оның 34-і ауруханаға жеткізілді. Үш адам ауыр жарақат алса, бір адам қайтыс болды.

Бөген су қоймасы үнемі бақылауда болғандықтан, одан келер қауіп жоқ.

Қазіргі таңда арыстықтарға көмек көрсету мақсатында, облыс әкімдігі жанындағы «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қорының есеп-шоты ашылды.


https://youtu.be/HnJaKelFKxQ

Мемлекет басшысы Арыс қаласын аралап шықты.

Қаланы айналып шығу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс салдарынан қатты қираған тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандарын аралап көрді.

Қазақстан Президентіне эвакуация жұмыстарының барысы және жарылыс ошақтарын тоқтатып, өртті сөндіру жөнінде мәлімет берілді.

Мемлекет басшысы Ішкі істер органдарының, Қорғаныс министрлігінің, жергілікті атқару органдарының қызметкерлеріне ризашылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев бір күннің ішінде өте ауқымды жұмыс атқарылғанын айтты және жұмыстардың осы қарқынын бәсеңдетпей, жалғастыра беруді тапсырды.


Естеріңізге сала кетейік, Арыстағы жарылыс бойынша 24 маусым сағат 09:20-да өртсөндіру қызметіне Арыс қаласындағы №44856 әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болып, өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің басшылығымен шұғыл топ құрылып, Арыс қаласына барып тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Дегенмен, әлеуметтік желілер арқылы әлде де кейбір жалған мәліметтер тарап жатқанына қатысты Түркістан облысы ТЖД арнайы мәлімдеме берді.

«Құрметті аудан тұрғындары! Қазіргі уақытта Түркістан облысында әлеуметтік желілер арқылы  10-баллдық жер сілкінісі қауіпі бар деген жалған мәліметтер таратылуда. Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті бұл ақпараттың жалған екенін хабарлайды», – делінген Түркістан облысы ТЖД-нің Шұғыл штабының ақпаратында.