Ұсынысымыздың жартысы ғана қолдау тапты
Ұсынысымыздың жартысы ғана қолдау тапты
431
оқылды
Коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде  бизнес субъектілерінің басым бөлігінің жұмысына  шектеу қойылды. Содан бері табысынан қағылған кәсіпкерлер құқы қаншалықты қорғалды? Бизнестің билікке жолдаған өтініші орындалды ма?   Қазақстан кәсіпкерлерінің құқын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновпен осы тақырыпта сөйлестік. – Рустам Манарбекұлы, биз­нес субъектілері карантин кезін­де билікке өтініш «Атамекен» ҰКП арқылы жолдады. Жалпы, кәсіп­кер­лерді қандай мәселе мазалап жүр, әңгімемізді осы сауалдан бастасақ? – Төтенше жағдай жария­лан­ған кезден-ақ бизнестің басым бөлігі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Себебі олардың бизнесі адамдармен тікелей байланысты еді. Адам көп шоғырланатын нүктелердегі бизнестің жағдайы қиындады. Сондықтан көмек сұрауға мәжбүр болды. Карантин енгізілгеннен бері бізге кәсіп­кер­лерден 44 мыңнан астам өтініш түсті. Оның 60 пайызы шарттағы міндеттерді орындай алмайтынын, сондықтан шартты бұзуға тура келгенін айтқан. Ал 54 пайызы қызметкерлерді мер­зімсіз демалысқа жіберуге не­месе толық емес жұмыс күні­не ауыстыруға, 20 пайызы штат санын қысқартуға мәжбүр бол­ға­нын жазды. Жұмысын уақытша тоқтатқан бизнес субъектілерінің карантин кезінде кеңсені жалға алу, еңбек және коммуналдық қызметтерді төлеу міндеттемесі қаржылық жағдайына кері әсер еткенін баяндағандары да бар­­шылық. Компаниясын тө­тен­ше жағдай кезінде қызмет етуге рұқ­сат етілген мекемелер тізіміне қосуды сұрағандар көп болды. Әрбір екінші өтініш осы мә­се­леге қатысты хат жазды. Мұ­ның барлығы кәсіпкерлердің табыс­сыз қалмасақ екен деген ниеттен туған өтініш. Сондай-ақ әлеуметтік маңы­зы бар тауарларға шекті баға бел­гілеу мәселесіне қатысты да сұрақ туындады. Мысалы, азық-түліктің шекті бағасын белгілеуде сатып алу бағасы рұқсат етілген бағадан жоғары болып кетті. Мы­салы, «Адал» маркалы сары май­­ды сатып алу бағасы – 3 856 тең­ге, ал белгіленген шекті баға – 2 667 теңге. Кәсіпкерлер мұн­дай­да қалай пайда табады? Қазіргі күні Қазақстаннан тыс жерлерге бидай шығаруға квота алу мәселесі де өзекті болып отыр. Квота элеваторлардан астық жө­нел­тетін және астық қолхатын пайдаланатын компанияларға ғана беріліп жатыр. Сондықтан экс­порттаушылар Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінен кво­та­ны экспорттаумен айна­лы­сатын­дар­дың барлығына беру туралы өтініш жолдады. Мемлекеттік қолдау шара­ла­рын алу үшін зардап шеккен салалар тізбесіне енгізуді сұра­ған­дар да баршылық, олар – үкі­меттік емес ұйымдар, ірі сер­­вистік және өндірістік ком­па­ниялар, зерттеу ұйымдары. Бұл өті­ніштердің барлығын ескеріп, Үкіметке жеткіздік. – Ал Үкімет ұсыныстарыңызды қан­шалықты қолдады? – Микро, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері үшін ағымдағы жылдың 1 мау­сы­­мына дейін салықтар мен бас­қа да міндетті төлемдердің, әлеу­меттік төлемнің барлық тү­рін төлеуді кейінге қалдыру туралы ұсыныс қолдауға ие бол­ды. Төтенше жағдай режимі кезе­ңінде Мемлекеттік кірістер ко­ми­тетінің қолдауымен сыртқы эко­но­микалық қызметтің 11 мың қаты­­сушысы 28 сәуірден бастап тауарлар импортына ҚҚС төлеуді ке­йінге қалдыру мүмкіндігіне қол жеткізді. Мемлекет басшысы Тө­тен­ше жағдай жөніндегі мем­ле­кеттік комиссияның отыры­сын­да банктер мен басқа да қар­­жы ұйымдары кредиттер бо­­йынша төлемдерді кейінге қал­дыруды ұсынатын экономика сала­ларының тізбесін кеңейтуге қа­тысты бастамамызды қолдады және мақұлдады. Бұған дейін эко­­номика салаларының мұндай тізбесі толық емес еді. Онда өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр бол­ған салалар ғана қамтылатын. Енді ол тізбе экономиканың 11 сала­сына дейін кеңейтілді. Біз жалпы, 16 наурыз бен 20 мамырға дейін Парламент, Үкімет және мемлекеттік органдарға кор­онавирустан бизнеске келе­тін залалды азайтуға септігін тигізетін шешімдер ұсынып, 53 хат жолдадық. Үкімет сол ұсы­ныс­тың 47 пайызын қолдады.  

Барлық өңірде Маман­дан­дырылған ауданаралық эко­но­микалық сот ғимаратында «Ата­мекен қабылдауы» арнайы каби­неті ашылған. Онда Кә­сіп­­керлер палатасының са­рап­шылары мен бизнес-ом­будс­­меннің өңірлік өкілдері кә­сіпкер­лерді қабылдайды. Мұн­дай формат дауларды рет­теу­дің сотқа дейінгі тәртібін сақ­тауға және кәсіпкерлер­дің құқықтарын қорғауға септігін тигізеді. Ол төтенше жағ­дайлар мен карантин режимін енгізуге байланысты туын­даған даулар­ды сотқа дейін және соттан тыс реттеу мақсатында іске қо­сылды.

  – Демек, ұсыныстарыңыздың жартысына жуығы ғана қолдау тапты? Ал қалғаны неге қабыл­дан­ба­ды? Нақты қай ұсыныс өтпеді? – Мысалы, республика көле­мінде барлық бизнес субъек­тілеріне қатысты статистикалық есепті тапсыру мерзімін тө­тен­ше жағдай аяқталғанға де­йін кейінге қалдыру туралы ұсы­ны­сымыз қабылданбады. Бұл ұсы­нысты Ұлттық экономика ми­нистрлігінің Статистика ко­ми­теті қолдаудан бас тартты. Есе­сіне, статистикалық есепті уақытында тапсырмаған биз­нес субъектісін әкімшілік жауап­кер­шілікке тартпайтын нор­маға қол жеткіздік. «Майқап­шағай» және «Бақты» өткізу пунк­т­терін ашу туралы ұсыныс та мемлекеттік орган тарапынан қолдау таппады. Табиғи моно­по­­лияларды реттеу коми­те­ті­не коммуналдық қыз­мет­терді тө­леу­де кәсіпкерлерге жеңілдік беруге қатысты хат жолданды. Ко­митет аталған ұсынысты қол­дады және бұл іс-шараға өңір­лік кәсіпкерлер палаталары қыз­мет­керлерін тарту туралы шарт қойды. Осыған байланысты Қа­зақстан кәсіпкерлерінің құ­қын қорғау жөніндегі уәкілдің кең­сесі Өңірлік кәсіпкерлер па­ла­таларына кандидатураларды жіберу және осы жұмысқа бел­сен­­ді қатысу туралы тапсырма бер­ді. Біз жолдаған ұсыныстар әлі де қаралып жатыр, алдағы уа­қытта оң шешімін табады деп ой­лай­мын. – Карантин кезінде жұмысы тоқтап қалған кәсіпкерлерге кең­се­нің жал­дау ақысына жеңіл­дік жаса­ла­тыны туралы айтылып еді. Ква­­зи­­мем­лекеттік секторда бұл мә­селе ше­шілді. Ал ғимарат пен кеңсені жал­ға беретін жеке кә­сіп­керлер жалға алушыларды жұ­мыс істе­меген екі ай үшін жал­дау ақы­сын төлеуге мәжбүрлеп отыр. Олар­дың жағдайы не болмақ? – Барлық өңірде Маман­дан­дырылған ауданаралық эко­но­микалық сот ғимаратында «Ата­мекен қабылдауы» арнайы каби­неті ашылған. Онда Кә­сіп­­керлер палатасының са­рап­шылары мен бизнес-ом­будс­­меннің өңірлік өкілдері кә­сіпкерлерді қабылдайды. Мұн­дай формат дауларды рет­теу­дің сотқа дейінгі тәртібін сақ­тауға және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға септігін тигізеді. Ол төтенше жағдайлар мен карантин режимін енгізуге байланысты туындаған даулар­ды сотқа дейін және соттан тыс реттеу мақсатында іске қо­сылды. Кәсіпкерлер кез кел­ген даулы мәселе бо­йын­­ша осы кабинеттен кон­суль­та­циялық-құқықтық кө­мек ала алады және даулы жағ­дай­ларды соттан тыс шеше ала­ды. Мы­салы, Нұр-Сұлтан қала­сы­­ның Өңірлік кәсіпкерлік па­­ла­тасының сарапшылары ке­­ліп түскен өтініштер негі­зін­­де «Рахмет», «Тұлпар», «Ырыс­ты», «Ажар», «Джафар» сау­да үйлері, Emerald Tower