Газ саласында – кіл шеберлер
Газ саласында – кіл шеберлер
249
оқылды

Әр үйде маздап жанған көгілдір отын сөне қалса, бірінші іздейтініміз – газ мамандары. Газ кен орындарын барлау, бұрғылау – оны өндіріп, тазалау, тасымалдап тұтынушыға жеткізу тізбегін мінсіз басқарып отырған сала мамандары 9 млн қазақстандықтың үйіне жылу мен шаттық сыйлап отыр. Қауіпсіздікті ту еткен «ҚазТрансГаз» компаниясы Қызылорда облысында өз ісінің шеберлерін анықтайтын ауқымды байқау ұйымдастырды. «Үздік маман» деген атаққа «Интергаз Орталық Азия» компаниясының барлық аймақтық филиалынан келген жүзге тарта қызметкер үміткер болды. Олардың арасында дәнекерлеушілер, бұрғылаушылар, мұнай және газ өндіру операторлары және өзге де мамандар өз шеберліктерін көрсетуге тырысты. Он бес мамандық өкілі өзара бақ сынады. «Үздік маман» байқауы – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруда, газ саласындағы еңбек жетістіктері мен озық тәжірибені насихаттауда маңызды элемент. Оны өткізу жұмысшы мамандықтары бойынша оқыту мен еңбекке орналастыру үшін жастарды тартуға ықпал етеді.

Биылғы жылы газ саласының өкілдері 15 мамандық бойынша үздіктер атағына бақ сынасты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Біріншісі сәуір айында Жамбыл облы­сындағы «Ақыртөбе» жерасты газ сақтау қоймасының базасында 4 мамандық бойынша өтті: «Мұнай және газ өндіру жөніндегі оператор», «Бұрғылаушы», «Бұр­ғылаушының көмекшісі» және «Ұң­ғымаларды зерттеу жөніндегі оператор».

Екінші, шешуші кезең 11 мамандықты қамтыды және 18-20 маусым аралығында Қызылорда облысындағы жаңа «Қа­раөзек» компрессорлық стансасының базасында болды.

Жарыстың басты кезеңдерінің бірі – қауіпсіздік техникасы бойынша сынақ тапсыру, – дейді кәсіпорын басшылығы. Мұхатай Шаңбатыров, «Интергаз Ор­талық Азия» ақ бас дирек­то­рының бірінші орынбасары: – Газ­бен байланыс­ты болғандықтан, жү­йенің өзі қауіпсіз­дікті қажет етеді. Бірін­ші кезекте объек­тілерді қауіпсіз пайда­лану мәселесі тұр. Сон­дықтан біз кімнің мықты екенін білеміз. Екіншіден, бұл жарыс маман­дарды үздік болуға ынталан­дырады. Жыл бойы сыйақы беріледі. Бірінші, екінші, үшінші орын алатын мамандар жыл бойы қосымша қаржы­лан­дырылады. Біз саланың үздік маман­дарын көргіміз келеді. Кәсіпорын тәулі­гіне 24 сағат, аптасына жеті күн жұмыс істейді. Үздіксіз процесс ұлттық опера­тордың барлық нысандарында жүйелі жүзеге асады. Ісіне берік, нағыз маман­дар­дың арқасында көпшілік көгілдір отынның игілігін көріп отыр, – дейді компания басшылығы. Биылғы байқауда Төлеген Сатарқұл жеңімпаз атанды. Шымкенттік маман шын мықты екенін мойындата білді. Төлеген Сатарқұл, «Үздік маман-2019» байқауының жеңім­пазы /Шымкент/: – Бұл байқау тек қана жас маман емес, бүкіл жұмысшыларға осы компанияның үлкен отбасының мүшесі ретінде сезінуді бе­реді. Көптеген қуаныштар, мейрамдар белсенді өмір сүруге құлшынысын кү­шейтеді. Жас мамандар өздерінің мүм­кіншіліктерін сынайды. Біздің жас ма­мандар компа­нияның болашағы бола­тынына се­німдімін. Өз мамандығыңның шебері болсаң, еш қиындық алдыңда тұрмайды. Барлығы жеңіл алынады. Ұйым­дас­тырушылар үздік деп танылған­дарға жыл бойы жа­лақымен қоса үсте­меа­қы беріледі, – деп уәде етті. Байқауға атсалысқандар болса үш күннің ішінде шеберліктерін шыңдап, мол тәжірибе, терең ілім алғандарын айтады. Ал ай­мақ­тық фи­лиал басшылары межелі мін­дет, ілкім­ді жобалар мен жаңа ба­ғыт­­тарды талқылады.

«ҚазТрансГаз» компаниялар тобында жыл сайын өткізілетін кәсіби шеберлікті, білім мен біліктілікті шыңдауға бағыт­талған конкурсқа ерекше көңіл бөлінеді. Себебі, Қазақстанның газ саласы Орта Азиядағы ең озық технологиямен жаб­дық­талған маңызды инфрақұрылымға ие. 19 мың шақырым магистральдық және 47 мың шақырым газ тарату құбы­рын игеріп отыр.

Жас мамандар компанияның бола­шағы. Ал «Үздік маман» байқауы – ком­па­нияның корпоративті дамуының ма­ңыз­ды элементі. Айта кетерлігі, әр қа­ты­сушы кәсіби маман екенін дәлелдеді. Бұл жұ­мыстың сапасын арттырады, яғни табиғи газды үздіксіз және апатсыз та­сымал­дау­дың кепілі. Байқау жеңім­паздары дип­лом­дар және естелік сый­лықтар, сондай-ақ, жоғары кәсіби ше­берліктері үшін та­рифтік мөлшерлемеге жылдық үсте­меа­қы алады.

 

Миуа БАЙНАЗАРОВА, 
Қызылорда облысы