Адамнан қулық та, сұмдық та артылмаған ғой. Көкшетаудағы педагогика қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған «Өрлеу» институтының экс-директоры әрі қалалық маслихаттың экс депутаты Еркін ЕСІМБАЕВ қандай қулыққа барды деп ойлайсыз? Ойланыңызшы? Жамаан қу кісі екен. Қалай ойына келді десеңізші? Ешкім білмей қалады, назарларына ілмей қалады деп ойлады ғой, ә? Солай ғой, деймін? Сонымен, Ерекең қандай қулық ойлап тапты дейсіздер? Ойланыңыздаршы? Он минөт… Бір, екі, үш... он... Таппадыңыздар ә? Мен айта салайыншы? Айтайын ә? Өй, ол өзі басшылық ететін мекемеге жұмыс істмейтіндердің аты-жөндерін жазып, бұйрық шығарып, «айлықтарын» алып келген ғой. Мәселен, бір жұмыс орны босай қалса, танысын, немесе танысының танысын «жұмысқа қабылдай» салады. Ол адамның өзіне тиесілі басқа жұмысы бар, басқа салада жұмыс істейтіні Ерекеңнің қыртына да кірмейді. Бір күні ол әйелін оңашалады. – Жаным, бірдеңе айтайын ба? – Айта салшы? – Ешкімге айтып қоймайсың ба? – Шайтандарды шайға шақырып, әңгіме етеді деп ойлайсың ба? – Хім... – Айта берші? – Хім... – Не болды? – Не ғой... – Немене, не ғой? – Әй, бірақ, астыңдағы «джипіңе, қойныңдағы қатыныңа сенбе!» деген. – Туу, маған сенбейсің бе, не? – Бәрі өзіміз үшін, бала-шағамыз үшін деп жатқаным ғой. – Айтшы енді? – Айтсам былай, сені жұмысқа тіркеп қоямын. – Сенде жұмыс істеймін бе? – деп қуанды әйелі. – Жоға. Жұмысқа бармайсың. Айлығыңды алып отырамыз. – Ойебай, біліп қойса ше? – Сен аузыңды жыбырлатпасаң болды! – Болды, отағасы, айтсаң болды! Ерекең әйелін де «жұмысқа қабылдай» салды. Айлық деген жүріп жатыр. «Мынауың керемет болды!» деп әйелі аузын басып, күліп жатыр. Енді Ерекең ерігіп жүрген жоқ қой? Бала-шағаның қамы емес пе, бәрі? Онда тұрған не бар? Босаған орындарды оңтайлы пайдалана білу керек! Әбден дәнігіп алған бастық қызын да оңашалады. – Қызым, аузың жабық қой? – Қалай сонда? – Біреуге бірдеңе деп жүрмейсің бе? – Пап,о не дегеніңіз? – Сені біздің мекемеге жұмысқа аламын. – Урраааа! – Уралай берме, былайша бос орынға аты-жөніңді жазып, бұйрық шығара саламын. Жұмысқа бармайсың, айлық жүрсе болды. Қызы жым болды, әкесінің айтқаны зың болды. Осылайша, ол бірнеше жыл бойы мемлекеттің 20 миллионнан астам қаржысын қалталастарымен қалтасына басты. Бірақ, кейін бәрі белгілі болып, Ерекеңнің құты қашты. Бірігіп алған арам ақшаларды кінәлілер мемлекетке қайтарды. «Есімбаевқа 5 жылға шектеу жазасы белгіленді. Яғни, құқық қорғау органының рұқсатынсыз қала аумағынан көрсетілген мерзімге дейін шыға алмайды.Дәмхана, мейрамхана, клуб секілді қоғамдық орындарға баруға тыйым салынады. Сондай-ақ, өмір бақи мемлекеттік мекемелерде, 50 пайыз акциясы мемлекетке тиесілі өзге де ұйымдарда жұмыс істей алмайды. Депутаттық мандаттан айырылады», – дейді Көкшетау қалалық сотының судьясы Қайрат ХАСЕНОВ. Сауап болыпты!
Ратқұм МІРЕШ