Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты қабылдады.
Мемлекет басшысына партияның қазіргі жұмыстары, соның ішінде Nur Otan партиясының XVIII съезінің шешімдері мен «Игілік баршаға! Сабақтастық, әділдік, өрлеу» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимылдар Жоспары, сондай-ақ, партия Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі әлеуметтік жағдайды жақсарту және партия жобаларын одан әрі дамытуға байланысты тапсырмаларының орындалуы туралы ақпарат берілді.
Қазақстан Президенті партияның барлық бағыттағы, соның ішінде, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша сайлауалды бағдарламасының жүйелі әрі белсенді түрде атқарылуының маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы қоғаммен конструктивті диалог орнатуда партияның алар орны ерекше екенін айтты.
– Қоғамдық сенім жөніндегі Ұлттық кеңес елімізді одан әрі дамытуға бағытталған түрлі пікірлер ашық айтылатын, ұсыныстар енгізілетін нақты шынайы диалог алаңы болуы тиіс. Кеңеске барлық мүдделі әрі жауапты саяси күштер, партиялар, үкіметтік емес ұйымдар және басқа да белсенділер атсалысуы қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери қоймада болған жарылыс салдарынан зардап шеккендерге партияның барлық облыстардағы бөлімшелерінде гуманитарлық көмек жинау орталығының ұйымдастырылғаны жөнінде хабарлады.