Бизнесмен Александр Щетининнің командасы балық өсіру ісін бекерден-бекер таңдаған жоқ. Үш жыл бойы әлемдегі бірқатар балық зауыттарының тәжірибесін зерделеп, ең тиімді деген тәсілдер мен балық түрлерін таңдап алды. Ақыры Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында Қазақстанда бірінші болып KazOrganicProduct ЖШС балық өсірудің толық кезеңін қамтитын органикалық балық өнеркәсібі кешенін іске қосты.
Балық шаруашылығы туралы жаңалыққа құлақ түріп жүретіндер түгел жиналған зауыттың ашылу салтанатына Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков, «Атамекен» ҰКП өкілдері, Ресей, Қытай және Израиль елдерінен арнайы келген серіктес компаниялардың жауапты тұлғалары мен журналистер қатысты.
Жаңа кәсіпорынның бұрынғылардан басты ерекшелігі – еліміздегі өзіндік балық өсіру материалдары және жемдік қорымен жұмыс істейтін, экологияға ешқандай нұқсан келтірмейтін, алғашқы «тұйық» өндіріс екенінде. KazOrganicProduct ЖШС жобасы йод тапшылығы бар аймақта аса маңызды болып саналатын балық өнімдерімен тұрғындарды қолжетімді бағада қамтамасыз ету арқылы тірлік сапасын арттыру тұрғысында Қазақстанның азық-түліктік қауіпсіздігі бағдарламасына толықтай жауап береді. Балық шаруашылығында өзіндік аналық топ бар және солардан алынған материалдар балық өсіруге пайдаланылады. Азықтық базасы да жабдықталған. Барлық өнімдер бірқатар тазалау сатыларынан өткен, тұйық сумен қамтамасыз ету құрылғысы арқылы келетін су толтырылған жасанды хауыздарда өсіріледі.
– Клариус, баррамунди, страйбасс, тилапия, нефриттік алабұға, австралиялық қызыл-қысқашты шаян – кіші лобстер сынды африкалық және австралиялық балық түрлерін өсіреміз. Алғашқы өнімдерді алдағы күзде сауда сөрелеріне шағарамыз деген жоспар бар. Бастапқы кезде жылына екі тонна шығарып, сонан соң сұранысқа қарай оның көлемін он тоннаға жеткізбекпіз. Бұл жоспар қазақстандықтардың бұған дейін өздеріне таңсық болып келген өнімдерді қабылдауына байланысты екені айтпаса да түсінікті. Жерлестеріміз бұрын естімеген балық түрлерін жақсы көріп кетеді деген үміт үлкен. Өйткені біз әлемде үлкен сұранысқа ие балық түрлерін таңдадық. Сонымен бірге, бағасы да халыққа қолжетімді болады, – дейді зауыттың бас директоры Александр Щетинин. Ол сонымен бірге, кәсіпорында әлемдік тәжірибе негізге алынғанымен, балық өсірудің өзіндік қазақстандық технологиясы қолданылатынын да атап өтті. Қажеттілік туындап жатса, өндірістік қуаттылықты барынша арттырып, еліміздің аумағын да қамтуға мүмкіндіктері бар көрінеді. Жаңа өндіріске маман ихтиологтар аса қажет. Әзірге шетелдік мамандардың кеңесіне арқа сүйеп отырған кәсіпорын болашақтың қамын бүгіннен ойлап, қажетті мамандарды оқытып алуға тырысуда. Қазіргі кезде зауытта жиырма адам жұмыс істейді. Балықты мұздату мен қайта өңдеу жұмыстары жолға қойылғанда жұмысшылар саны еселеп артпақ.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы