Дүйсенбі дүрлігумен басталды: Арыс қаласындағы №44859 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында алапат жарылыс болды. Сұмдық хабар, әдеттегідей, әлеуметтік желі арқылы тарады. Әскери бөлім маңындағы жұрттың мал-мүлкін тастай қашқан бейнежазбасы жүректі ауыртты. Жарылыс бір адамның өмірін жалмады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға Арыстағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс зардаптарын жойып, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және жарылыс себебін анықтауды тапсырды.
Бір байқағанымыз, билік бұл жолы әбжілдік танытып әрекет етті. Халықты алаңдатқан сауалға дер кезінде жауап беріп отырды. Бір мысал, ел арасында Бөген суқоймасындағы суды босату арқылы жарылыстан тұтанған өртті сөндіреді-мыс деген алып-қашпа әңгіме тараған-ды. Арыс қаласының әкімдігі бұл қауесетті жоққа шығарып, ресми мәлімдеме жасады. Алаңдаулы елдің көңілі орнына түсті.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласына барып, жарылысқа қатысты жағдайды түсіндіру үшін тікелей эфирге шықты.
«Әскери бөлімде жарылыс болды. Сағат 09.20 кезінде хабарлама түсіп, төтенше жағдай жарияланды. Жақында орналасқан барлық аудан мен елдімекен жұмылдырылды. Қазір оқиғаның ауқымына баға бере отырып, қаланы толығымен эвакуациялау керегін ұқтық. Сондықтан барлық бағыт бойынша көліктер легі өтеді. Көліктер адамдарды арнайы лагерьлерге орналастырады. Барлық аудан әкімдері лагерьлерді ұйымдастыруды қолға алып, келгендердің тізімін жасауы керек. Әрбір әкімге тапсырма: келгендердің бәрін үйге немесе қонақүйге орналастыру керек», – деді өңір басшысы.
Аталған оқиғаға орай Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті 8(7252) 44-94-72, 8(7252)35-33-66, Шығыс Қазақстан облысы 8 (7232) 55-38-19 және Алматы қаласы 8 (727) 278-20-83, 278-20-84 нөмірлерімен жедел желілерді іске қосты.
ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер апат орнына аттанды. Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру бөлімшесінің күштері мен құрал-жабдықтары, жеке құрамның 75 маманы мен 16 техникасы өрт сөндіруге жұмылдырылды. Шымкент қалалық ТЖД-ның 118 маманы мен 7 техникасы да көмекке жетті. ҚР ІІМ бөлімшелерінен жеке құрамның 463 маманы мен 53 техникасы, оның ішінде азаматтық қорғаныс органдарының 193 қызметкері мен 23 техникасы, полиция бөлімшелерінің 270 қызметкері мен 30 техникасы жұмылдырылды.
Арыстағы төтенше жағдайға орай Ордабасы ауданында медициналық штаб құрылды. Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың басқаруымен Ордабасы аудандық орталық ауруханасынан және облыстық клиникалық ауруханасында 200-ден астам науқасқа арналған орын дайындалды. 30 жедел жәрдем көлігі Шымкент қаласына кірер 3 жолға қойылып, қажет болған жағдайда, бірнеше аудандардан әкелінген қосымша жедел жәрдем көліктері дайын тұрды. Апат салдарынан 31 адам түрлі дене жарақатымен облысқа қарасты ауруханаларға жеткізілді.
Арыстағы оқиғаның салдары теміржол тасымалына да ықпал етті. «Шымкент – Арыс – Темір» жол телімінде пойыздар өз кестесінен кешікті. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қарасты барлық мекеме «Шымкент – Арыс –Темір» жол торабында қатынайтын жолаушы пойыздарының қауіпсіздігі үшін алдын ала шара қабылдап, пойыздардың кешігуі туралы ақпарат таратты.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласында жарылыстан бүлінген әлеуметтік нысандарды – балабақшаны, қалалық аурухана мен ІІБ ғимараты мен тұрғын үйлерді аралады. Келтірілген шығын алдын ала есептеліп, қала өміріне қажетті жедел шешімдер қабылданды.
