Күлкі? Күлкі! Күлкі...
Күлкі? Күлкі! Күлкі...
Күлеміз-ау! Неменеңе жетісіп кү­ле­­сің? Бірдеңені білесің, білгеннен соң кү­лесің. Жарықтық Қожанасырдың әйелі: – Ашқұрсақ боп қашанғы отырамыз, ел аралап мал тауып кел! – деп күйеуін сапарға шығарып салса керек. Ала дор­басын арқалап бір ауылға келсе, онда­ғылар: – Кімсің? – деп қабылдай қоймапты. – Танымай тұрсыңдар ма? Басым­­дағы сәлдеге қарамайсыңдар ма, мен – Қожамын. – Өз ауылымызда да сәлдесін сәндеп ораған Қожалар жетіп артылады., шы­рағым! – деп келген ізімен кері қайта­рыпты. Қайда барса да – сол, сәлдесін көреді де сәлемін алмай қашқақтайды. Жүні жығылған Қожекең бір ауылдың іргесінен өтіп бара жатса қаумалаған қалың жұрт тірі түлкіні ұстап алып, қалай өлтірудің амалын қарастырып жатыр екен. – Бықпырт тигендей ауылдың тауы­ғынан тауық қоймады. Қу түлкінің са­зайын береміз қазір! – дейді жұрт. – Бұлғаңдаған бұл түлкіні мен жазалайын, - дейді Қожекең. – Е, мақұл. Қалай өлтіресің? Түлкінің басына өзінің сәлдесін шандып орайды да қоя береді. – Оу, бұ қалай? Жазалағаның осы ма? – Қай ауылға барса да басындағы сәлдесін көргендер елдің маңына жо­латпайды мұны! – депті Қожанасыр. Күлесің бе? Күлесің. Неменеңе жеті­сіп күлесің? Таяуда ҚР Президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде жиын өтті. Қазақстанда жем­қорлықтың дендеп кеткеніне алаңдау­шылық білдіріп, оның қоғамға қауіпті дерт екенін айтты. «Жыл сайын Қазақ­станда орташа есеппен 2 мыңнан астам жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі. Батпандап кіріп, мысқылдап шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін» деді. Жемқорлықтың тамырына балта шаппаса, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан кел­тіретінін айтып, бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып күресуге шақырды. Енді не істейміз? Қолында мөрі бар, отыратын төрі бар басшылардың басына Қожанасырдың сәлдесін орап қоямыз ба? Жейтін жерге жолатпай-ау сонда? Әй, қайдам? Олардың обыр екенін қайдан білеміз. Опырғасын барып опы­намыз. Одан не қайыр? Біз, сықақшылар қауымы, сынаймыз, мінейміз. Кейіпсіз кейіпкерді ел алдында мазақ етіп, күлкі қыламыз. «Ештеңеден қо­рықпайтын адам күлкіден ғана қор­қады» дейміз. Расында да солай ғой. Қанша жемқор болса да халықтың алдында қарабет болудан қаймығатын шығар-ау? Ежелден екі езуіне күлкі үйірілген халқымыз күлкінің бағасын біліп, ба­ғамдаған. Ғұламалардың бағамдауынша қалай күлгеніне қарап кісінің – әдептілігі, неге күлгеніне қарап – оның парасат-пайымы мен ақыл-өрісі танылады. Қазақ «Неменеңе жетісіп күлесің?» деді. Семсер тілді Сейіт Кенжеахметұлы «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» дейді. Орақ тілді Оспанхан ағамыз ше? «Шырағым, жырқ-жырқ етпей шын күле көр» деді. Сонда күлкінің өзі өтірік күлкі, шын күлкі деп екіге бөліне ме? Жалпы, күнделікті өмірдегі күлкінің түрі қанша? Сараптайықшы. – Қарқылдап күлу. – Тарқылдап