Құндызай Ерімбетова: КСРО тарихы – халықтың тарихы емес
Құндызай Ерімбетова:  КСРО тарихы – халықтың тарихы емес
651
оқылды
Нәубет жылдардың кейбір парақтары ашылғанымен, толық зерттелді деп айта алмаспыз. Кеңес кезеңінің көші-қон саясаты мен Қазақстанның тарихи демографиясын кешенді зерттеп жүрген тарихшылардың бірі – БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова. Зерттеуші осы бағытта 4 монография және 100-ден астам ғылыми мақала жазды. Біз тарихшымен сұхбаттасып, 1930 жылдардағы кеңестік қуғын-сүргін жүйесінің қалыптасу алғышарттары, қабылданған шаралар мен шешімдер, олардың салдары жөнінде сұраған едік. – Саяси айыптау бойынша қуғын-сүргін үрдістерінің белең алуына не түрткі болды? Жеке тұл­ғалар қандай көзқарастары үшін қуғын-сүргінге ұшырады? – 1920 жылдың аяғындағы құрбандар партия, Сталин саяса­тына қарсы оппозиция мүшелері партиялық қызметтегі публи­цис­тер, тарихшылар болатын. 1922 жылдың басында Қызыл профес­сура институтының алғашқы тың­даушыларының бірі Иосиф Лит­виновтың тағдыры туралы айтып өтсем деймін. Ол жеке күнделігінде былай дейді: «...Сұмдығы «марк­сизмнің дінге айналғаны», ал «ре­волюцияның қайта бөлісу жағына ауысуы» және оған қоса, кеңестік-партиялық шенеуніктердің «биік дәрежелі кастасы» құрылды, «өзін­дік пайымы жоқ және ықпалды адамдардың ойынан шыққысы келетін, жеке қадам жасауға қор­қатындар, қойдай өріп» азғын­дал­ды. «Птицегондарды» жек көре­мін. Бұл адамдарды алдау комедия­сы іспетті. Ешкім енді идеяға сен­бейді, бірақ сенетіндей келбет танытады». Профессордың осы жаз­басы оның «халық жауы» ата­нуына бірден-бір дәйек болды. Бұл 1920-1930 жылдардағы мемлекеттік басқаруға қатысты зиялылар ара­сында түрлі көзқарастардың бол­ғанын айғақтаса керек-ті. 1930 жылдардың басында КСРО-дағы революцияға қарсы күрестің ушық­қаны жөнінде директивалық құжаттар ғылыми басылымдардан орын ала бастады. 1933 жылдың 8 мамырындағы БК(б)П ОК және КСРО ХКК нұсқауы, 1935 жылдың 16 қаңтарындағы «Киров жолдас­тың қастандықпен өлтірілуіне байланысты оқиғалар тағылымы» атты жабық хаттан кейін, саяси айыптау бойынша қуғын-сүргін үрдістері белең алды. 1935 жылдың мамыр айында, партия мүшеле­рі­нің құжаттарын тексерудің кезекті кезеңі жалғасты. «Халық жаула­рын» буржуазияға қызмет көр­се­тушілер, социализмді орнатпау жолындағы зиянкестер тұрғы­сын­да тұрғындар санасына құю ба­ғы­тында насихат жүргізілді. Осы жыл­дары И.Сталин, В.Молотов, А.Вышинский, Л.Каганович, Н.Ежов, Н.Крыленко, Л.Берия және басқалардың баяндамалары мен баспасөз бетіндегі мақалала­рында «кеңестік өкіметке қарсы күдіктілер», таптық күрестің өріс­тегені жөнінде айтыла бастады. Бұл одақ көлемінде жүргізілетін сая­си зорлық-зомбылықты идео­ло­гиялық негіздегі ұйымдасты­ру­дың, мемлекеттік заңсыздық пен бассыздықтың бастамасы ғана бо­латын. 1930 жылдары Одақтың түрлі ұлт-аймақтарында Кеңес өкіметінің саясатына, кеңестік идеологияға қарсылықтың өршуі күшейді. Өкінішке қарай, бұл оқи­ғалар барысы КСРО тарихы тарихнамасынан орын алған жоқ. Мысалы, ұжымдастыру үрдістері мен саясатына қарсылық, іс-қи­мылдар «реакциялық күш» ретінде біржақты бағаланды. КСРО та­рихы – халықтың тарихы емес, «Пролетариат тарихы» ретінде кеңестік идеологияың басты қа­руына айналды. 1937-1938 жыл­дары саяси қылмыстылар қатарына іліккендер ішінде 1 344 923 адам революцияға қарсы көзқарасы үшін айыпталып, оның жартысына ату жазасы кесілді. 1937 жылдың 23 ақпаны мен 5 наурызы аралы­ғында социалистік құрылыс кезе­ңіндегі таптық күрестің асқынғаны жөнінде қорытынды жасаған БК(б)П ОК-ның Пленумы өтті. 5 нау­рыздағы Пленумның қоры­тынды жиналысында И.Сталин «халық жаулары» санының 30 мыңға жет­кенін атап өтеді. Алайда осы пле­нумға дейін оның 18 мыңы тұтқын­далған болатын. – 1929 жылы ауыл шаруа­шы­лығы саласы мамандарымен болған конферен­цияда И.Сталин бай-кулактарды жою қажеттілігі тура­лы алғаш рет сөз қозғады ғой. Бұл кейін қаулығы айналып, бүкіл респуб­ликаны шар­пы­ған аштыққа әкеліп соққаны бел­гілі. Елдегі ашар­шы­лықтың ал­ғышарты осы қаулымен байланысты ма? Әлде басқа да негіздері бар ма? – КСРО-да революция «же­ңіске» жеткен соң, тезірек социа­лизм құрудың бесжылдық жос­парын қолға алды. 1930 жылдың 6 қаңтарында Орталық комитеттің жаппай ұжымдастыру туралы Қаулысы жарияланады. 30 қаң­тарда Саяси бюро кулактарды жою туралы Қаулыны бекітеді. 1930 жылдың 11 қаңтарында ОГПУ бас­шысы Ягода Одақ бойынша қа­рамағындағы жетекші қызмет­кер­леріне хат жолдайды. Онда былай делінген: «...ауылдық жерлердегі «байлар» тап ретінде жойылуы тиіс. Олар астықты өртеуде және өртейді де, олар белсенділер мен билік өкілдерін өлтіруде. Егер біз ... көктемгі егістік науқаны кезінде соққы бермесек, басымыз жаппай көтеріліс астында қалып, науқан іске асырылмай қалады ...». Мү­ліктер тәркіленгеннен кейін қо­ғамда зорлық-зомбылық, жаппай тәртіпсіздік, Кеңес өкіметіне қар­сы насихаттар мен қарсы бой көтерулер белең алды. 1929 жылы 95 мың адам тұтқындалды. Ауыл тұрғындарына қарсы қысым 1929-1931 жылдары шарықтау шегіне жетті. Одақ бойынша және Қазақ­станда жаппай наразылық толқы­ны артты. Мысалы, 1929 жылдың 1 желтоқсанына дейін «Батпаққара ісі» бойынша 335 адам тұтқын­далған. Көтеріліс басылған соң 530 адам жауапқа тартылып, 115 адам атылып кетті, 170 адам 2-10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылды. 1929 жылы республи­кадағы 44 723 200 бас малдан 1934 жылы 4,5 миллион бас мал ғана қалды. Босқындар саны артты. Нә­тижесінде, Қазақстанда мемле­кет­тілікті құраушы қазақтар саны 1939 жылы жалпы тұрғындардың 37,8%-ын құраса, 1959 жылы бұл көрсеткіш 30%-ға дейін кеміді. Осылайша, ауыл-аймақ шаруашы­лығы мен мүлкі күштеп тәркіленді. Ауыл шаруашылығын әлеу­мет­тендіру осылай іске асырылды. 1930-1931 жылдар аралығында тәркілеу кезінде одақ бойынша 2 миллионнан астам қарапайым шаруалар туған мекендерінен күш­теп жер аударылды, оның 30 мыңға жуығы атылды. 1934-1944 жылдар аралығындағы он жылда 12-14 млн адамның тағдыры тіке­лей ГУЛАГ-пен байланысты өрбіді. – 1931 жылғы 20 ақпанда БК(б)П ОК-нің саяси бюросында тәркі­лен­гендерді көшіру туралы арнайы мә­селе қаралды ғой. Жалпы, сол жыл­дары елімізге қанша адам көші­рілген? – БК(б)П ОК Саяси бюро­сы­ның 1930 жылғы 15 қаңтардағы шешімімен В.Молотов басқарған, 21 адамнан тұратын арнаулы ко­мис­сия (Ф. Голощекин де оның құ­ра­мында болды) құрылды. Ол кулактарды тәркілеу жөнінде нақ­ты шаралар әзірлеп, 30 қаңтарда Саяси бюроның қаулысымен рес­ми нұсқаулық күшке ие болды. Онда жазалаудың бірінші сана­ты – азапты лагерьлер немесе ату жа­засы, екінші санаттағыларға – КСРО-ның жекелеген ауданда­рына жер аудару, үшінші санат­тағылар – тұрғылықты жерлермен шекаралас, бірақ өз колхоздарынан тыс жерге орналастыру көзделді. Өлкеге төменгі және орталық Еділ­дің, Орталық Қаратопырақты және Мәскеу облыстарынан, За­кавказье мен Орта Азия аймағынан 1930-1933 жылдар аралығында Қазақстанға 317 мыңға жуық адам жер аударылды. 1932-1933 жыл­да­ры арнайы қоныс аударылғандар арасынан ОГПУ деректері бойын­ша 55 441 адам қайтыс болған. – 1932-1933 жылдары аштық пен аурудан қаза болғандардың ішін­дегі қазақтардың үлес салмағы қанша? – Тәркілеу салдарынан ашар­шылық, жұт, босқыншылық та өріс алды. Қазақстанның ауыл тұр­ғын­дары 1930 жылдың шілдесінен 1933 жылдың 1 маусымы аралы­ғында 3,4 млн адамға кеміп, ал қала тұрғындары 766,8 мың адамға өскен. Ашаршылық жылдары 2 миллионға жуық қазақ немесе халықтың 49%-ы құрбан болды деп жобалауға болады. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=