Арыс қаласында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтауға, эвакуацияланған азаматтардың мүлкін күзетуге тартылды. Жалпы, жеке құрамның 463 қызметкері мен Ішкі істер министрлігі бөліністерінің 53 техникасы Арыс қаласынан көшірілгендерге көмек көрсетіп жатыр. Қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұланның әскери бөлімінен 500 жауынгер жетті.
Әскери бөлімдегі жарылыс дерегі бойынша Ішкі істер министрлігінің оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Шымкент бөлімі Қылмыстық кодекстің 462-бабының 1-бөлігі (қару, сондай-ақ басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу) бойынша қылмыстық істі тіркеді. ІІМ баспасөз қызметі барлық жағдай ішкі істер органдарының қадағалауында екенін айтып отыр.
«Әлеуметтік желілерде Арыс қаласында балалардың жоғалуы туралы ақпарат таралды. Бұл ақпарат тексеріліп жатыр. Оқиға орнынан көшірілгендердің орналасқан жерін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігі тұрғындарды үрейге бой алдырмауға шақырады. Ресми ақпараттарға ғана сүйену қажеттігін ескертеді», – делінген ІІМ таратқан хабарламада.
Шымкент қаласының тұрғындары Арыстағы жарылыстан көшірілген халыққа көмек көрсетіп, сүрінгенге сүйеу, құлағанға демеу бола алды. Шымкент қаласындағы орталық мешіт Арыстан эвакуацияланған халықты қабылдады. Мешіт имамының айтуынша, жеткізілгендер мешіттің медресесі мен жатақханасына орналастырылған. Арыс тұрғындарына көмектесу үшін шымкенттіктер су, азық-түлік жеткізіп, барынша қолдау көрсетті.
Шымкент шаһарының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Арыс қаласының тұрғындарын сабыр сақтауға шақырды.
«Біз тұрғындарды эвакуациялау үшін жедел жәрдем көліктері мен автобустарды жібердік. Қажет болған жағдайда көмек үшін волонтерлерді тарта аламыз. Әзірге оның керегі жоқ. Бәрін сабырға шақырамын», – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Кеше кешкісін Арыс қаласында әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты брифинг өтті. Сол жерде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев әскери бөлім қоймасында болған жарылыстан бір адам мерт болғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта жарылыстан зардап шеккен 31 адам медициналық мекемелерге келіп түсті. Оның ішінде екеуінің жағдайы ауыр, қалғаны орташа және жеңіл деңгейде. Бір адам қаза тапты. Оның автокөлігіне снаряд келіп түскен», – деді әкім.
Арыс қаласының жай-күйін баяндаған Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, ең алдымен, қаза тапқан тұрғынның жақындарына көңіл айтты. Оның айтуынша, әскери оқ-дәрілер арсеналы қоймаларының бірінде басталған өрт жарылысқа ұласып, басқа қоймаларға жалғасқан. Сондықтан бірнеше қойма жарылып кеткен.
«Өңір әкімдігі пен Төтенше жағдайлар комитетінің іс-әрекетінің арқасында елдімекендерден барлық тұрғын шығарылды. Бұл арсеналда қауіпті оқ-дәрілер мен бомбалардың сақталмағанын ресми мәлімдеймін. Барлық оқ-дәрі сақтық үшін далаға қарай бағытталып қойылған және негізгі соққы толқыны далаға қарай жүрді. Толқынның бір бөлігі елдімекенге әсер етіп, бірнеше баспананың шатыры мен терезесіне зақым келді. Қауіпсіздік үшін Арыс тұрғындарына жақын арада жедел штабтың рұқсатынсыз үйлеріне келмеуді сұраймыз. Себебі, Арыстың көшелерінде жарылмай қалған оқ-дәрілер болуы мүмкін. Қазір бір топ сапер тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді министр.
Тұрғындар саперлер жұмысы аяқталған соң ғана үйлеріне орала алады. Қазір барлық үй мен квартал полиция мен қарулы күштердің жіті бақылауында.