Зұлмат жылдар қасіреті туралы әңгіме қозғаудың өзі өте ауыр. ХХ ғасыр басында қазақ халқы ауыр нәубетті бастан кешірді. Атылды, асылды, аштан қырылды. Сол бір нәубет кезеңнің ақиқатын айта алдық па? Жазушы Бейбіт Қойшыбаев «бұл шындықты әлем білуі керек» деген пікірде. Қаламгер бүгін бізге сол бір зұлмат жылдардың тақсіреті туралы сыр шертті.
– Біз жыл сайын 31 мамырда қуғын-сүргін құрбандарын еске аламыз. Зұлмат жылдардың нағыз құрбандарын толық ақтай алдық па? Ұмыт қалған жандар ше? Олар көп пе?
– Әрине, бәрі түгелдей ақталмағаны анық. Өйткені патшалық заманды былай қойғанда, советтік дәуірде түрлі реформалар кезінде қуғындалғандар, солақайлықпен жүргізілген саяси науқандарға қарсы ереуілдегендер, 30-жылдардағы халық көтерілісіне қатысқандардың баршасы аяусыз жазаланғанмен, бүгіндері ескерілмей, ұмыт қалды. Қаншама жұрт ешқандай сотқа тартылмастан-ақ тергеліп-тексерілместен, ақ-қарасы анықталмастан бірден атылып кетті. Топтап қырып жіберулер орын алды. Бізде кеңес өкіметі тұсындағы қуғын-сүргін кезеңдерін түбегейлі анықтап, кең көлемде зерттеулер жүргізу жолға қойылмады. Бұл мәселемен арнайы шұғылданатын ұйым құрылмады. Ғылыми негізде ұйымдасқан ешқандай мекеме болмағандықтан да, қажетті деңгейде жүйелі жұмыс жүргізілген жоқ. Тиісінше, есімдері қалтарыста қалып келе жатқан құрбандар әлі де анықталып, ақталуын тосуда.
– ХХ ғасырдың басындағы аштықты үш уақытқа бөліп қарастыруға болады. Дегенмен сол кезеңнің «шындығы» қаншалықты ашық айтылып жүр?
– Дұрыс, 1917 жылы советтік билік орнағаннан бастап 30-жылдарға дейін қазақ елінде үш дүркін үлкен ашаршылық өтті. Үшеуінің де жасанды сипаты басым еді. Олар іс жүзінде қазақты жойылып кетуге тіреген алапат аштық, яғни ұлттық апат, ұлттық катастрофа болатын. Осы үш кезеңде – 1917-1919, 1921-1923, 1931-1933 жылдары – қазақ халқының 4,5 миллиондай ұл-қызы тікелей құрбан болды. Егер сол жылдарғы нәубетте аталған шығынмен бірге белгілі дәрежеде ықтимал табиғи өсім қоса жоғалғанын есепке алсақ, совет билігінің алғашқы 16 жылында халқымыз 10 миллиондай жанынан айырылғанына көзіміз жетеді. Тәуелсіз еліміздің алғашқы парламенті құрған комиссия қазақты жазықсыз қызыл қырғынға ұшыратқан бұл келеңсіз құбылысты сонау 1992 жылы-ақ жан-жақты қарастырып, тиісті бағасын берген. Содан бері тарих институты, қоғамдық ұйымдар, жекелеген ғалымдарымыз ашаршылықтың себеп-салдарын, зардабын зерттеу жөнінен елеулі іс тындырды. Дегенмен біздің бүгінгі зерттеушілеріміз ұлттық апаттың бірінші кезеңін – Түркістан Советтік Республикасында болған ашаршылықты мүлдем елемеуді әдетке айналдырды. Ұдайы 20-шы және 30-жылдарғы екі аштық жайын ғана айтады. Алайда 1917 жылғы Қазан төңкерісінің шеруі Түркістан өлкесіне шапшаң жетіп, совет билігі салтанат құрған шақта өлкеде 3 миллиондай қазақ тұрғанын ұмытуға болмайды. Олардың 1 миллионнан астамы, Мұстафа Шоқайдың сөзімен айтқанда, «большевиктердің аштық саясаты» салдарынан 1917-1919 жылдары опат болған-ды. Кейбір кеңес қайраткерлері сонда революция ісіне «қызыл әскерлердің қан майданда