Бұл – тарихтан тағылым алатын күн
Бұл – тарихтан тағылым алатын күн
320
оқылды
Қарт тарихтың қойнауына көз салсақ, қазақ халқы­ның мерейі үстем болған дәуірлермен қатар, қайғы-қа­сірет тартқан кезеңдері де аз емес екенін байқай­мыз. Тарихтың ақтаңдақ беттерін па­рақтаған сайын 31 мамыр – саяси қуғын-сүргiн және ашар­­­­шылық құрбандарын еске алу күнiнің маңызын те­ре­­ңі­рек ұғына түсеміз. Бұл — ес­керткiштердiң басы­на гүл шоқ­тарын қойып, боз­дақ­тар­дың рухына Құран бағыштап қайтатын күн ғана емес, ұлттық Тәуелсіздік пен бүгінгі бейбіт күнге қандай қиямет-қайым жолдармен жеткенімізді санада саралап, тарихтан сабақ алар тұс. Өткеннің өкінішті кезең­дерін еске алсақ, большевик­тердің Қазақстанда толық би­лiк­ке қол жеткiзуi 1925 жылы ҚазКСР басшылығына Ф.Голощекиннiң тағайын­да­луы­мен басталды. Ол қазақ халқын бiржолата күйрету үшiн екi тәсiл қолданды. Оның бiрi – «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранымен басталған, халықты 40 миллион бас малынан айыр­ған ұжымдастыру науқаны. Салдарынан халық жаппай ашаршылыққа ұшырап, 2,1 миллион адам құрбан болды. Миллиондаған қандасымыз атамекенін жастап, әр қиырға босып кетті. Қазақ халқы ашар­­шылыққа дейінгі санына, араға жарты ғасырға жуық уа­қыт салып әзер жеткені – бұл зұлматтың қаншалықты қасі­рет­ті болғанын көрсетеді. Голощекиннің екiншiсi тә­сі­лі қазақтың зиялы қауы­мын, көзi ашық, көкiрегi ояу азаматтарын олардың саяси көзқарастарына қарамастан жаппай репрессиялауы бола­тын. Соның кесірінен қазақ жұрты жанашыр басшысыз қалды. 1930 жылы НКВД «ұлт­шыл» деген жаламен 43 зиялы тұл­ғаны Мәскеудегi «Бутырка» түр­месiне қамады. Ахмет Бай­тұр­сынов жер аударылды, Мiр­жа­қып Дулатов «Соловки» ла­ге­рiне айдалып, кейiн, 1934 жылы сонда қайтыс болды. Жүсiпбек Аймауытов 1931 жылы алғашқы құрбандардың қатарында оққа ұшып, шейiт кеттi. Ал Мағжан Жұмабаев Колыма лагерiне жа­был­ды. М.Әуезов пен Ә.Ерме­ков 1930-1932 жылдары түр­меге қамалып, тергеуде болды. 1931 жылы қазақ руха­ния­ты­ның алыбы Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы дүние салды. Сол жылы Шәкәрiм Құдайбердiұлы атылып, Иманжүсiп Құтпанұлы қаза болды. Ал 1932 жылы Үкiлi Ыбырай сынды асыл туған ер оққа ұшты. 1933 жылы Смағұл Сәдуақасов Мәскеуде қайтыс болды. 1937-1938 жылғы саяси қуғын-сүргiн Сталин құрған жауыз саяси режимнiң шынайы бет-бейнесiн ашып бердi. Қа­зақ халқының бетiндегi бар қай­мағы сылынып, зиялы атау­лы­сы саяси ұстанымдарына да қа­рамастан шетiнен қуғын-сүр­гiн­ге ұшырады. Алаш қозғалысына қа­тыс­­ты Ә.Бөкейханов, А.Бай­тұр­­сынов, Хәлел және Жа­һан­ша Дос­мұ­хаме­дов­тер, М.Тыныш­баев пен М.Жұма­баев та құрбан бол­ды. Большевизмдi қолдаған С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Н.Нұр­мақов, С.Қожанов, Н.Төре­құлов, С.Меңдешов, Т.Жүр­генов, Ж.Сәдуақасов, С.Ас­фендияров, Б. Майлин мен I.Жан­сүгiров және басқа да ел­дiң қадiрiн бiлген, көкiрегi ояу, адами қалпын сақтаған, арлы азаматтардың барлығы шетiнен – ұлтшыл, шпион, зиянкестер ре­тiнде айыпталып, «халық жауы» атанып, атылып кетiп жатты. Жалпы, сол жылдары Қа­зақстанда 125 мың адам қу­ғын­далып, оның 25 мыңнан ас­та­мы өлiм жазасына кесiлген. Бұл тек зиялы қауымға қар­сы жасалған қуғын-сүргiн емес, тұтас қазақ руханиятына қарсы қолданылған репрессия еді. Тота­литарлық жүйенің ұлт руха­ния­тын жою арқылы қазақ­тың өзiн де тарих сахнасынан бiржола ысырып тастауды көз­­деген геноциді болатын. Осын­ша қанды қасапты, зұл­мат­ты бастан өткізгеніне қа­ра­май қазақ халқы өзінің ұлт­тық болмысынан біржола айы­ры­лып қалған жоқ. Болашаққа деген сенімін жоғалтпады, үмі­тін үзбеді. Әйтпесе, хал­қы­­мыз қазақ жеріне күш­теп депор­тацияланған миллион­да­ған адамға бір үзім нанын бөліп беріп, пана болар ма еді?! Үздіксіз жалғасқан саяси науқандар мен қуғын-сүргіннен есін жия алмай жатқанына қа­рамастан, қазақ халқы, тағ­дыр­дың тәлкегіне түскен бар­ша ұлысты бауырына басты. Ке­­­ңестік биліктің пәрменімен қа­зақ жеріне қоныс аударған сол этнос өкілдері бүгінде біздің бауыр­­ларымызға, отан­дас­та­ры­мыз­ға айналды. Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Тарих – өткеннің саба­ғы. Біз өткенімізге қарап, ерте­ңі­мізді түзеуіміз керек» деген сындарлы сөзі тарихи сананы жаңғыртуға, ұлттық рухтың өрлеуіне жол ашты. Егемендік жыл­дарында ел тарихының кө­мескі беттері қайта ашылып, мемлекетіміздің соңғы жүзжыл­дық­та жүріп сүрлеуіне жаңаша баға берілуде. 1997 жылы Елбасы Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев­тың Жар­л­ығымен 31-мамыр Саяси репрессия құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Біз­дің халық қуғын-сүргін кесі­рі­нен жазықсыз жапа шеккен қай­раткерлердің есімдерін еске алып, олардың рухтарына құрмет көрсетуді әр уақытта да есінен шығарған емес. Бұл – тарихтан тағылым алып, биік мақсат – «Мәңгілік елге» бет алған ұлы халықтың ұла­ғатты ісі.  

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ, Nur Оtan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары