Қуғын-сүргін мен ашаршылыққа қатысты баға бергенде қалың көпшіліктің де, зерттеушілердің де алдынан кесе-көлденең шыға беретін бір мәселе бар. Ол – архив құжаттарының барлығын ашып, онда бір-бірінің үстінен арыз жазғандардың есім-сойын жариялау немесе жарияламау мәселесі. Мұндай құжаттарды жариялауды жақтайтындар ұлт зиялыларына домалақ арыз жазғандар кім екенін білу санада сілкініс жасап, тарихтан шынымен сабақ алуға бастайтынын айтады. Қарсылар құжаттарды ашу арыз-шағым жазғандардың ұрпағы бар екенін, оларды әшкерелеу ел ішінде өнбейтін даудың басталып, бір-бірін айыптап, өштік пен қастыққа апарып соғуы мүмкін деп қауіптенеді. Алайда екі жақ та мұндай құжаттардың ерте ме, кеш пе ашылатынына кәміл сенеді. Ал қуғын-сүргін кезінде азаматтардың атылып, түрмеге қамалуына себеп болған арыздарды жазғандарды қазір неге атамасқа? Архивтерді ашатын кез келген жоқ па? Бұл сауалдарға тарихшылар жауап берсін.Светлана СМАҒҰЛОВА, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Қуғын-сүргін нәубетіне қатысты әлі де болса құпиялығын сақтап, іздеушіге берілмей отырған архив құжаттары жетерлік. Бұл – саяси қуғындалуға себепші болған арыздар. Қазірде мұндай мазмұндағы құжаттар Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивінде сақтаулы. Қуғындалу барысын ашуда бұл құжаттар аса қажет. Дегенмен де осы құжаттардың бәрін шынайы деп айтуға болмайды. Себебі кеңестік жүйе тұсында қинау, ұрып-соғып мойындату сияқты тәсілдерді қолдану арқылы қазақ азаматтарын айдап салумен бір-бірінің үстінен қаралап, арыз-шағым жаздыртқандары да бар. Десе де, сол кездегі болған жағдайларды байыбына барып зерттеп, шындықты қалпына келтіру үшін бұл құжаттармен зерттеуші-ғалымдар танысуға тиіс. Өкінішке қарай, Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивінің құжаттары арнайы рұқсаты бар ғалымдарға ғана қолжетімді. Қуғындалған кейбір қайраткерлердің айыпталу ісіне қатысты жинақтарда үзінді ретінде жарияланып та жүр. Алайда бұл оларға жабылған айыптардың ақ-қарасын нақты дәлелдеуге аздық етеді. Міне, сондықтан қуғын-сүргіннің айқын тарихын ашу үшін барлық зерттеушілерге архив қорындағы құжаттармен танысуға мүмкіндік беру керек. Бұл мәселе мемлекет тарапынан шешілсе, көп жайттарға қанық болар едік
Абдулуақап ҚАРА, Мимар Синан университетінің профессоры, тарихшы, Түркия:
– Бұл тақырып көкейкесті мәселе. Меніңше, бұл тақырыпты қозғаудың мезгілі келді. Бірақ Қазақстанда мұндай оқиғаларға қатысты адамдарды кінәлай беретін бір қателік бар. Менің ойымша, бұған басқаша көзқараспен қараған дұрыс. Бұл жерде арыз жазған адамда кінә жоқ. Бар кінә жүйеде болып отыр. Жүйе адамды адамға қарсы қойып отыр. Мәселеге сондай жағдайға итермелеген отарлық, қанаушы жүйенің қылмыстарын ашу тұрғысынан келуіміз керек. Отарлаудың ерекшеліктерін мысалға ала отырып қарастырған дұрыс. Өкінішке қарай, өз басым арыз жазған адамды, оның ұрпағын кінәлап жүргендерді байқаймын. «Бір адам қуғын-сүргін көріп ұрпақсыз кетті, ал арыз жазғанның тұқым-жұрағаты аман-есен жүр» деп сол адамның ұрпағына халықты өшіктіріп отырғандар да бар. Бұл – үлкен қателік. Бұған бармауымыз керек.
