Арыстағы қайғылы оқиға ешкімді бейжай қалдырмады. Қазақстан жұрты жұдырықтай жұмылып, елдігін көрсетіп жатыр. Мемлекет басшысынан бастап қарапайым жұмысшыға дейін біркүндік жалақысын аудара бастады. Күні кеше республика көлемінде «Арыс, біз біргеміз» атты акция басталды. Акция шеңберінде кез келген адам Арыс халқына көмек көрсету үшін құрылған штабтарға барып, көмек ұсына алады.
Арыс тұрғындарына көмек беруге ұмтылғандардың бәрін бір мақалада қамту мүмкін емес, әрине. Десе де, жақсыны бөліссе көбейеді деген тәмсілге сүйеніп, қайырымды істерге тоқталуды жөн көрдік. Түркістан облысы кәсіпкерлері мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы кеңесінің мүшелері зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек ұйымдастыруға кіріскен.
«Арыстық жерлестердің көп бөлігі Шымкент қаласында орналастырылғандықтан, палата жанынан құрылған жұмыс тобы Шымкентке шықты. Қолдан келгенше қаражат бөліп жатқан азаматтар бар», – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Д.Әбсаттаров. Мәселен, өңірлік кеңес мүшесі – «Комбинат Фараб» ЖШС директоры Ә.Құрбаналиев вокзалға азық-түлік өнімдерін жеткізген, кәсіпкер И.Намазбаева адамдарға кешкі ас ұйымдастырса, «КТЗ» директоры Х.Қожабаев 1 млн теңге көлемінде көмек берген. Өзге де іскер азаматтар зардап шеккендерді уақытша тұрғын жайларға орналастырған. «Атамекен» ҰКП тарапынан Арыс қаласында зардап шеккен азаматтарға көмек беру шоты ашылып, Түркістан облысы ӨКП базасында Арыс қаласының зардап шеккен тұрғындарына киім жинау бөлімі жұмысын бастады.
Арыстағы төтенше жағдайға байланысты Шымкент қаласының этномәдени бірлестіктері де көмек беріп жатыр. Славян этномәдени орталығы тұрғындарды эвакуациялау үшін 5 автобус пен 2 жүк көлігін жіберсе, корей этномәдени бірлестігі түске дейін бір газель ауызсу, түстен кейін 1 литрлік 3 600 су толы бөтелке жіберген. Өзбек этномәдени бірлестігі 30 адамды уақытша баспанамен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, 150 адамға палау дайындап, Хамза атындағы 53-мектепті азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Бірлестік төрағасы Зиябиддин Мирзаев 26 адамды үйіне қондырды. Ұйғыр этномәдени бірлестігі Нұрсатшағын ауданына эвакуацияланған азаматтарға 1 000 гамбургер апарған. Түрік этномәдени бірлестігі бір КАМАЗ су мен тамақ жөнелтіп, 52-мектептегі халықты тамақтандырған. 56-шы және 87-мектептегі халыққа көмек көрсеткен.
Штабқа 30 қорап қияр апарған. Татар-башқұрт этномәдени бірлестігі штабқа азық-түлік алып келсе, ҚХА облыстық кеңестің мүшесі Ә.Досболов 53-ші мектептегі арыстық тұрғындарға 100 қорап жұмыртқа жеткізген. ҚХА-ның облыстық филиалы халықты эвакуациялау үшін автобус жөнелтсе, Төле би аудандық филиалының жастары сағат түнгі он екіде 200 қорап нанды орталық мешітке жеткізген. Ал кеше зардап шеккен арыстықтарға шешен-ингуш орталығы сабын, порошок, тіс пасталарын, щетка апарып берді. Иран, тәжік этномәдени орталықтары да осыған ұқсас көмек көрсетті. Осылайша, 25 маусымда этномәдени бірлестіктер көмек көрсететін мектептерді бөліп алған.
«Арыс, біз біргеміз» акциясы аясында Мәдениет және спорт министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстанның ішкі істер органдарының қызметкерлері бір күндік жалақысын аударды. Осы бастамаға депутаттар да қосылды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қызметкерлері, қалалық мекемелер, кәсіпорындар да акцияға қолдау көрсетіп, біркүндік жалақыларын аудармақ. Әкімдік Арыс қаласының 500 баласын барлық қажетті заттармен, мектепке қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, бір айға жазғы лагерьге жібереді. 1 000 балаға жазғы демалысты Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырады. Нұр-Сұлтанның кәсіпкерлері мен меценаттары азық-түлікпен гуманитарлық көмек көрсетеді. Бұдан бөлек, елорданың 5 нүктесінде зардап шеккендер үшін қажетті заттарды қабылдау пункті ашылды. Тұрғын үйлер мен басқа да инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру үшін Нұр-Сұлтаннан Арыс қаласына құрылыс бригадалары мен қажетті құрылыс материалдарының керуендері жіберілмек. «Қазақстан медицина жастары» қоғамдық ұйымы зардап шеккен тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін медициналық оқу орындарының студенттері мен медицина қызметкерлері арасынан еріктілерді аттандырмақ.
Алматылықтар гуманитарлық көмек жинауға кірісті. Қаланың екі нүктесінде көмек қабылдау пункті ашылды. Тұрғындар азық-түлік, қажетті құралдар, киім-кешек жинап жатыр. Ал қала әкімі Бауыржан Байбек instagram парақшасында қала кәсіпкерлері қажетті құрылыс материалдарын аттандыруға дайындалып жатқанын жазды.
Батысқазақстандықтар да қарап қалған жоқ. Орал қаласында үш жерде көмек көрсету орталығы ашылды. Өңірде 15-20 ірі кәсіпорын Арысқа демеушілік көрсетіп жатыр. Облыс әкімдігі, Nur Otan партиясы БҚО филиалы және басқа да мемлекеттік мекемелер өз еріктерімен біркүндік жалақыларын аударды. Кеше Арысқа Оралдан гуманитарлық көмек тиелген алғашқы жүк көліктері аттанды. Онда 4 тонна астық, 5 тонна макарон және басқа азық-түлік өнімдері тиелген. Арысқа құрылыс материалдары да жеткізілмек. Бұған «Кублей», «Жайық ет», «Орал трансформатор зауыты», «Теректі май» сынды кәсіпорындар үлес қосып отыр.
Қиын кезеңде отандастарды қолдау – әр қазақстандықтың парызы деген Атырау облысының мемлекеттік қызметкерлері де біркүндік жалақыларын аудармақшы. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесуге келген жапон инвесторлары Арыстағы зардап шеккендерге көмектесуге тілек білдірді. «Жапониядағы атом электр станциясындағы апат кезінде Қазақстан біздің халқымызға өлшеусіз көмек, қолдау көрсетті. Біз оны ұмытқан жоқпыз, сондықтан зардап шеккендерге қолымыздан келгенше көмектесуге деген ниеттеміз», – деді Tokyo Rope Almaty ЖШС-ның бас директоры Такеяма Тошио.