бесатармен шайқасып қаза табу арқылы үлес қосқаны секілді», жылқыларын Қызыл Армияға беруге мәжбүр болған «мұсылмандар да» мардымсыз азық-түлікке ортақтаспай, «аштан өлулері арқылы қызыл революция ісіне елеулі үлес қосты» деп арсыздықпен мәлімдеген-ді. Сонау қасіретті кезеңнің осы тақылеттес шындығы, әрине жеткілікті дәрежеде ашық айтылып жүрген жоқ. Жалпы, мойындау керек, бізде ашаршылық трагедиясына соншалықты терең мән берілген емес. Рас, 1997 жылдан «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» ретінде аталып келе жатқан 31 мамырды соңғы 2-3 жылда «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» деп атау арқылы біршама елегендей болдық. Әйтсе де, бұл оның деңгейіне сай келмейтін жартыкеш шара болса керек. Шынтуайтына келгенде, біз ашаршылықты – ұлттық апатты – бүкілқазақстандық халықтың санасына терең сіңіретіндей жұмыс жүргізуіміз керек. Арнайы Ашаршылық институтын ашып, жанынан еврейлердің Холокост құрбандарына арналған «Яд ва Шем» («Жад және Есім») музейі тәрізді, көрген кісінің төбе құйқасын шымырлатарлықтай қаралы әсері мол үлкен музей орнатуға тиіспіз. Оның ішінде «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» ұранымен ұлттық апаттың үрейлі, қорқынышты эпизодтарын, жасанды аштықтан өлім құшқандардың есімін жаңғыртуымыз керек. Бұған саяси ерік-жігер көрсетілсе, көрнекі түрде жасап шығуға толық мүмкіндік бар. Осы уақытқа дейін талай естелік жазылды, ғалымдардың толымды зерттеулері жеткілікті, енді оларға қосымша мұрағаттық деректер, үлкен-кішілі рулық, әулеттік шежірелердің деректерін жинастырса, тұтастай құрбан болған ауылдар, ата-баба үрім-бұтағы түгенделіп, әсері ересен зор экспозициялар жасалары сөзсіз.
– Жаппай сол кезеңге қалай баға беруге болады?
– Ел басына күн туған уақытта көзі ашықтардың бәрі болмаса да, бірқатары іс жүзінде қазақ еліндегі ұлттық апатқа апарып соққан солақай саясатпен қолдарынан келгенше күресті. Алапат ашаршылықтың бірінші кезеңінде Түркатком құрған Аштықпен күрестің орталық комиссиясын басқарған Тұрар Рысқұловқа, әлгінде айтқанымыздай, қазақ мүддесін көзге ілмейтін, «марксизм тұрғысынан болашағы жоқ көшпенділерге» азық-түлік бөлудің қажеті жоқ деп есептеп, олардың «аштан қырылуын революцияға қосқан үлестеріне» теңгеретіндермен күреске түсуге тура келді. Апаттың екінші кезеңінде құрамында Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев, Жанша Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Қоңырқожа Қожықов, Сұлтанбек Қожанов, Санжар Асфендияров және басқалар бар зиялылардың Ташкенттегі үлкен тобы «Ақжол» газетінде үндеу жариялап, ашығып жатқан арқалық бауырларға көмек беруге шақырды. Нақты жұмыстар жүргізу үшін жер-жерге аттанды. Мәселен, Ж.