күлу. – Сақылдап күлу. – Жырқылдап күлу. – Кеңкілдеп күлу. – Селкілдеп күлу. – Сықылықтап күлу. – Жымиып күлу. – Кекесінмен күлу. – Миығынан күлу. – Мысқылдап күлу. – Мырс-мырс күлу. – Өтірік күлу. – Жылмиып күлу. – Сыпайы күлу. – Шек-сілесі қатып күлу. – Мазақтап күлу. – Бос күлкі. – Бояма күлкі. – Мақау күлкі. – Мағыналы күлкі... Күлкісіз көңіл – құлазыр. Онсыз өмір жоқ. Қара сөздің хас шебері Әбіш Кекілбай ағамыз да күлкінің түрлеріне ыждағатпен қараған. Жіліктеп жіктеген. Өз шығармаларындағы әзіл-күлкі әрқилы. Мысалы... – Тәкәппар күлкі. – Жұмбақ күлкі. – Сиқыр күлкі. – Монтаны күлкі. – Жымсиған күлкі. – Болмашы күлкі. – Жымың күлкі. – Жымысқы күлкі. – Күмілжі күлкі. – Сылқ-сылқ күлкі. – Ду-ду күлкі. – Қыран-топан күлкі. – Қылмың-қылмың күлкі. – Жылмың-жылмың күлкі. – Бүл-бүлк күлкі. – Ашық күлкі. – Ұры күлкі. – Сілімтір күлкі. – Жымиған күлкі. – Қарқ-қарқ күлкі. – Әдемі күлкі. – Сыпайы күлкі. – Ха-ха-хау күлкі. – Сақ-сақ күлкі. – Дуылдаған күлкі. – Кекесін күлкі. – Тыжырынған күлкі. – Жексұрын күлкі. – Қарқылдасқан күлкі. – Жайдары күлкі. – Жайсаң күлкі. – Қуақы күлкі. – Кеңкең күлкі. – Лақылдақ күлкі. – Сылқылдақ күлкі. – Лекілдек күлкі. – Мәз-мейрам күлкі. – Марғау күлкі. – Масат күлкі... Енепат күлкіні елеп-екшедік. Осымен күлкінің түрлері тәмәм ба? Жоқ. Күлкінің бір пұт бүтін бидайын сатираның диір­менінен өткізіп ұн қып ұгтақтап шығар­ған Үмбетбай Уайдиннің көзімен қара­йықшы. Сатира сарабдалы күлкіні елек­тен қалай қалай өткізген. Күлкінің керегі қайсы, кебегі қайсы? – Мысқыл күлкі. – Мыстан күлкі. – Сайқал күлкі. – Сайқымазақ күлкі. – Кісі өлтіретін кісінеген күлкі. – Күнкөріс күлкі. (Анаған да мынаған жалтақтаған). – Қошамет күлкі. (Анау күлсе де мынау күлсе де қоштап...). – Таба күлкі. – Кеңкілдеген кеуек күлкі. – Тарқылдаған дарақы күлкі. – Жылуы жоқ жырқыл күлкі. – Жылмиған жым-жырт күлкі. – Жол айдап шеттен келген «импорт» күлкі. – Пәтуасыз-парықсыз ит-ыржың күлкі. – Қыңсылаған күшік күлкі. – Қысылғанда келе қалатын көкжөтел күлкі. – Залым күлкі, жарым күлкі. – Идея-сюжеті арамдыққа құрылған алдамшы күлкі. – Біреуден құтылғанша асығатын шығарыпсалма – «ал жақсы, ал жақсы» күлкі. – Асып-таспа адамдарша кездесетін аспан күлкі. Баласы әскерден, алыс жолдан келгенде «құлдығым» деп жылап-күлген аналарда болатын аспан күлкіден басқа күлкі. – Жол полициясы тоқтатқан кезде шопыр ағайындарда болатын пұшайман күлкі. Көзі кіртиген кіріптар күлкі. – Айыбын амалсыз мойындаған ағайындарда болатын мүсәпір күлкі. – Келіншегі қалтасын қарап ... андай-мыңдай тауып алғанда көп ер-азамат­тардың басында болатын ыржаң-ыр­жалақ күлкі. – Семіздерді семірте түсетін ырқ-ырқ күлкі. – Көнілге түрлі ой салар тырқ-тырқ күлкі. – Көзі сығырайған сықылық күлкі. – «Ұстамалы» ықылық күлкі. – «Сөзі бар, көзі жоқ» ұйқысыраған күлкі. – «Ұялған тек тұрмас пен кіріп­тар­ларда және «қашан келдің, и?», «Ауыл аман ба, и?», «Үй-ішің аман ба, и?» деп