Ақтаймыз ба, соттаймыз ба?
Ақтаймыз ба, соттаймыз ба?
250
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінің үшінші отырысында дәрігерді қателік жа­са­­ғаны үшін қылмыстық жазаға тарту мәселесін қайта қарауды тапсырды. Дәрігер жауапкершілігі әкімшілік және азаматтық-құқықтық сипатта болуы тиіс деген пікірін білдірді. Білім саласы талқыланады деген отырыста дәрігерлер жауап­кер­шілігі туралы сөз неге қозғалды? Мұның былтыр күзде дәрі­гер қатесінен көз жұмды деген «Күдебаев ісіне» қатысы бар ма? Медициналық қателіктен науқас қайтыс болса, дәрігер қан­дай жазаға тартылғаны жөн? Ақтаймыз ба, соттаймыз ба? ...Сонымен, Президент меди­ци­на қызметкерлерін өз мін­де­тін тиісті деңгейде атқармағаны үшін бірден қылмыстық жа­за­ға тарту мәселесін жан-жақ­ты зерделеу қажет екенін мәлім­деді. «Себебі бүгінде тергеу ке­зін­де дәрігердің өз міндетін қан­­шалықты немқұрайды орын­­дағанын анықтау қиын. Со­ған қарамастан біраз маман қыл­­мыстық жазаға тартылып отыр. Сондай-ақ клиникалық зерт­теу­лерді өткізу тәртібін бұз­ғаны үшін қылмыстық жазаны қолдану мәселесін де қайта қарау қажет. Әйтпесе, бүгінде медицина ма­­­ман­дары жазадан қорқып, ғы­­лым­ға бармайды. Бірақ бұл өз­геріс­тер дәрігерлердің адам өмірі мен денсаулығы үшін жа­уап­­кершілігін азайтпайды. Жау­ап­кершілік дамыған мем­ле­кеттердегідей әкімшілік және аза­маттық-құқықтық сипат­та болуы керек», – деді Қ.Тоқаев.  

Әр елдің заңы басқа...

Жалпы, бізде медициналық қателіктің салдарынан кісі өліміне алып келген жағдайға байланысты дәрігерді қатаң жазалауға қарсы тараптың өз уәжі бар. Олар мың операция жасап, адам өмірін құтқарған хирургті мың бірінші пациенті қайтыс болғаны үшін соттаудан кім не ұтады деп санайды. Мысалы, Қазақстандағы репродуктивті медицина қауымдастығының президенті акушер-гинеколог Вячеслав Локшиннің пікірінше, әлемде дәрігер қателігі үшін қыл­мыстық жауапкершілік жоқ, себебі қателік жіберуден еш­кім сақтандырылмаған. «Кез келген операцияны ең тәжі­ри­белі дәрігерге сеніп тапсы­ра­ды. Операцияда науқас қай­­­тыс бол­ды деп тәжірибелі дә­рі­­­герлерді жауапкершілікке тар­та берсек, адамдарды кім ем­дейді? Жұмы­сына салғырт қарай­тын, пара алатын дәрігерлер қыл­­мыстық жауапкершілікке тар­тылсын, ал медициналық қате­лік үшін дәрігерді әкімшілік жа­уап­кер­ші­лікке тарту керек, себе­бі дамыған елдерде солай», – дейді. Біз осы тұста әлем тәжіри­бе­сіне барлау жасап көрдік. Мы­са­лы, Германияда әр дәрігер сақ­тандыру компаниясымен кәсі­би жауапкершілік шартын жа­сайды. Егер арбитраждық комиссия дәрігердің қателігінен науқасқа келген шығынды өтеп беру туралы шешім қабыл­даса, ол шығынды дәрігер үшін сақтандыру компаниясы тө­лей­ді. АҚШ-та да осы тәжірибе қолданыста. Ресейде де дәрігер­лерге сапасыз емдегені үшін айыппұл төлету қолға алынбақ. Бірақ бұл бастамаға медицина қауымдастығы қарсы. Олар са­ла­дағы барлық проблеманың себебі денсаулық сақтау жүйе­сіндегі дағдарыста деп санай­ды. Ал Қы­тайда медицина қыз­­меткері ісіне шала қарап, сал­да­рынан адам өлсе, дәрігерді 3 жылға бас бостандығынан айы­рады. Жа­понияда дәрігер кінә­лі болса, қыл­мыстық жауап­кер­шілікке тар­тылады, бірақ абақтыға жа­был­майды. Тек дәрігердің кәсіп­тік қызметіне нүкте қойы­лады. Көріп отырға­ны­мыз­дай, әлемде дәрігер қатесіне қатысты жаза бірдей емес екен.  