Досмұхамедов Пржевальскіде азық-түлік жинауға ұйытқы болып, оны Қазақстанның солтүстік және батыс облыстарына жіберуді ұйымдастырды. Міржақып Дулатов «Қазақ тілі» газетіндегі мақаласында Семей губерниясының қазақ қызметкерлерін аштыққа ұшыраған аудандарға елден мал жинап жеткізуге шақырды. Ол өзі жаз бойы бірнеше үйезді аралап, үгіт-насихат жүргізді. Мұндай жанқиярлық әрекетті өкімет ұнатпады, ол тұтқындалып, ГПУ-дің тергеуінен соң ғана босатылды. Жүсіпбек Аймауытов бастаған зиялылар тобы шығыс аудандардан мал жиып, ашаршылық жайлаған Торғай халқына жеткізгенде, үстерінен қылмыстық іс қозғалды. Батыр деу шарт емес, бірақ оларды, олардың жүрек қалауымен елі үшін істеген істерін ұмытпауымыз керек. Тағы бірер мысал келтірейін. 1922 жылы Жетісуда жер-су реформасын жүргізу кезінде Сұлтанбек Қожановтың комиссиясы патшалық дәуірде отарлаушылар тартып алған атақоныстарын қазақтарға қайтару арқылы тарихи әділеттіліктің салтанат құруын қамтамасыз етпек болды. Алайда комиссияға «ұлтшылдық» айдар тағылып, кері шақырып алынды. Таптық жікті айыра түсу, байлардың дүние-мүлкін тартып алып кедейлерге үлестіріп беру жолымен «әскери коммунизм» саясаты тұралатқан ел экономикасын «жандандыру» сынды қатерлі бағытқа 1923 жылы Қазақ облыстық 3-партконференцияда Смағұл Сәдуақасов сын айтты. Ол халықты «жаңа сілкіністер емес, ғылым мен білімге сүйенген бейбіт еңбек құтқарады» деген өжет пікір білдірді. Апаттың ең қорқынышты үшінші кезеңінде аштан бұралған алғашқы босқындардың пайда болуы мен үдеп келе жатқан аштық күйзелістері жайында жер-жерден жекелеген азаматтар Мәскеудегі биік үйге, Алматыдағы автономия басшылығына аштық қасіретінің алғашқы белгілерін хабарлаудан бастап, жаппай сипат алған мысалдарды айтып дабыл қақты. Өлкепарткомының бірінші хатшысы Филипп Голощекиннің атына 1932 жылғы 4 шілдеде жазушы Ғабит Мүсірепов, Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі Мансұр Ғатаулин, Комвуз (коммунистік жоғары оқу орны) проректорының орынбасары Мұташ Дәулетғалиев, проректоры Емберген Алтынбеков, Госплан энергетика секторының меңгерушісі Қадыр Қуанышев қол қойған «бесеудің хаты» түсті. Хатта ауыл шаруашылығындағы құлдырау деректері келтіріліп, 1930 жылғы 40 миллион бас малдан 1932 жылы 5 миллион ғана қалғаны көрсетілді. Қазақтар арасында аштан өлудің тым көбейіп кеткені және осынша мүшкіл халге «солшылдық» асыра сілтеулер мен Қазөлкекомның қате саясаты жеткізгені айтылды.
– Елдегі жағдайға алаңдаған азаматтар тек осылар ғана емес шығар...
– Ф.Голощекиннің қасіретті 32-жылы Мәскеуге бара жатқан сапарында мынадай оқиға орын алды: Қазақ автономиялық республикасының диктаторы мінген пойыз шілде-тамыз аптап күндерінің бірінде Ақтөбе вокзалына тоқтайды. Перронда жиналған қалың жұрт алдында сөз сөйлеуге үкіметтік вагоннан Қазөлкекомның басшысы Голощекин шығады. Ел ішін жайлаған ашаршылықты әдеттегісінше, «тап жауларының малды жаппай сойып тастауды әдейі ұйымдастырған тіміскілік зымиян әрекеттерінің салдары» ретінде түсіндірмек болуы ықтимал. Бірақ сол жолы ол құдіреті үстем сөзін сөйлей алмайды. Көпшілік назары топты жарып алаңға шыққан жайдақ арбаға ауады. Арба үстінде отырған жүдеу шал өте әйгілі тұлға болатын. Ол кезінде қазақтардың шұрайлы жер-суын тартып алып, өздерін шөлге ығыстырған патша өкіметін ІІ Мемдума мінберінен өткір сөзімен сынаған қайраткер-тін.
– Ондай батыл қайраткер кім еді?