шай-суға шақырудан аулақтатып кісі алдарлық күлкі. – Талқан-жармаға шашалғандай оқыс күлкі. – «Боқ жемеден» басаталатын соғыс күлкі. – Ауыздағы алтын тістердің орна­ласуына қарай болатын сәндік күлкі. – Ерін күлкі, емеурін күлкі. – Арсалаңдаған адал да аңғал адам­дар­мен балаларда болатын ақ жүрек күлкі. – Аңқылдаған ауыл күлкі. – Ыңырсыған ауру күлкі. – Жаймашуақ шайхана, асхана күлкі. – Абыройды аңқайтып ашып тас­тайтын бүкілхалықтық масқара күлкі. – «Әй, қырт, қайдан жүрсің?» деп шертіп сөйлейтін шекімай күлкі. – Айтуға ауыз бармайтын «Бетім-ай» күлкі. – Мақтаншақ мыңқылдақ күлкі. – Уа қайдасың, сәби күлкі? Қайдасың, көніліашар көнілді күлкі? Қайдасың, жан жадыратар жайдары күлкі? Жалпы, күлкінің қадірі мен қасиеті қандай? «Ынты-шынтымен бір рет күл­ген адамның өмір жасы 15 минут ұзарады» дегеннен басқа не білеміз? «Ит іші пысса үреді, адам шаршаса күледі» дейміз. Шаршаса күледі! Сұңғыла сөз. Бізді шаршататын не нәрсе? Міне, күлкінің түп-тамыры қайда? Абайға жүгінейікші, ұлы Абайға. «Алажаздай ән салып, көгал қуып гөләйттаған» шегірткені мысал етіп, мысқылдағанда айтпағы не? Жастықта бір күлгенің – бір қаралық, Күлкі баққан бір көрер бишаралық. Әуелі өнер ізделік қолдан келсе, Ең болмаса еңбекпен мал табалық.   Той болса, тон киелік, жүр, баралық, Бірімізді біріміз аударалық. Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер, Күлкіні онша күйлеп, шуламалық. Міне, хакім Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген асқақ ой, астарлы пәлсафасын түсіндік пе? Бос күлкі бордай тоздырады деп тұрған жоқ па? «Әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рақаттанып күлме, ыза болғаныннан күл, ызалы күлкінің өзі де қайғы» деді-ау. Түйсігі бар түсінген адамға ғибрат. Арғы-бергі замандағы ғұламалар мен ойшылдардың күлкі туралы пайым­дары­на құлақ асып құлық қойсаңыз көп нәр­сеге көзіңіз жетері хақ. Не дейді? «Көп күлме, өйткені күлкі жанды өлтіреді» деп ғибрат тәпсірлеген Мұхаммед (с.ғ.с.) пай­ғамбар қатты күліп отырған адам­дардың жанынан өтіп бара жатып: «Ме­нің біле­тінімді сендер де білгендеріңде, күлудің орнына жылар едіңдер» деген екен. Марк Твен: «Адамзат ең қуатты қаруға ие, ол – күлкі». Ф. Достоевский: «Кей адам күлкісімен әбден сыр алдырып қояды, сіз табан астында оның бүкіл қатпар-қалтарыстарын біліп аласыз. Тіпті даусыз ақылды күлкі де кейде жиіркенішті болады. Күлкі ең алдымен шынайылықты талап етеді». Атам қазақ «Итпен ойнасаң үрерсің, баламен ойнасаң – күлерсің» деген. Бала­ның күлкісі қандай күлкі? Шынайы күлкі. Мұқағали Мақатаев: «Ақылына айырбаста күлкіңді, Қайтесің сол күлкі деген шіркінді?! Бейқам күліп өспеген соң өз басым Бос күлкіні ұнатпаймын бір түрлі». Мольер: «Кімнің күлкісі басым болса, соның мысы да басым». Бауыржан Момышұлы: «Күлкінің жеңбейтін дұшпаны жоқ». Ата-баба мақалы: «Иә, Алла, досқа – таба, дұшпанға күлкі қыла көрме». Юрий Никулин: «Жай ғана миықтан күлгеннің өзінде миыңды жейтін микробтың біреуі өледі». Сырбай Мәуленов: Күлкі көрем көгілдір көл бетінен, Күлкі көрем аспаннан, жер бетінен. Күлкі, күлкі жан-жағым, толған күлкі, Күлкіменен дүние тербетілген.   