се­рік­тестігімен келіссөздер жүргі­зілді, нәтижесінде тараптар ке­лісімге келіп, жалдау ақысы тө­мендетілді. Егер жалдау ақы­сына қатысты мәсе­ле туын­даса, «Атамекен қабыл­дауы» кабинетінен кеңес алуға болады. – Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл ретінде шетелдерде жұ­мыс істейтін қазақстандық кәсіп­кер­лердің коронавирус жағ­дайын­дағы ахуалынан хабарыңыз бар ма? Олардың құқы қалай қор­ға­лып жатыр? – Қазақстан көптеген мем­­­л­е­­кет­тер­мен, ең алды­мен ТМД елдерімен құқық­тық кө­мек жөніндегі халықара­лық конвенциялардың қаты­су­­шысы саналады. Бұл біз­дің аза­маттарымыз бен кәсіп­кер­ле­ріміз осы елдердің рези­дент­тері пайдаланатын құқықтар мен міндеттерді пайдаланады де­­генді білдіреді. Бұдан бөлек, Ресей, Өзбекстан, Грузия бизнес-омбудсмендерімен байланыс орнатып, өзара келісімге қол қой­ғанбыз, сол келісім бойынша та­раптар іскерлік ахуалды жақ­сарту үшін кәсіпкерлік субъек­тілерінің құқықтары мен заңды мүд­делерін қорғау бойынша жұ­мыс істеуге бейімделген. Соны­мен қатар мемлекеттің ұлттық заңдарын дұрыс қолдану бойынша кон­сультациялық-құқықтық кө­мек көрсету, ғылыми-тәжіри­бе­лік конференцияларға, семинарларға және басқа да іс-шараларға қаты­су қарастырылған. Біз үшін басты міндеттердің бірі – біздің кәсіп­кер­лер өзге елде басына түскен қиын­шылықпен жалғыз қалмауы керек, оларға көмек көрсетілуі қажет. Шетелдік әріптестерім осы ел­­дердің аумағындағы қазақ­стан­­дық кәсіпкерлерге менің өті­­нішім негізінде қолдау көр­се­­теді. Мұндай мәселелерді ше­шуге Қазақстанның шет мем­ле­кеттердегі елшілігін және Сыртқы істер министрлігінің Кон­сулдық қыз­мет департаментін де тар­та­мыз. – Мемлекет басшысы Төтенше жағ­дай жөніндегі мемлекеттік ко­мис­сияның 11 мамырындағы оты­ры­сында Үкіметке осы жылдың 1 қазанына дейін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты банк­роттық рәсімді тоқтатуды тап­сыр­ды. Бұған не себеп болды? – Бұл шара кредиторлар та­ра­пынан болатын қысымға жол бермеу үшін жасалып отыр. Себебі карантин кезінде шарттағы мін­дет­терін орындай алмай отырған кәсіпкерлер қиындыққа форс-мажор салдарынан тап келді. Көптеген ұйым іс жүзінде төлем жасауға уақытша қабілетсіз болып қалды. Бұл кредиторлар беретін өтініштер негізінде банкрот деп тану туралы істердің көбеюіне алып келуі мүмкін. Бірақ бұл ка­ран­тин кезінде қаржылық жағ­дайы нашарлаған бизнеске ғана қатысты. Ал төтенше жағдай режимі енгізілгенге дейін шарттағы өз міндетін орындай алмаған және ол төлем қабілетсіздігіне негіз болған компанияларға мораторий қолданылмауы тиіс. Мораторий енгізу алаяқтық әрекеттер үшін қолайлы жағдай туғызуы мүмкін деген пікір бар. Сондықтан борышкерлерге қа­тыс­­ты қамауға алу, пайдалануға тыйым салу, белгілі бір іс-әре­кеттерді жүзеге асыруға тыйым салу кезінде жағдайды пайда­ла­нып, активтерін шығарып алуына жол бермеу үшін шектеу шара­ла­рын қарастыру қажет. Осы мәсе­лелердің барлығын Қаржы ми­нистрлігімен бірлесіп талқылап жатыр­мыз.  

Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