– Ол – 72 жастағы зейнеткер Бақытжан Қаратаев еді. Сіңірі шығып, тізесі қалт-құлт еткен дімкәс қарт тарантас үстінде түрегеп тұрып, бар даусымен қазақ коммунистерінің көсемін жазғырған сөздер айтқан. Революцияның қасиетті мұраттарын арамдап, қазақтарды шыбынша қырған аштық қасіретіне ұшыратқанын бетіне басыпты. Бұл үшін республиканың бірінші басшысы жауапты екенін жұртшылық алдында бетіне басқан көрінеді. Ф.Голощекин: «Шал шаршап қалыпты» деп күбір етіп, вагонына қайта сүңгуге мәжбүр болған... Ал «шаршаған шал» ұзамай аштықтан дүние салды. Ол өзінің артында қалған жазба мұраларында алапат ашаршылыққа жалғыз Голощекин ғана емес, оның айналасындағы қазақ қайраткерлері де айыпты деп түйіпті. Б.Қаратаевтың ойынша, мәселе олардың көзбояушылыққа жол беруінде, «қазақ істеріне жүліктік тұрғыдан келуінде» жатқан. Солардың бірі санатындағы Қазақ өлке парткомының бюро мүшесі, республика Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаев 1932 жылғы тамызда Сталинге үлкен хат берді. Онда өлкеде орын алып тұрған ахуалды адал баян етті, себеп-салдарын талдады, қиындықтан шығаратын шаралар хақындағы ұсыныстарын тұжырымдады. Сонымен бірге орнаған ахуал үшін өзге бюро мүшелерімен қатар өзінің де жауапты екенін мойындай отырып, «бірінші хатшының көпке мәлім ерекше рөлін» ескере келе, «басшылықта өзіне-өзі сын көзбен қарауға қабілеті жетпейтін» орталықтың эмиссары Филипп Голощекин отырғанда, республикадағы «ауыр жағдайды сауықтыру еш мүмкін емес» деп санайтынын жазды.
– Әдетте Исаевты айыптаушылар көп болушы еді ғой...
– О.Исаев Голощекинді орнынан босатпайынша, іс оңалмайтынын айтып, оны Қазақ өлкекомының жетекшілігінен кері шақырып алуды тікелей Бас хатшы Иосиф Сталиннен жалғыз өзі ашық талап етті. Бұл өтініші қанағаттандырылды. Оның хатында көрсетілген жайттар сталиндік Орталық Комитеттің Қазақстанның мал шаруашылығын дамыту жайында 1932 жылғы 17 қыркүйекте қабылдаған қаулысына негіз етіп алынды. Келеңсіздіктер талданып, міндеттер белгіленеді. Тек Ф.Голощекин бұрынғы лауазымында қала берді. Тиісінше, ол және оны қолпаштаушылар партия белсенділерінің жиналыстарында аталмыш қаулыны өлкеком бағытын мақұлдағандық сипатта түсіндіруге кірісті. «ОК өлкеком бағытын қазақ ауытқушыларының, қыңқылшыл-уайымшылдарының, топшылдарының байбаламдарына қасақана... дұрыс деп тапты», өйткені өлкелік партия ұйымы «Қазақстанның социалистік құрылысының барлық салаларында өте ірі жетістіктерге» қол жеткізді деп дүрілдетті. Алайда халық аштық, індет зардаптарын тарта берді, қырылу, босқындық тыйылмады. Ақыры Алматы көшесін толтырып аштан өліп жатқандарды елең қылмаған «адал лениншіл-сталиншіл» Ф.Голощекинді 1933 жылғы қаңтарда коммунистер мақтаныш-мадақтауға толы салтанатты жағдайда, бүкілодақтық деңгейдегі жаңа лауазымымен Жоғарғы төрелік сотты басқаруы үшін Мәскеуге шығарып салды. 1933 жылғы 24 ақпанда ОК Бас хатшысы И.Сталин мен Қазақ өлкекомының жаңа бірінші хатшысы Л.Мирзоянның атына қызыл профессура институтының тыңдаушылары Ғатаулла Исқақов, Ильяс Қабылов, Жүсіпбек Арыстанов, Бірмұхамед Айбасов, Қазөлкеком мүшесі Ғаббас Тоғжанов, студент Оразалы Жандосов қол қойған «алтаудың хаты» жіберілді.
Шынтуайтына келгенде, біз ашаршылықты – ұлттық апатты – бүкілқазақстандық халықтың санасына терең сіңіретіндей жұмыс жүргізуіміз керек. Арнайы Ашаршылық институтын ашып, жанынан еврейлердің Холокост құрбандарына арналған «Яд ва Шем» («Жад және Есім») музейі тәрізді, көрген кісінің төбе құйқасын шымырлатарлықтай қаралы әсері мол үлкен музей орнатуға тиіспіз.
– Ол хатта не жазылды?