Жалпы, сізді, еліңізді бөгде біреу басқаратын болса, онда адамды адамға, зиялыны зиялыға қарсы қойып, осындай арыз-шағым жазуға мәжбүрлейтін тәсілді пайдаланады. Біреуіне лауазым беріп, тағы біреуіне ақша беріп жасатады. Енді бірін қорқытып-үркітіп арыз жазуға мәжбүрлейді. Арыз жазған адамның не өзі, не жүйенің қырына іліккен адам өлетіндей етіп, қиын жағдайда қалдырады. Азат елде адамдарды адамдарға қарсы қою саясаты болмайды. Тәуелсіз демократиялық елдерде сөз бостандығы болғандықтан, айтқан ойы, жазған пікірі үшін адамдар сотқа тартылмайды. Ал өзгелердің бодандығында болған елде мұндай әрекеттерді саяси жүйе ұйымдастыратындықтан, айып тағылған адамға сот та дайын тұрады. Олар арызды тергеп-тексерген болып, адамды қуғын-сүргінге ұшыратып жібереді. .
Жалпы, тәуелсіздігінен айырылған елдерде ұлтының қамын ойлап, халықтың мүддесін қорғаған зиялылар туралы мұндай оқиғалар көп кездеседі. Сондықтан тәуелсіздіктің қадірін білу үшін деректерді ашу керек. Алайда оны адамдардың жеке кінәсі ретінде емес, адамдарды осыған итермелеген жағдайларды және отаршылық жүйенің жымысқы саясатын ашу үшін зерттеген дұрыс. Әйтпесе, одан пайда орнына қоғам зиян шегеді.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директоры:
Негізі, бірінші кезекте құқық қорғау органдарының архивтерін ашу керек. Біз тәуелсіз елміз. Тарихымызды да тәуелсіз көзқараспен зерттеуге тиіспіз. Меніңше, мәселе арыз жазған адамдар мен олардың ұрпағына қатысты емес. Алдымен зерттеу үшін ақпарат алуымыз керек. Біз тергеу органдары құжаттарының көшірмелерін Ресей, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан тәрізді өзге елдердің архивтерінен өз қаржымызға, мемлекеттің ақшасына алып келеміз. Әрі ондай құжаттар үнемі қолға түсе бермейді. Оның үстіне, «кісідегінің кілті аспанда» деген бар. Сондықтан ХХ ғасырға, одан бұрынғы дәуірлерге қатысты өз архивтерімізде жатқан құжаттарды ашып тастау керек. Олардың біршама бөлігі құқық қорғау мен қауіпсіздік органдары архивтерінде жатыр. Ескі құжаттарды ашудан сескенудің қажеті жоқ. Бір ғана мысал айтайын, Украина 2015 жылы парламенттік деңгейде шешім қабылдап, барлық архивті ашты. Барлық құжаттардың «құпия» деген грифін алып тастады. Тіпті, онда Украинаның қауіпсіздік қызметі зерттеушілерге көмектесіп те жатыр. Сол себепті оларда тарихты, қуғын-сүргін, ашаршылықты зерттеуге ғалымдар толық мүмкіндік алды. Олар аштықтан қырылған 4 млн-дай азаматының аты-жөнін, туған-жылдары мен не себепті ажал құшқанын анықтап алды. Сондықтан «арыз жазушылардың ұрпағы зардап шекпей ме?» деп қорқудың қажеті жоқ. Украинада ешкім ұрыс-керіс шығарған жоқ. Өйткені арыз жазған адамдардың барлығы дерлік өмірде жоқ. Ал «әкелер үшін балалар жауап бермеуі керек» деген қағида бар. Демек, арыз жазушылардың ұрпағы зардап шекпейді. Керісінше, мұндай оқиға болашақта арыз жазушылар қатарын азайтады. Тарихта жаман атпен қалғанды кім қалайды дейсің?! Мәселе арызқойларды әшкерелеуде емес, жалпы қуғын-сүргін, ашаршылық, депортацияның қалай өткенін анық көрсетуде. Біздің арамызда Алаш қозғалысы, ашаршылық, қуғын-сүргін тақырыптарын зерттеп, көптеген