Білім саласында қордаланған мәселелер шешілетін болды
Білім саласында қордаланған мәселелер шешілетін болды
Фото: Интернеттен алынды
257
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысына білім беру, ғылым және денсаулық сақтау мәселесін қоюы бекер емес. Өйткені, адами капиталдың негізінде жатқан осы бағыттар екені мәлім, ал заманауи экономиканың жетекші күші адами капитал болып тұр. Сонымен бірге, бұл салаларда көп жылдан бері қордаланып қалған мәселелердің көп екені баршамызға мәлім. Ұлттық кеңестің отырысында сөз сөйлеген мүшелер де осы мәселелерді айтып,  көптеген ұсыныстар айтты. Президент білім мен ғылымның жеткіліксіз қаржыландырылуы және жүргізіліп келген реформалардың жүйесіздігі осы салалардың дамуының нашарлығы мен еліміздің оқушылардың білім деңгейі жөнінен халықаралық бағалауда артта қалуының себебі екенін атап өтті. Осыған байланысты Қ.Тоқаев 2025 жылға дейін білім беру саласына бөлінетін қаражаттың 6 есе, ғылымға – 7 есеге өсетінін және Білім беру мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын қайта зерделеу қажет екенін айтты. Бұл мәселелерді жүйелі шешу мен оны қаржылық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге мектептердің ахуалы, материалдық-техникалық базасы мен санитарлық жағдайы бүгінгі талаптарға сай келмейтіні, ауыл және шағын қамтылған мектептер және басқа мәселелер туралы айтылды. Президент бұл проблемаларды шешу үшін арнайы бағдарламалар дайындау қажеттігін баса айтып, тиісті тапсырмалар берді. Білім сапасына тікелей әсер ететін фактор – мұғалімнің біліктілігі мен кәсібилігі екені баршамызға мәлім. Осының дәлелінің бірі ретінде ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің  «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөздерін келтірейік. Елімізде қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң және одан шығатын шешімдер орта білімге және ұстаздар еңбегіне жаңа серпіліс бергенін атай отырып, олардың жаңа жағдайдағы орны ерекше екені айтылды. Әлемді жайлаған коронавирус індетіне байланысты Төтенше жағдай мен карантин кезінде телеарналарда берілген бейне-сабақтар мұғалімдеріміздің кез келген сый-құрметке лайық екенін көрсетті. Сондықтан мұғалімдерді моральдық және материалдық жағынан қолдау қажет деген Мемлекет басшысы үздік мұғалімдерді «Халық алғысы» және басқа да арнаулы медальдармен марапаттауды ұсынды. Бұл өткен жылғы ұстаздар қауымының еңбекақысын төрт жылда 2 есеге көбейту және басқа шешімдермен қатар мұғалімдер еңбегін бағалаудың жоғары деңгейге көтеріліп жатқанын көрсетеді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы еліміздің жетекші педагогикалық оқу орны ретінде Мемлекет басшысының педагогикалық білім мен мұғалімдерді дайындаудың сапасын арттыру туралы ұсыныстарын ерекше қабылдадық. Педагогикалық білім беруді модернизациялау оқу бағдарламасын 100 пайыз жаңартуды, оның ішінде IT – құзырлылық жөніндегі арнаулы модульді, сабақ берудің заманауи технологиялары мен әдістемелерін енгізуді талап етеді. Осы мәселелерді ескере келе Президент Қ.Тоқаев педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақыларын 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін ұлғайту қажеттігін айтып, қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Сонымен бірге ол педагогтарды тек қана педагогикалық арнаулы жоғары оқу орындары ғана дайындау қажеттігіне, бұл салада ЖОО-лар арасында бәсекелестікті арттырудың маңыздылығына тоқталды. Президент мектеп, балабақша, колледж директорларын тағайындауды жетілдіру, бұл жұмысқа талантты, білімді, адамгершілігі жоғары, өз елінің нағыз патриоты дейтін жастарды тарту, директорлардың аттестациясын жақсарту жолдарына ерекше назар аударды. Балаларды балабақшалармен қамту, жастарға техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мәселелері де назарға алынды. Қ.