Мөрі бар, берері жоқ диплом көп
Мөрі бар, берері жоқ диплом көп
529
оқылды
Қазір біразының қолында қос-қостан диплом бар. Мақсаты – білім жию емес, диплом алу. Қоғамдағы осы стереотиптен арыла алмай келеміз. Сапасыз білімнің еңбек нарығына зияны тиерін жете түсіне алмай жүрміз. Осындайда Стелленбош универ­ситетіндегі жазба еске түседі. Төмендегі тәмсіл Оңтүстік Афри­­кадағы университеттің ұра­нына айналған. «Кез келген ұлтты жер бетінен жою үшін атом бомбасы немесе алыс қашықтыққа жететін зымыранды қолданудың қажеті жоқ. Бар болғаны білім сапасын төмендетіп, студенттерге емтиханда еркіндік беру керек. Сонда науқастар біліксіз дәрігер­дің қолынан өледі. Ісін жете білмейтін инженердің есебінен ғимараттар құлайды. Мұндай эко­номист пен есепшінің кесірінен ақша жоға­лады. Ал заңгер мен судьяның арқасында әділет күшін жояды. Білімнің құлдырауы – ұлт­тың күйреуі». Иә, Үкімет пен Білім және ғылым министрлігі де осы жағдайға алаң. Сол үшін жыл сайын білім сапасын арттыруға барын салып жүр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында да аталған мәселеден айналып өтпеген. Президенттің мәлімдеуінше, 2025 жылға дейін білім саласын қаржыландыру 6 есеге, ғылымға бөлінетін қаржы 7 есеге артады. Сондай-ақ оқу орнындағы академиялық адалдыққа үлкен мән беру керегін баса айтты. «Дарынды жастардың шетелге кету мәселесіне ерекше назар ау­дарған жөн. Мұның бірнеше себебі бар. Соның бірі – жоғары білім беру жүйесінің бә­секеге қабілетсіздігі. Ал университет­тегі білім сапасын көтеру үшін ЖОО-дағы талапты күшейту керек. Дипломға мөр басу­мен ғана шектелетін универ­ситеттердің жұмысын тоқтату қа­жет. Жақын уақытта осы мәсе­лені түбегейлі шешу керек», – деді Мем­лекет басшысы Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінің үшінші отырысында сөйлеген сөзінде.  

Министрлік пен университет арасындағы түйін

2019 жылы Нұр-Сұлтан қала­сында өткен брифингтің бірінде Білім министрі еліміздегі 5 оқу орнының жұмысын тоқтатуға шешім шыққанын мәлімдеді. Бірақ нақты қай білім беру ұйы­мы екенін айтқан жоқ. Ал өткен жыл­дың қарашасында Шымкент аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті, Павлодардағы Инновациялық Еуразия университеті, Алматы университеті, Өскемен қала­сындағы Қазақстан–Америкалық еркін университеті және Ақтө­бедегі Қазақстан–Ресей халық­аралық университетінің лицензиясы уақытша тоқтады. Еліміздегі жоғары оқу орын­дары дербестік алғанымен, Білім және ғылым министрлігі бел­гілі бір өлшемде тексеру жүр­гізеді. Сәй­кесінше, білім беру ұйым­дары мем­лекеттік аттестациядан өтеді. Мәсе­лен, 2010 жылы М. Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан мемле­кеттік универ­ситет студенттері мемле­кеттік аттестациядан өте алма­ған. Ел арасында «оқу орны жабыла­ды» де­ген де сөз болды. Расымен, универ­ситет 5 мамандық бойынша ли­цензиясын уақытша тоқтат­қа­нымен, кейіннен қателікті түзеген. 2019 жылы министрлік 12 жо­ғары оқу орнына айыппұл салып, 1 университет бойынша істі сот­қа жіберген. Тексеруден өткен универ­ситет жіберген қатесін қайталаса, лицензиядан айырылады немесе ЖОО жабу үшін құжаттар сотқа жіберіледі.    width= Ал лицензиядан айыру жайына келсек, университет лицензиясын 1 айға тоқтатады. Мемлекеттік бақы­лау органдарының заң талап­тарын орындамағаны үшін оқу орын­дары­на айыппұл салады. Білуі­мізше, әкімшілік жаза қолдану процесі сот арқылы жүзеге асады. Білім және ғылым министрлігі сотқа дейін­гі істі ашып айтпайды. Өйткені сот аяқ­талғаннан кейінгі жағдай­ды хабарлағанды жөн көреді. Министр­ліктің баспасөз қызметінің хабар­лауын­ша, Шымкент қаласын­дағы бір университет жабылған.  