Күлкілерде тұрғандай уақыт күліп, Күлкілерде жатқандай бақыттылық. Бірақ, бірақ күлкі бар көлгірситін, Адам ұлын дарға асып, атып тұрып.   Іштен үңгіп адамның жанын жейтін, Күлкілер бар адамды жәбірлейтін. Адал ойдың ақ ашық сәулесіндей Менің күлкім шын күлкі қадірлейтін. Оспанхан Әубәкіров: Шын күлкімен ән жазып, Нота сыздық. Апырай, Өтірік күлкі не деген опасыздық?!   Сиыспайды-ау, Ойбай-ай, сиыспайды-ау! Бұ не деген сұмпайы күлкісымақ, Езуіңмен езуің қиыспайды-ау! Бұ сорлы өтірік Қанша өрбіп ұзады екен?  (Кейде адам осындайда қызады екен)  Өтірік күлкі өліктің күлкісіндей, Адамның бет-әлпетін бұзады екен. Шын болса жылаған да жарасады, Өтірік күліп біреулер бір-бірне, Қайтіп қана бет шыдап қарасады? Шын күлкі – ұжданның ғой құлдық етер... Ағатай, жырқ-жырқ етпей шын күле гөр. Қадыр Мырза – Әлі: «Кекесін – қалжыңның немересі, әзілдің жиені. Езуінде күлкісі бар адам тегін адам емес. Ол күліп тұрғанда біраз нәрсені біліп тұрады. Күлкісі түзу адамды кедей деуге бола ма? Күлкі – көңілдің массажы. Күлкі түзелмей ұйқы түзелмейді. Көз алдыңда күлімдеген ту сыртыңнан пышақ салуға дайын. Күліп жүріп шашқаныңды жылап жүріп жинайсың. Сәбидің күлкісі, кәрінің көз жасы – қалғанының бәрі жалған. Әзіл – сүндетке отырғызылған қалжың. Өтірік – күліп сөйлейді, шындық тіліп сөйлейді. Әзілі бар адам әдемі қартаяды. Бүгін күлеміз, ертең өлеміз». «Спортлотоның» нөмірі секілді күлкі­нің де түрі неше қилы. Өз заманына «ыза­лы күлкімен» қараған Абай хакімге ден қоя­йықшы. «Ел билеуден адамның өзін-өзі билеуі қиын. Жағдайы келгенде бақ көтеріп, таққа отыру бола береді. Бірақ соның буымен өзін-өзі ұстай алмай абы­ройын ашатындар көп». Абайдың заманы өзгергенмен адамы өзгерді ме? Жоқ! Топ бастайтын «толық адам» некен-саяқ. Мем­­лекет басшысы «Ешкім де заңнан биік емес, – деді. – Қол астындағы қыз­мет­керлердің Жемқорлыққа қатысы болса, орталықта да, өңірлерде де бірінші бас­шылар тікелей жауап береді». Қызметтің қызыл күреңін ерттеп мінген ел басшы­лары етек-жеңін жинай бастаған сияқты. – Тесіктің үстінен Қозғалыпты іс. – Құритын шығар? – Тс-с-с-с... Үндеме. – Үңірейіп, Жүре береді бұл неге?.. – Сүйінші! Тесікті құртыпты: – Орнына кімді қойыпты? – Жыртықты! Күлеміз-ау! Күлеміз. Неменеңе жетісіп күлесің? Күлетін нәрсе көп болғасын күлеміз. – Қожеке, – деп сұрапты біреу әпен­діден, – сіз шайнаған сағызыңызды неге мұрныңыздың ұшына жапсырып қоясыз? – Негізі дүниең көз алдында тұрғаны дұрыс! – депті әпенді. Қанша шайнаса да май шықпайтын мемлекеттің «сағызын» қай басшының мұрнына жапсырып қоямыз? Сан-алуан күлкінің сап түзеген сарбаздары «Сатирадай қаһарлы қаруды қолдарынан түсіруге болмайды».  

Көпен ӘМІРБЕК, Қазақстанның еңбек сінірген қайраткері