Тоқаев елімізде Төтенше жағдай енгізілген кезде пайдаланылған қашықтықтан оқыту жүйесін одан әрі жетілдіріп, кез келген сынаққа дайын тұру қажеттігін ескертті. Мемлекет басшысы оқулықтарды цифрлы форматқа көшіруді тездетуді тапсырды. Қазіргі қолданыста жүрген оқулықтардың сапасы сын көтермейтіндіктен, алдағы уақытта сапасыз оқулық үшін автор мен баспаны жауапкершілікке тартуды заңдастыру керектігін баса айтты. Президенттің қырағы көзінен жоғары оқу орындарының жағдайы да тыс қалмағаны бізді қуанышқа бөледі. «Біз «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалімдерді ынталандыру шараларын қарастырдық, – деді Қ.Тоқаев. – Бірақ іс жүзінде жоғары оқу орны оқытушысының жалақысы мұғалімнің жалақысынан аз боп қалды. Осыған орай Үкімет ЖОО оқытушыларының еңбекақысын көбейту мәселесін қарастыруы керек». Осылай деген Президент мұны мемлекеттік гранттардың құнын арттыру арқылы жүзеге асыруға болатынын да ескертіп өтті. Міне, ниет болса орындалмайтын нәрсе болмайтынын осыдан-ақ аңғарғанымыз абзал. Шын мәнінде, ЖОО-ларда қордаланып қалған проблемаларды күнделікті жұмыс барысында өз басымыздан өткеріп те жүрген жайымыз бар. Университеттердің материалдық-техникалық базалары талап деңгейінен көп төмен, оқытушылар мен студенттердің жағдайлары да ерекше көңіл бөлуді қажет етеді, жатақханаларда орын жетіспейді. Тағы бір айта кетерлік нәрсе, студенттің оқуына бөлінетін мемлекеттік грант құны 2011 жылдан бері өзгермей 340-420 мың теңгеге тең болатын. Президент бұдан былай грантты 3 есеге дейін көбейту, яғни 1 млн теңгеге дейін жеткізу туралы шешім қабылданғанын, осы арқылы оқытушылардың жалақысын кезең-кезеңімен арттырып, университеттердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қол жеткізілетінін айтты. Бұл  ЖОО оқытушыларының сенімі мен үмітін оятты. Алдағы бес жылда студенттер үшін 90 мың орындық жатақханалар салынатыны да білімгерлерді қуантты. Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін қазақстандық 10 жоғары оқу орнын әлемнің ең үздік 500 университетінің қатарына енгізуді министрлікке тапсырды. Қазір QS World University Ranking рейтингінде 561 орында тұрған біздің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 2025 жылға дейін үздік 450 университеттер қатарына шығуды жоспарлап отыр. Біз бұл мақсатқа жетіп, Президент тапсырмасын орындаймыз. Жоғары білімге қолжетімділікті арттыру үшін гранттарды бөлу кезінде табысы аз отбасылардан шыққандарды және басқа да әлеуметтік категорияларға жататындарды ескеру бұл осы топтың жастарына жоғары білімнің қолжетімділігін арттырады да, олардың өмір жолында өсуіне үлкен мүмкіндік береді. Ғылым саласының өзекті мәселелерін атай келе Мемлекет басшысы бұл бағытты тиімді дамыту жолдарын көрсетті. Қазақстандық 100 ғалымды  әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамалардан өткізуді, докторанттарға бөлінетін гранттар құнын арттыру арқылы оларға төленетін степендияны 150 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Жас ғалымдарға бөлінетін гранттарды алдағы 3 жылда 3 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Осыған байланысты ғалымдардан талап етер жауапкершілік те ұлғая түспек. Қысқасы, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті мәжілісіне білім мен ғылым және денсаулық сақтау мәселесін арнайы қойып, бұл жөнінде өз бағдарламасын ұсынуы ел өміріне үлкен серпіліс туғызып, халықтың билікке деген сенімін арттыра түскені анық. Елдің экономикасы мен әлеуметтік жағдайы білім мен ғылымға тікелей байланысты екенін ескерсек, аталған салалардың шапшаң және әлемдік деңгейде дамуы Қазақстанның ертең-ақ гүлденген мемлекетке айналарына сенімімізді арттырады. Президент сөзі жалпылама емес, нақтылы да нәтижелі сөз. Оның бағдарламалық сөздерінде еліміздің келешек көкжиегі айқын көрініс тапқан. Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары мен барлық қызметкерлері Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде сөйлеген сөздерін қанағаттанғандық сезімімен қарсы алып, өз міндеттерін зор жауапкершілікпен атқаруға құлшынулы.

Такир БАЛЫҚБАЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық Педагогикалық университетінің ректоры, профессор