Жедел штаб жұмысы жалғасады
Жедел штаб жұмысы жалғасады
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов тө­тенше жағдай кезінде атқа­рылған жұмыстар ретін таныстырып, Мемлекет басшысының тап­сырма­сына сәйкес бірқатар іс-шара қабылданғанын мә­лім етті. Оның айтуынша, қазір жұмыс қарқыны артқан, күнделікті 3 мыңнан астам тестілеу жүр­гізіледі. «Карантиннің алғашқы күн­дері ЖРВИ, пневмония ауруы бар азаматтардың бір емханаға баруы дәрігерлерге қауіп төндірді. Сол себепті науқастарды қабылдаған дәрігерлерді карантинге жабуға тура келді. Дәрігерлерге қауіп төндірмеу үшін пневмониясы бар азаматтарға арнап Теміржол ауруханасын белгіледік. Сонымен бірге ЖРВИ немесе басқа да температурасы бар симптомдарға №2 емхана мамандары қызмет көрсетті. Ал төтенше жағдай аяқ­талған соң барлық 14 емханада арнайы есік ашылып, онда жеке дәрігерлер қабылдайтын болды. Осы шаралардың арқасында біз 150-ге жуық вирус жұқтырған адамның басқа емханаларға баруының алдын алдық», – дей­ді А.Көлгінов. Қала әкімі сөз арасында Президенттің тап­сыр­масына сәйкес індетпен күре­сіп жатқан дәрігерлер мемлекет тарапынан қомақты қолдау алға­нын ерекше атап өтті. Індетпен күресіп жатқан 4 мыңға жуық дәрігерге жалпы сомасы 1,5 млрд теңге қаражат бөлінген. Жаңа инфекциялық аурухана қысқа мерзімде салынып, 200 орындық ауруханадан 150 адам емделіп шық­қанын жеткізді. «Қазіргі уақытта 3 мың бала балабақшаға барады. «Кезекші топтар» ең алдымен балаларын үй­де қалдыра алмайтын ата-аналар үшін ашылды. Біз қалалық штабта осы мәселені тағы да талқылап, бұл тақырыпқа маусымның орта­сын­да қайта ораламыз. Бұдан бөлек, жазғы лагерьлер де әзірге іске қо­сылмайды», – деді елорда әкімі. Бұдан соң ол қалалық жедел штаб жұмысы жалғаса беретінін айта келіп, карантин уақытында тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс атқарғанын атап өтті. «Оның мін­деті – жүргізіліп жатқан жұмысты тәулік бойы үйлестіру. Біріншіден, ақпараттандыру және азаматтармен өзара іс-қимыл қызметі. Біз онлайн да, оффлайн режимде де жұмыс істедік. Жыл басынан бері 109 қызметіне 1 млн-нан аса хабарлама түссе, оның ішінде 300 мыңнан астамы ТЖ жағдайы, коронавирус, емделу жолдары немесе карантинге қа­тысты жолданды. Қалалық жедел штабқа күніне 600-ге жуық адам жүгінді. Олардың сауал­дары бірден шешілді. Негізі­нен, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек алу жолдары секіл­ді мәселелермен келді. Бұл жұ­мыс әлі де жалғасып жатыр. Осы­дан кейін біз ХҚО-ларды, ар­найы ХҚО-ларды, «Жанұя» орталы­ғының жұмысын қайта іске қостық», – дейді ол. Брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов санитарлық норманы сақтамаған мекемелерге ес­керту жасалғанын айтты. Са­ни­тарлық-эпидемиологиялық та­лапты бұзғаны үшін бірқатар құ­рылыс компаниясы, дәм­хана, мейрамхана, қонақүй басшы­лығына, 150-ден астам мекемеге ескерту жасалып, кейбіріне айып­пұл салынған. «Сонымен қа­тар рейд кезінде саябақтарда адамның көп жиналатыны, олардың бет­пердесіз жүретіні байқалды. Мұ­ның бәрі инфекцияның кеңінен таралуына әкеп соқтыруы мүмкін. Ондай жағдайда науқастарға дер кезінде көмек көрсету, вирус жұқ­тырғандарды емдеу қиынға соғады. Полиция департаментімен және волонтерлармен бірлесіп саябақтарда және басқа да адам көп жиналатын орындарда про­филактикалық жұмыстар жүр­гізіледі» деген елорда әкімі сақ­тық шараларын қатаң сақтауға шақырды. Оның айтуынша, эпиде­мио­логиялық ахуалдың тұрақты­лы­ғы­на қарай маусымнан бастап қала маңындағы елді мекендерге қатынайтын қоғамдық көлік қоз­ғалысын іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейтін Қосшы, Талапкер сияқты елді мекен тұрғындарын қаланың ішкі карантин аумағына кіргізу қарастырылып отырғанын жеткізді. Әкімнің мәлімдеуінше, маусымнан бастап кейбір ба­ғыттағы теміржол рейстері іске қо­сылады. Алайда вирус қаупі әлі де сейіл­мегендіктен, блок-бекеттер ашылмайды. Ал қо­ғамдық көліктер тұрақты ба­қы­лауға алынып, күнделікті дезин­фекцияланады. «Каран­тинге дейін күніне 700 мың адам қоғамдық көлікті пайдаланатын. Біз әр адамға бақылаушы қоя ал­маймыз. Сондықтан тұрғындар сақтық шараларын барынша сақтауы тиіс. Өзіне де, өзгеге де зиян тигізбеуі керек», – деді Алтай Көлгінов. Ол сөз арасында корона­вируспен күресте цифрландыру жүйесі көмек тигізгенін, осы ретте санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауға мүмкіндік беретін Е-Карантин ақпараттық жүйесі әзірленгенін айтып өтті. «Төтенше жағдай режимін сақ­тау үшін Қарулы Күштің жеке құра­мынан 1 мыңнан аса адам, По­лиция департаменті мен Ұлттық гвардияның жеке құрамынан бас-аяғы 3 мың қызметкер жұмыл­дырылды», – деді әкім. Төтенше жағдай кезінде жұ­мыссыз қалғандарға ең төменгі жалақы ретінде 42 500 теңге сәуір айында 270 мың адамға берілді. Ал мамыр айында қосымша 130 мыңнан астам адам осындай кө­мек алды. Сонымен қатар кәсіп­керлер де шет қалмай, үлкен қолдау көрсеткенін жеткізді. «43 мың әлеуметтік аз қамтыл­ған азамат 50 мың теңгеден көмек алды. Оған 2 млрд 100 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бұл – бюджеттен тыс қаражат. Сонымен бірге 34 мың отбасыға азық-түлік көмегі берілді. Оған бюд­жеттен тыс 1 млрд теңге ау­дарылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік әлеуметтік көмекті 4,5 мың әлеуметтік аз қамтылған отба­сының баласы алды. Ал атаулы әлеуметтік көмекке 3,5 мың отбасы ие болды», – дейді Алтай Сейдірұлы. Мемлекет басшысының ше­шімі бойынша шағын және орта бизнес өкілдері 1 қазанға дейін салықтан босатылды. «Бізде 55 пайыз кіріс шағын және ор­та бизнестен болғандықтан, эко­номикалық қиындықтар бар. Биз­нес өкілдерінің басым көпшілігі салықтан босатылғандықтан, қала 60 миллиард теңгеден қағылады. Алайда мемлекет тарапынан қабылданған «Жұмыспен қам­тудың жол картасының» көмегі тиіп жатыр», – деді қала басшысы.  

Алтынбек ТОЛЫМБЕКОВ, Нұр-Сұлтан