Қазір біразының қолында қос-қостан диплом бар. Мақсаты – білім жию емес, диплом алу. Қоғамдағы осы стереотиптен арыла алмай келеміз. Сапасыз білімнің еңбек нарығына зияны тиерін жете түсіне алмай жүрміз. Осындайда Стелленбош университетіндегі жазба еске түседі. Төмендегі тәмсіл Оңтүстік Африкадағы университеттің ұранына айналған. «Кез келген ұлтты жер бетінен жою үшін атом бомбасы немесе алыс қашықтыққа жететін зымыранды қолданудың қажеті жоқ. Бар болғаны білім сапасын төмендетіп, студенттерге емтиханда еркіндік беру керек. Сонда науқастар біліксіз дәрігердің қолынан өледі. Ісін жете білмейтін инженердің есебінен ғимараттар құлайды. Мұндай экономист пен есепшінің кесірінен ақша жоғалады. Ал заңгер мен судьяның арқасында әділет күшін жояды. Білімнің құлдырауы – ұлттың күйреуі». Иә, Үкімет пен Білім және ғылым министрлігі де осы жағдайға алаң. Сол үшін жыл сайын білім сапасын арттыруға барын салып жүр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында да аталған мәселеден айналып өтпеген. Президенттің мәлімдеуінше, 2025 жылға дейін білім саласын қаржыландыру 6 есеге, ғылымға бөлінетін қаржы 7 есеге артады. Сондай-ақ оқу орнындағы академиялық адалдыққа үлкен мән беру керегін баса айтты. «Дарынды жастардың шетелге кету мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Мұның бірнеше себебі бар. Соның бірі – жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілетсіздігі. Ал университеттегі білім сапасын көтеру үшін ЖОО-дағы талапты күшейту керек. Дипломға мөр басумен ғана шектелетін университеттердің жұмысын тоқтату қажет. Жақын уақытта осы мәселені түбегейлі шешу керек», – деді Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында сөйлеген сөзінде.
Министрлік пен университет арасындағы түйін
2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингтің бірінде Білім министрі еліміздегі 5 оқу орнының жұмысын тоқтатуға шешім шыққанын мәлімдеді. Бірақ нақты қай білім беру ұйымы екенін айтқан жоқ. Ал өткен жылдың қарашасында Шымкент аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті, Павлодардағы Инновациялық Еуразия университеті, Алматы университеті, Өскемен қаласындағы Қазақстан–Америкалық еркін университеті және Ақтөбедегі Қазақстан–Ресей халықаралық университетінің лицензиясы уақытша тоқтады. Еліміздегі жоғары оқу орындары дербестік алғанымен, Білім және ғылым министрлігі белгілі бір өлшемде тексеру жүргізеді. Сәйкесінше, білім беру ұйымдары мемлекеттік аттестациядан өтеді. Мәселен, 2010 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университет студенттері мемлекеттік аттестациядан өте алмаған. Ел арасында «оқу орны жабылады» деген де сөз болды. Расымен, университет 5 мамандық бойынша лицензиясын уақытша тоқтатқанымен, кейіннен қателікті түзеген. 2019 жылы министрлік 12 жоғары оқу орнына айыппұл салып, 1 университет бойынша істі сотқа жіберген. Тексеруден өткен университет жіберген қатесін қайталаса, лицензиядан айырылады немесе ЖОО жабу үшін құжаттар сотқа жіберіледі.Педагог дайындауға мән береміз
Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында университеттің ахуалы жайында ашық жазатынын білеміз. «Нашар сабақ үлгерімі үшін оқудан шығарылғандардың бәрін қабылдай беру есебінен кейбір жоғары оқу орнына 100 адам түсіп, 800-ге жуық түлек бітіретінін» де жазған еді. Сонымен қатар ел арасында тағы бір тенденция бар. Министрдің мәліметінше, 2019 жылы 37 мың студент таяу шетелдің оқу орнында бір семестр немесе бір жыл оқыған соң, елдегі шағын ЖОО-ға ауысып келді. Бұлардың дені ҰБТ тапсырудан қашады. Себебі ҰБТ сертификатынсыз талапкерді оқуға қабылдамайды. Содан кейін олар құжатын шетелдік ЖОО-ға жіберіп, бір семестр немесе бір жылдан кейін виртуалды түрде елдегі университетке ауысады. Сонда кім-кімді алдап отыр? Құр диплом алу кімге керек? Мұндай тенденцияны қалай тоқтатамыз? Өткен жылы министр еліміздегі педагог дайындайтын 85 оқу орнының санын 20-25-ке азайтуды жоспарлайтынын айтқан-ды. Алматыда бірнеше, әр аймақта мықты педагог дайындайтын бір оқу орны болады. Осы үшін университеттерге арнайы талап қояды. Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында педагогикалық мамандықтар бойынша кадрлар дайындауға ЖОО мен колледждерді мамандандыру керегін атап өтті. Мамандықтың беделін арттыру үшін болашақ педагогтарға стипендияны 26 мың мен 46 мың теңге аралығында өсіретін болды. Жалпы, мектеп бітірген түлектің педагог мамандығын ең соңғы орынға қоятынын білеміз. 4 мамандықты белгілегенде, мұғалім болуды соңына қалдырады. Министрлік осындай жағдайдың алдын алу үшін биылдан бастап педагогиканың шекті балын 70-ке көтерді. Айланың іске асып-аспағанын биыл, нәтижесін 4 жылдан кейін көреміз.Диплом кімге керек?
Бұл сұрақты жоғарыда да талқыладық. Қазір өзі бір өңірде жұмыс істеп, келесі бір облыста «білім алатын» жастар көп. Қысы-жазы ауылда жүріп, диплом алу салтанатына баратындар бір төбе. Демек, елімізде сырттай білім беруді алып тастағанымен, жағдай бірқалыпқа түскен жоқ. Өйткені қоғамда «сырттай» білім беретін университеттер әлі бар. Жыл соңында сабаққа қатыспағаны үшін оқудан шыққан ақылы бөлімде оқитын студентті келесі жылы оқу орнынан қайта көреміз. Ақылы бөлімде оқитындар университет мүддесі үшін «керек». Сонда университетке ақша, студентке диплом қажет. Ал тасада қалған білім мұңын кімге шағады? Мөрі бар, нәрі жоқ диплом ұстаған педагогтен тәлім алған ұрпақтың алдында кім жауапты? Қош, тиіп-қашып жүріп оқып, дипломын алды делік. Университеттің студенттен жұмысқа орналасқаны туралы анықтама сұрайтыны тағы бар. Сондағысы түлегінің халін білу үшін емес, әдеттегідей көрсеткіш пен есептің әуресі. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Бірақ мақтан үшін жарияланатын рейтинг білім сапасына кері әсерін тигізіп жүр. Қайтпек керек? Мүмкін, Білім сарапшылары қазақ лигасының президенті Ғани Бейсембаев айтқандай, жоғары оқу орындарының санын азайтып, колледждердің сапасын арттыруға ден қоярмыз.