Қарға қарғаның көзін шұқымайды

Қазақстанда жыл сайын 800-ге жуық медицина қызметкері қыл­мыстық жауапкершілікке тар­­тылады деген дерек бар, алай­да оның қаншасы сотта­лып, ақталғаны туралы ақпа­рат жоқ. Ал адвокат Абзал Құс­пан­ның пікірінше, сотталған дәрі­гер­лердің саны аз, себебі сот ше­шім шығарарда дәрігерлер қызметін қадағалайтын ұйымның қоры­тын­дысына сүйенеді. Ал ондай ұйым көп жағдайда дәрігер қате­лес­кен жоқ деген қорытынды бе­ре­­ді. «Әдетте, адвокаттар мұндай істі алудан бас тартады, себебі сот­та соңғы сөзді сот емес, дәрі­гер­лер қызметін қадағалаушы ұйым айтады, олар комиссия құрып, дәрігерлік қате жоқ деп дәрігерді ақтап шыға алады. Осы­лайша, іс жүзінде дәрігерлер сот­тал­майды. Тек Н. Күдебаев өлі­міне қатысты іс қана ұзаққа созы­лып тұр», – дейді ол. Шынында, дәрігер ісіне қа­тыс­­ты қандай да бір сот ісі ба­сында шулы басталғанымен, соңы сұйылып кетеді. Былтыр күзде ел назарына ілінген «Дәрігерлер ісі» туралы бүгін ешкім айта қой­майды. Еске салсақ, Алматы қала­сы Полиция департаментінің сол кездегі басшысы Серік Күде­баев­тың ұлы Нұрсұлтан Күде­баев қайтыс болғаннан кейін №4 аурухананың бас дәрігері мен анестезиологының үстінен қыл­мыстық іс қозғалып, қа­мау­­ға алынған-ды. Алайда Прези­дент істің әділ тергелуін тап­сыр­ған соң аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев пен анестезиолог Асқар Тұңғышбаев уақытша ұстау изоляторынан сот қаулысымен босатылды. Аты­­шулы «Дәрігерлер ісі» бү­гін­дері қоғам бақылауынан тыс қалды. Біз сұрастыра келе, бұл іске әлі күнге нүкте қойыл­ма­ға­нын білдік. Аталған іс уақытша тоқ­тап тұр. Себебі істі тергеп жат­­қан Алматы экономикалық тергеу депар­таменті Н.Күдебаев қай­тыс болған Германиядағы кли­ни­каға сұ­рау жолдаған. Ал Қ.Тезек­баев­тың қорғаушысы Қай­рат Байбазаров әзірге аталған іске қатысты қандай да бір мәлімет беруден бас тартты. Қалай десек те, осы оқиғадан соң қоғам пікірі қақ жарылғаны есте. Бір тарап дәрігерлерді қа­таң жазалауды ұсынса, екінші тарап дәрігерлерді қорғауға шақырды. Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ме­ди­цина қызметкерлерін бас бос­тандығынан айыру секілді бұлтартпаудың ауыр түрін қолданудың қажеті жоқ деген пі­кірін білдірді. Дәрігерлер ми­нистрмен кездескен сайын Қыл­мыстық кодекстің 317-бабын әкім­шілік алаңға ауыстыруды сұрайтын. Себебі аталған бапта «Медицина  немесе  фармацевтика жұ­мыскерiнiң кәсiптік мiндет­те­рiн тиiсiнше орындамауы адам өлiмiне әкеп соқса, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бос­тандығынан айыру жазасы кесі­леді» деп жазылған. Енді Мем­лекет басшысы осы бапты қайта қарауды тапсырды. Соған қарағанда дәрігерлер ұсынысы Президентке жеткен сияқты. Абзал Құспан Қылмыстық кодек­с­тің 317-бабын қылмыс­сыз­дан­дыру дәрігерлік салғырттықты бе­тімен жібереді дейді. «Кез кел­ген мамандық иесіне құ­қық бе­­ріп, жауапкершілік жүкте­ме­­сек, әділетсіздік орнайды. Сон­дықтан кез келген маман­дық иесіне құ­қықпен бірге жа­уап­кершілік қа­тар жүктелуі ке­рек. Сол себепті дәрігердің жа­уап­кершілігін жеңіл­де­ту­дің қа­жеті жоқ. Президент ұсы­ны­сын Қыл­мыстық кодекстің 19-ба­бы­ның 2-бөлімімен-ақ рет­теу­ге болады. Ол бөлімде кінә­сіз адам қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылмайды деп анық жазылған. Осы норма жұмыс істесе, кінә­сіз адам онсыз да жауапқа тартыл­майды», – дейді.  

Кінәліні жазасыз қалдырмау принципі сақталсын

 Ұлттық  ғылыми кардио­хи­рур­­гия орталығы директорлар кеңе­сінің төрағасы Бексұлтан Тұт­қы­шев дәрігерді бас бостан­ды­ғынан айырғаннан қандай пайда бар, бұл қайтыс болған науқастың туыстарына моральдық тұрғыдан жақсы шығар, бірақ ол дәрігер басқа науқасты аман алып қалу мүм­кіндігіне кедергі деген пікір­де. «Одан да қайтыс болған нау­қас­тың отбасына дәрігердің жұ­мыс орны төлесе... Сон­да аурухана білікті дәрігер алу­ға тырысады, соған жағдай жа­сай­ды. Қазір Қылмыстық кодек­сте дәрігерді 5 жылға сот­тайды. Адамды қасақана өлтір­ген қылмыскер де сонша мер­зім­ге сотталады. Ал дәрігер адам­ды әдейі өлтірмейді ғой, ол опе­ра­­цияны науқасты аман алып қала­мын деп жасайды», – дейді. Оның айтуынша, соңғы жылдары хирург болғысы келетіндер азай­ған. Өйткені өмір бойы оқып, білім алып, жүздеген адамның өміріне араша болып, мың бірінші науқасы операция үстелінде көз жұмғаны үшін сотталып кеткісі келмейді. «Науқас дәрігерге келмесе де үйінде жүрегі тоқтап қалуы мүмкін ғой. Мүмкін, ол өте сирек кездесетін ауру шығар. Диагнозы дұрыс қойылмауы мүмкін. Диаг­ноз­ды нақты қою үшін зама­науи қондырғылар керек. Ондай аппараты жоқ аурухана дәрі­ге­рі­­нің жазығы не?» – дейді Б.Тұтқышев. Бұл пікірмен Мәжіліс депу­таты Иван Клименко келі­се­ді. Сондықтан дәрігер қателігі мен немқұрайдылықты шатас­ты­р­мау керек деп санайды. Се­бебі сырқат адам дәрі-дәр­мек­ті қабылдағаннан кейін ал­лер­гиялық реакциясы шыға ке­луі мүмкін. Сондықтан дәрігер ме­ди­циналық оқыс оқиға үшін жауапқа тартылмауы тиіс, бірақ пациент өзіне келтірілген зиян үшін өтемақы алуы керек. Депу­тат­тың пікірінше, дәрігер заң тұрғы­да қорғалса ғана өзінің іс-әре­кетіне сенімді болады. Бұл оның қате жіберу ықтималдығын азайтады. Онсыз да әрбір қате – дәр­і­гер үшін үлкен эмоционалды соққы. Ал Абзал Құспан дәрігерді өтемақы төлеу арқылы жауапқа тарту бұрыннан заңда бар екенін айтады. Ол бап бойынша адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса да, тартылмаса да өтемақы төлейді. Оның пайымынша, заңдарды халықтың көңіл күйіне беріліп өзгерте берудің соңы жақсылыққа апармайды. Кінәліні жазасыз қалдырмау принципі сақталуы керек. Конституцияда заң алдында жұрттың бәрі тең деп жазылған, бұл норманы бұзу­ға әсте болмайды. Себебі ер­­тең­гі күні құрылысқа жауапты инженерді, адам басып өлтірген полицейді ақтап алуға тура келеді. Иә, Президент дәрігер жа­уап­­кершілігін қайта қарауды ұсынды. Бұл ұсыныс қана. Талай талқылауға өзек болары анық. Ал қандай шешім қабылданарын уақыт көрсетеді.  

 width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