©А.Ахметқазы[/caption]
АҚШ-тағы Мэриленд университетінің профессоры Сара Камеронның «Аш дала: ашаршылық, жаппай зорлық-зомбылық және Советтік Қазақстанның құрылуы» деген еңбегі дүниежүзін елең еткізген. Сара ханым өз зерттеуінде 1930-1933 жылдарда болған ашаршылықтан 1,8 миллионнан астам адам өлгенін жазады.
Батыс ғалымдары Р.Монвест «1931-1932 жылдары – 1 миллион, М.Олкотт 1,5 миллионнан астам адам көз жұмды» деп жазады.
Гувер институтының аға ғылыми қызметкері Р.Конквестің «Ресейдегі тәжірибелер. 1931 жыл» еңбегінде: «1930-1933 жылдар аралығында 40 мың кулак шаруашылығы тәркіленді, кейін 15 мың шаруашылық өзін-өзі тәркілеп, беті ауған жаққа қашып кетті. Басқаша айтқанда, тәркілеу қазақ жерінде жарты миллион адамды қамтыды. 1926 жылғы санақ бойынша, Кеңес Одағында – 3,9 миллион, 1939 жылғы санақ бойынша 3,1 миллион қазақ өмір сүрді. Сонда халықтың ұлттық өсімін ескерсек, ашаршылықтан, түрлі қуғын-сүргіннен қазақтар 1,5 миллион адамын жоғалтқан», – дейді.
Айтпақшы, азалы жылдарда халық тек аштықтан ажал құшпапты. Большевиктер жоспарлы түрде арып-аршыған қазақтардың көзін жойған деседі. Мәселен, адамдар бір үзім нан іздеп теміржолды жағалаған, қалаларға ұмтылған. Сол қалаларға кіреберісте оларды пулеметтің жаңбырдай жауған оғы қарсы алыпты. Жазушы Таласбек Әсемқұлов «Аштық және соғыс» атты әйгілі мақаласында: «Барнаулдан Саратовқа дейінгі аралықтағы бүкіл Түрксіб және басқа теміржолдардың бойы самсаған өлік болды. 1933-35 жылдары мыңдаған адамнан құрастырылған командалар тек жартылай шіріген адамның өлексесін көмумен айналысты. Совет өкіметі сахарадағы каннибализм фактілерін мұқият жасырды. Ферғананың қалаларында қазақтардың өз балаларын астыққа немесе бір үзім нанға айырбастағандары әредік болса да баспасөзде айтылатын, бірақ қазақ даласында адамның етін жеу дағдысының елес бергені жайындағы деректер барынша жасырылып отыратын. Көптеген адам өзіне қол салған» деп ашынады.
Тарихшы Мәмбет Қойгелді Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мұрағатында маңызды мәліметтер сақталған деп санайды. Ол жерде зерттеушілердің қолына берілмейтін құпия материалдар – советтік жүйеде жазылған қорытынды анықтамалар бар екен.
«1933 жылы Голощекиннің орнына Мирзоян келді де, Қазақстанның барлық облысында комиссия құрды. Құрамына облыстық партия комитетінен, облыстық атқару комитетінен мамандар кіретін комиссияның міндеті ең бірінші кезекте әрбір қазақ ауылы, колхоз-совхоздары мен қалаларында аштыққа дейін адам саны, мал басы, егіс көлемі қанша болды, аштықтан кейін қаншасы қалды деген мәселені анықтау еді. Сол фактілер мұрағаттарда болуы керек. Ендеше біз осы мәселе бойынша зерттеу тобы ма, бәлкім, орталық құрсақ дұрыс болар еді. Мүмкін, сол материалдар табылар ма еді?» деп үміттенеді профессор.
Қысқасы, жаңағы деректің бәріне бірдей сене алмаймыз. Ең өкініштісі, зерттеушілер миллиондаған шәйіттің санын оңды-солды ойнатып, бір тұжырымға тоқтай алмай отыр. Ендеше ҰҚК-дегі жабық мұрағат, құжаттық материалдар айналымға шықпайынша, ашаршылық ақиқаты ашылмайтыны анық.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