Бразилияда қылмыскерге қарастырылған жаза Қазақстанға қарағанда жұмсақ екенін білген депутаттар таңданысын жасырмады. Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің кезекті жалпы отырысында олар Бразилиямен арадағы адамдарды ұстап беру және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттарды мақұлдап, Сенатқа жолдады. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, тәуелсіздік жылдары Амазонка жағалауындағы осы елмен арада қылмыспен күрес саласында небәрі 3 шарт жасалыпты. – Бүгінде екі ел арасындағы байланыс жоғары деңгейге көтерілді. 2016 жылдан бері мемлекеттеріміз өзара визасыз тәртіпке көшті. «Қазақстан мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шарт» іздеуде жүрген адамдарды қылмыстық жауапқа тарту және сот үкімін орындау үшін экстрадициялау мәселелерін шешеді. Қазақстанда қылмыс жасаған адам Бразилияда жасырынса, ол қамауға алынып, бізге ұстап беріледі. Біз де ұқсас міндет аламыз, – деді Марат Ахметжанов. Әзірге Оңтүстік Америкадағы бұл елге қазақстандық қылмыскерлердің аяғы жетпепті. «Бұл елде бүгінде Қазақстанның құқық қорғау органдарынан жасырып жүрген адам жоқ. Бізде де олар іздеу салған қылмыскер жоқ. Демек, шарттың бір мақсаты – алдын алу», – деді Бас прокурордың орынбасары. Ол өзге елдермен арада дәл осындай 21 екіжақты шарт жасалғанын жеткізді. Ұқсас келісімдерге жуырда Аргентина, Перу, Доминикан, Кипр, Малайзия және Грекиямен бірге қол қою жоспарлануда. Айтқандай, Қазақстанда да, Бразилияда да өлім жазасы қолданылмайды. Бірақ кей жазалары өзгешеленеді екен. Мысалы, Бразилияда қылмыскерді 30 жылдан артық мерзімге соттауға тыйым салынған. Барлық сотталғандар осы мерзімнің үштен бір бөлігін өтегеннен, яғни он жылдан кейін еркіндікке шығу мүмкіндігіне ие. Ал республикамызда қылмыскер өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ондай жаза кесілген адам рақымшылыққа ілікпейді және кем дегенде 25 жыл түрмеде отыруы тиіс. Тек содан соң шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуды сұрай алады. Құзырлы орган өкілі еліміздегі қылмыстық жаза БФР-дегіден әлдеқайда қатал екенін растады. «Бірақ біз Бразилия қайтаратын адамға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қолдана алмаймыз. Себебі ұстап берілген тұлғаның ең жоғарғы жазаға кесілмейтіні туралы міндеттеме алып отырмыз. Ондай тұлғаға қатысты ең жоғарғы жаза мерзімі жалпы алғанда 25 жылдан аспауы тиіс», – деді Бас прокурордың орынбасары М.Ахметжанов. Елдос СЕНБАЙ