Педагог дайындауға мән береміз

Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында университеттің ахуалы жайында ашық жазатынын білеміз. «Нашар сабақ үлгерімі үшін оқудан шығарылғандардың бәрін қабылдай беру есебінен кейбір жоғары оқу орнына 100 адам түсіп, 800-ге жуық түлек бітіретінін» де жазған еді. Сонымен қатар ел ара­сында тағы бір тенденция бар. Министрдің мәліметінше, 2019 жылы 37 мың студент таяу шетелдің оқу орнында бір семестр немесе бір жыл оқыған соң, елдегі шағын ЖОО-ға ауысып келді. Бұлардың дені ҰБТ тапсырудан қашады. Себебі ҰБТ сертификатынсыз талапкерді оқуға қабылдамайды. Содан кейін олар құжатын шетелдік ЖОО-ға жіберіп, бір семестр немесе бір жыл­дан кейін виртуалды түрде елдегі университетке ауысады. Сонда кім-кімді алдап отыр? Құр диплом алу кімге керек? Мұндай тенденцияны қалай тоқтатамыз? Өткен жылы министр еліміз­дегі педагог дайындайтын 85 оқу орнының санын 20-25-ке азайтуды жоспарлайтынын айтқан-ды. Алма­тыда бірнеше, әр аймақта мықты педагог дайындайтын бір оқу орны болады. Осы үшін университеттерге арнайы талап қояды. Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында педагогикалық мамандықтар бойын­ша кадрлар дайындауға ЖОО мен колледждерді мамандандыру керегін атап өтті. Мамандықтың беделін арттыру үшін болашақ педагогтарға стипендияны 26 мың мен 46 мың теңге аралығында өсіретін болды. Жалпы, мектеп бітірген түлектің педагог мамандығын ең соңғы орынға қоятынын білеміз. 4 мамандықты белгілегенде, мұғалім болуды соңына қалдырады. Министрлік осындай жағдайдың алдын алу үшін биылдан бастап педагогиканың шекті балын 70-ке көтерді. Айланың іске асып-аспағанын биыл, нәтижесін 4 жыл­дан кейін көреміз.  

Диплом кімге керек?

Бұл сұрақты жоғарыда да тал­қыладық. Қазір өзі бір өңірде жұ­мыс істеп, келесі бір облыста «білім алатын» жастар көп. Қысы-жазы ауылда жүріп, диплом алу салта­натына баратындар бір төбе. Демек, елімізде сырттай білім бе­руді алып тастағанымен, жағдай бір­қалыпқа түскен жоқ. Өйткені қоғамда «сырттай» білім беретін уни­верситеттер әлі бар. Жыл соңында сабаққа қатыспағаны үшін оқудан шыққан ақылы бөлімде оқитын студентті келесі жылы оқу орнынан қай­та көреміз. Ақылы бөлімде оқи­тын­дар университет мүддесі үшін «керек». Сонда университетке ақша, студентке диплом қажет. Ал тасада қалған білім мұңын кімге шағады? Мөрі бар, нәрі жоқ диплом ұстаған педагогтен тәлім алған ұрпақтың алдында кім жауапты? Қош, тиіп-қашып жүріп оқып, дип­ломын алды делік. Университет­тің студенттен жұмысқа орналасқаны туралы анықтама сұрайтыны тағы бар. Сондағысы түлегінің халін білу үшін емес, әдеттегідей көрсеткіш пен есептің әуресі. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Бірақ мақтан үшін жарияланатын рейтинг білім сапасына кері әсерін тигізіп жүр. Қайтпек керек? Мүмкін, Білім сарап­шылары қазақ лигасының президенті Ғани Бейсембаев айтқандай, жоғары оқу орындарының санын азайтып, колледждердің сапасын арттыруға ден қоярмыз.  

 width=АЙЗАТ АЙДАРҚЫЗЫ