Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасының президенті болып сайлануына орай, АҚШ Президенті Дональд Трамптан құттықтау жеделхаты келіп түсті.
«Осы жылдардың ішінде екіжақты қарым-қатынастарымызда үлкен жетістіктерге қол жеткіздік, ынтымақтастық рухымыздың ары қарай да жалғаса беретініне кәміл сенемін. Америкалық бизнестің Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бағытында жаңа мүмкіндіктер алғаны қуантады» деп жазды Дональд Трамп.
Ақ үй басшысы АҚШ-тың Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық әріптестікті ілгерілету жолындағы бірлескен жұмыстарын жалғастыра беруге ниетті екенін атап өтті.
«Ортақ қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау үшін біздің терең стратегиялық әріптестігімізді ілгерілету ісінде Сізбен ынтымақтастыққа үміттенемін. АҚШ Қазақстанмен мығым әріптестікті бағалайды. Орталық Азия мен жаһандық деңгейдегі ортақ мүдде аясында Сізбен және Қазақстан халқымен бірлескен жұмыстарды жалғастыра бермекпіз. Жұмысыңызға мол табыс тілеймін», – делінген АҚШ президентінің құттықтауында.