деректерді оқырманға жеткізген Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлы тәрізді тамаша зерттеушілер бар. Алайда ішкі істер саласының, прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивтеріне қол жеткізе алмай отырмыз. Бір кездері бұл құжаттардың бірқатарын ғалымдарымыз алғанымен, кейін «құпия» грифі соғылды да, оларға зерттеушілер қол жеткізе алмай қалды. Екіншіден, мұндай мәселенің келесі жағы тағы бар. Қазақтың мықты, қайраткер азаматтарына зұлмат жылдарда тергеушілер көп азап тарттырды. Бүгінде ел мақтанышы болып жүрген сондай қайраткерлер тергеу кезіндегі қинау мен азаптауға шыдамай, жанындағы серіктерін қаралап, жүйенің ыңғайына жағатын құжаттарға қол қойып жіберген болуы да ғажап емес. Демек, ондай деректерді жариялағанда да «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн. Сондықтан тек арыз жазғандарға қатысты деректерді ашып көрсету деп мәселені төтесінен қоймаған дұрыс деп білемін. Оқиғалардың барлық қыр-сырын мейлінше тұтас зерттеу үшін сол дәуірге қатысты барлық архивті ашу керек. Ал ғалымдар өздері қол жеткізген құжаттарды жариялаған кезде еліміздің заңдары мен халқымыздың танымын, этикалық нормаларды назардан тыс қалдырмайды деген ойдамын.
Данагүл МАХАТ,Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Отырар кітапханасы»ғылыми орталығының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
ХХ ғасырда жазба деректер көп жинақталды. Жазба деректердің ішінде көп жариялана бермейтіні, деректі ішіне бүгіп ұзақ жылдар зерттеушісін күтіп жататыны – ол хаттар, сонымен қатар сіз айтып отырған архивтегі арыз-шағымдар. Тарих ғылымы үшін өткен ғасырдағы кеңестік тоталитарлық жүйенің қуғын-сүргіндері кезеңіндегі жазылған арыз-шағымдар да деректің бір түрі, олардың мазмұны да бір-біріне ұқсамайтын әр алуан болып келеді.
Қуғын-сүргін кезінде арыз жазғандар туралы архив деректерін ашу қажет пе, жоқ па? Осы сұрақ көп қойылады. Бұл мәселеде тарихшы маман ретінде ұстанымым мынадай: алдымен ол деректер кімге қажет? Егер белгілі бір зерттеу аясында, тарихтың ақтаңдағын ашуға қосымша дерек ретінде қажет болса, онда ХХ ғасырдың қарама-қайшылықты, күрделі кезеңінің деректерін, оның ішінде арыз-шағымдарды деректанулық талдаудан өткізіп, ғылыми түсініктерімен жариялауға немесе зерттеуде пайдалануға болады.
«Кезінде арыз жазғандар туралы», яғни арыздың иесі туралы мәліметті жариялау деген мәселеде де дерекке ғылыми талдау жасамай, жариялаған дұрыс болмайды деп ойлаймын. Себебі біздің қоғам кешегі ХХ ғасыр тарихын біледі дегенмен де, сіз сұрап отырған архивтен алынған қуғын-сүргін кезіндегі арыз және арыз жазғандар деген мәселеде мұқият болатын тұстар бар. Олай дейтінім әкімшіл-әміршіл жүйе тұсында халықты қорқытып-үркітіп, күштеп немесе арнайы тапсырыспен жазғызған арыздар да бар. Ақиқат архивтегі және басқа да тарихи деректерді салыстыра терең зерттеп, талдау жасау барысында ашылады. Егер қуғын-сүргін кезіндегі арыз және арыз жазғандар туралы деректерді жариялағанның өзінде де деректанулық ғылыми талдаудан өткізіп, ғылыми түсінік, ғылыми анықтама беріп көпшілік оқырманға ұсынған абзал.