Атырауда коронавируспен күреске 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Алайда Атырау облысында бүгінгі эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин режимі 8 маусымға дейін ұзартылып, өңірде бірқатар шектеулер сақталатын болды. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңірдегі коронавирус ахуалын тұрақтандыруға қатысты онлайн брифингте мәлімдеді.
Аймақ басшысы М.Досмұхамбетовтің айтуынша, коронавирус инфекциясымен күреске республикадан 500 млн теңге қаржы бөлінді. Шамамен осындай сома жергілікті бюджеттен де бөлінді. Бұл қаражаттар мақсатты түрде жұмсалды. Кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорындардың, компаниялардың көмегі зор болды. Соның арқасында медициналық құрал-жабдықтар, жеке қорғаныс құралдары, дәрі-дәрмектер алынған. Қонақүйлерде медицина қызметкерлеріне және карантинде жатқан азаматтар үшін жатын орындарының ақысы төленіп, уақытылы тамақтандыру ұйымдастырылды.
Аймақ басшысы М.Досмұхамбетов онлайн брифингте Теңіздегі жұмысшыларға қатысты сұраққа «Теңізшевройл» компаниясымен күнделікті жиналыс өткізілетінін, олардың Теңіз кенішіндегі жұмысшыларды қысқарту мен өндіріс орнын тоқтату туралы ешқандай жоспары жоқ екенін атап өтті.
– Бастапқыда небәрі 180 инфекциялық орын болса, бүгінде 540 орынға дейін көбейген. 300 орыннан астам провизорлық орын, 2 000-нан астам карантин орны жасақталған. Екі айдан астам уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқарылды деп есептеймін. Төтенше жағдай мен карантин шараларының арқасында індеттің жаппай таралуына жол берілмеді. Құрметті жерлестер, ең алдымен сіздерге айрықша алғысымды білдіремін! Себебі қиын сәтте сабыр сақтап, төзімділік таныттыңыздар. Алайда аймақтағы эпидемиологиялық ахуал әлі де болса сақтануды қажет етеді. Сондықтан облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері карантин талаптарын 8 маусымға дейін ұзартты. Теңіз кеніші қазір өңірдегі ең үлкен ошаққа айналды. Өткен аптада арнайы барып, жағдайды көрдім. Теңіз кенішінен өндіріске тікелей қатысы жоқ 18 мыңнан астам жұмысшыны уақытша шығардық. Олар аман-есен отбасымен қауышты, – деді аймақ басшысы М.Досмұхамбетов. Алайда дер кезінде мемлекеттік комиссия шешім қабылдап, осындай қадам жасалмағанда Теңіз кенішіндегі ахуал тіпті ушығуы мүмкін екеніне тоқталды.
Аймақтағы коронавирус ахуалын тұрақтандыруға қатысты 27 сәуірден бастап карантин талаптары кезең-кезеңмен жеңілдетіліп, қазір облыста 4 200-ден астам нысан ашылып, 75 мыңнан астам адам қалыпты жұмысына кіріскенін айтты. Көптеген ел карантин мерзімін ұзартып, кейбір мемлекеттер сақтық талаптарын қатайтқанына тоқталған облыс басшысы «Жаман айтпай, жақсы жоқ. Сондықтан карантин режимін барынша ұстанып, әлеуметтік арақашықтықты сақтауды бір сәт те ұмытпауымыз керек. Ал санитарлық талап қай жерде де қатаң сақталуы тиіс», – деді.
Аймақ басшысы қатысқан онлайн брифингке Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Амантай Жұмағалиев та қатысты. Алғашында індет ошағы қала мен Теңіз кеніші болғанмен, бүгінде індет жұқтыру дерегі облыстың алты ауданында тіркелген.
«Себебі ауру ауа арқылы да тарайды. Бұл ауруды кез келген адам жұқтыруы мүмкін. Сондықтан жұмысқа қайта кіріскен кәсіпорындар санитарлық талаптарды қатаң сақтап, әр адам өз денсаулығын өзі қорғауы керек» деп атап өтті спикер Амантай Жұмағалиев.
Оның айтуынша, Атырауда базарлар коронавирус көрсеткіші төмен деңгей болғанда ғана ашылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, коронавирус инфекциясына қатысты өз критерийі бекітілген. Бұл деңгей 7 пайыздан асса, эпидемиологиялық жағдай қиын деген сөз. Егер Атырауда апта бойына инфекция жұқтыру деңгейі төмен сақталатын болса, базарға байланысты карантин талаптарына өзгерістер енгізуге болады.
Аймақ басшысы М.Досмұхамбетов онлайн брифингте «Өкінішке қарай, елімізде коронавирус инфекциясының барына күмән келтіретін адамдар көшеде қыдырып, туған-туысының үйіне баруда. Балалар аулаларда бірге ойнап, бір-бірімен тығыз байланыста жүр. Аталған вирус қазір облыс көлемінде, әр ауданда таралуы адамдарды ойландыруы керек. Алдын алмасақ, салдары ауыр болатыны анық» деп облыс тұрғындарын отбасы, ата-ана мен тұтас елдің амандығы үшін карантин режимін сақтауға үндеді.