– Онда 300 мыңнан астам қазақ қожалығының Сібір және Орта Азия теміржол стансаларына, қалаларына, орталықтағы қалаларға, көрші республикалардың облыстарына босып кеткені, көбінің қайыршылық хал кешіп жатқаны айтылды. Шұғыл көмек көрсетілмесе, көктемге қарай олардың арасындағы өлім-жітім тым көбейіп кететіні хабарланды. Қазақстанның жаңа басшылығы ашаршылық зардаптарын жоюға бағытталған кешенді жоспарды жүзеге асыруға кірісті. Республикадағы 162 ауданның ішінде аштық нәубетінің зардабын көшпенді мал шаруашылығын кәсіп еткен Сарысу ауданы ерекше тартқан еді. Өкімет өкілдері Ораз Жандосов пен Жанайдар Сәдуақасов сол ауданның үштен бірі ғана аман қалған, малдан жұтаған жұртын жаңа қонысқа көшіріп, әкімшілік бағынысын өзгерту және отырықшылық жағдайдағы экономикасын жандандыру орайында көп жұмыс атқарды. Ашаршылық салдарынан көрші республикаларға босып көшіп кеткендерді елге алып келу үшін автономиялық өкімет атынан жан-жаққа арнайы өкілдер аттанды. 1933 жылғы 9 наурызда Т.Рысқұлов ОК Бас хатшысы И.Сталинге (көшірмесін ОК ауылшаруашылық бөлімі мен КСРО Халком кеңесіне) Қазақстандағы ашаршылық зардаптарын жою жөніндегі баянхатын жолдады. Мұның көшірмесін 11 наурызда жөнелтпе жазбасына тіркеп, Алматыға Мирзоянға жіберді. Ол ондағы пайымдарды қазақ партия ұйымының жаңа басшысы жұмыс барысында ескерер деп үміт білдірді. Осылайша, бұлардың әрқайсысы өз мүмкіндігінше ұлт мүддесіне қызмет етуге тырысты. Аталғандардың көпшілігі коммунист, ал коммунистік партия бір орталыққа қатаң бағындырылған империялық партия болатын. Осынау билеуші партия үшін ұлт мәселесі тап мұратына бағындырылған, екінші кезекте ғана ескерілетін, шындап келгенде аса жан ауырта қоймайтын жайт-тын, сол себепті ұлт коммунистері шектеулі шеңберде ғана әрекет ете алған-ды. Жалпы, ахуал осындай еді. Яғни, отарлық бұғауды қаусатып, мемлекеттілігі қалпына келтірілді дегенмен, Ресейдің самодержавиелік империясы орнына келген коммунистік империяның жаңа тұрпатты отарында өмір сүріп отырған қазақ халқы шынайы азаттыққа қол жеткізбеген-тін. Тиісінше, коммунистік отардағы қазақ саяси элитасы мәскеулік орталыққа бағынышты күй кешті...
– Аумалы-төкпелі уақыт. Көзқарастар қайшылығы болғаны да рас. Ұлт зиялыларын біріктіре алған не нәрсе?
– Иә, революциялық өзгерістер заманы ғой, сол аумалы-төкпелі уақытта өмір сүрген ұлт зиялылары ішінде көзқарас та, іс-әрекетте қилы қайшылықтар да, ұлт мүддесіне келгенде ортақ мақсат жолында біріге алушылық та болып тұрды. Әйтсе де, мен олардың, атап айтқанда Қазақ өлкелік партия комитеті бюро мүшелерінің, ең бір шешуші сәтте, 1925 жылдың жазында бірнеше ай бойы бірінші басшысыз отырған кезінде біріге алмағанын, өз араларынан бірінші хатшыға лайық тұлға тауып ұсынуға ниеттенбегенін, соның салдарынан халықты ұлттық апатқа ұшыратқан алапат ашаршылыққа өздері жол салып бергенін ұмытпаған жөн, одан мәңгілік сабақ алу керек дер едім. Мұның себебін Бақытжан Қаратаевтың әлгінде еске алған құлдық психология жайындағы түйінімен түсіндіруге болар еді. Қазөлкеком бюросының мүшелері бірінші хатшы лауазымын қандасына қимады, басшылыққа ұлттық мүддеге адал өз кадрын таңдап, соны сайлауды табанды түрде талап ету қажетін ойларына да алмады. Оларға араларындағы үзеңгілесін өсіргеннен, өздерін басқаруға мәскеулік орталықтың қазақ үшін беймәлім лениншіл-сталиншіл эмиссарын жібергені жақсы көрінді...
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС