– Есе алды да ессіздік пен есірік,
Көз жасы ақты – көктің түбі тесіліп.
Ақтоқтылар АЛЖИР дейтін Түнекте
Шырылдады бұрымдары кесіліп!
Керуен бастап кердеңдеген кесірмен –
Жендет біткен келеді ойнап жесірмен:
АЛЖИР дейтін Алапаттың ішінде –
Ақтоқтылар – бұрымдары кесілген!
Бұл – ақын Серік Ақсұңқарұлының өлеңінен үзінді. Бұл өлең Алжир-де азап шеккен, зорлық-зомбылық көрген әйелдердің қасіретін айғақтап тұр. АЛЖИР туралы айту – тіптен қиын. АЛЖИР және сұлулық туралы сөз қозғау мүмкін бе?
Түрмеде «халық жауларының» әйелдері отырды. Қап-қара түнек пен адам төзгісіз азап тұнып тұрған айнала оларға бір сәтке жарқ етіп сәулесін төкті ме екен деп ойлайсың?!. Тұтқында сауатты, көзі ашық, ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтарынан хабардар әйелдер отырғаны анық. Өйткені музейге барсаңыз, гүлден, қынадан бояу алып, ұн илеп, мүсіндер жасағанын көзіңізбен көресіз. Олар азап түрмесінде отырып, кесте тоқыды. Іштегі шерін кестеге төкті. Көз жасын да сонда жасырды.
Атылған, азап шеккен, қорлық көрген ұлт зиялыларының әйелдері де бұл азаптан азат болған жоқ. Олар да осынау зұлматты бірге бастан кешірді. Карлаг – ер-азаматтарды тұншықтырған азап лагері болса, АЛЖИР – аналарымыздың қайғысын жамылған қасірет алаңы.
АЛЖИР-де талай қазақ әйелі тұтқында отырғаны белгілі. Солардың бірі – қазақтың аяулы ұлы, ұлт қайраткері Бейімбет Майлиннің жары Гүлжамал Майлина еді. Ол жарынан, бала-шағасынан айырылып, тұтқынға айналған шақта небәрі 37 жаста болыпты. Тұтқындардан: «Кім қой бағады?» деп сұраған кезде «Әйтеуір, қой баға алармын» деген Гүлжамал апай бес жүз қойды алдына салып, шашау шығармай, баққан екен. Лагерьдегі азапты 4 жыл осылай өте шығады. Бір күні қаңтардың сақылдаған сары аязында Гүлжамал апайдың отарынан елу қой жоқ болып шығыпты. Лагерь бастығы қаһарына мініп, 3 күн ішінде елу қой отарға қосылмаса, тағы да 8 жыл жаза мерзімі қосылатынын ескертеді. «Жазамның жарты мерзімін өтеп біттім» деген Гүлжамал апай тағы да 8 жыл тұтқын болмауы үшін елу қойды қалай да табу керегін түсінеді. Содан сүйектен өткен суыққа қарамастан, жаяу-жалпылап дала кезіп кетеді. Алайда елу қой табыла қойсын ба? Екінші күн дегенде кештетіп, бір ауылдың шетіне іліккен Гүлжамал апай ең шеткі үйге кіре салып, босағаға отыра кетіп, солқылдап жыласа керек. 4 жыл бойы шеккен азап, шемен боп қатқан шер – түгел болмаса да, біразы ақтарылады. Мән-жайға қаныққан ауыл адамдары анаға қол ұшын созып, ер-азаматтар қой іздеуге шығады. Тіпті, сол елу қой табылмаса да «әр үй екі-үш қой берсек те, елу қой шығарармыз» деп ананы жұбатады. Іздеуге кеткендер құр қайтпай, қойды тауып беріпті. Бұл – сол бір аяулы жандарға қарапайым адамдардың көрсеткен кісілік келбеті болар. Оларға жүйе қаншалықты қатыгездік көрсетсе де, сол бір қарапайым адамдардың ізгілік қасиеті оларды жоғалудан, азаптан сақтап қалды.
Ал Дәмеш Жүргенова – қазақтың білімді қыздарының бірі болған. Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген дәрігер атанған Дәмеш Әмірханқызы Ермекова – Темірбек Жүргеновтің аяулы жары. Ол 1905 жылы Қарқаралы ауданына қарасты №1 ауылда дүниеге келген. 1927 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия Мемлекеттік университетінің медицина мамандығын ойдағыдай бітіріп, 1930-1933 жылдар аралығында әуелі ординатор болып еңбек етіп, кейін Өзбек Мемлекеттік медицина институтының аспирантурасына түседі. Оның жарқын өмірінің шырайын 1937 жылғы зобалаң бұзғаны анық. Әуелі жолдасы «халық жауы» атанды. Кейін Дәмешке де осы бір қаралы хабардың қамытын киюге тура келді.
«1938-1946 жылдар аралығында жазықсыз ұсталып, лагерьдің ащы дәмін таттым. Мұның өзі аққа жағылған қара күйедей уақыт еді» деп жазған екен өз өмірбаянында. Ол лагерьде трактор айдаған. Күндік нормасын асыра орындауға бар күшін салады. Ондай тұтқынға бір бөлке нан беретін тәртіп болған. Сол бір бөлке нан үшін Дәмеш апамыз өзін аямай жұмысқа жеккен. Кешкісін бір бөлке нанын құшақтап, баракқа қайтады екен. Сосын ол нанды жұмыс істеуге жағдайы келмеген өзге тұтқындарға қылдай етіп бөліп беріп отырған.
Қасірет лагерінде азап тартқан аналарымыздың бірі – Әзиза Рысқұлова. Әзиза ана лагерьде 10 жыл отырды. Онымен бірге Әрипа апа да азап шекті. Бауырындағы кішкентай баласын қолынан жұлып алып, балалар үйіне өткізді. Сүйген жары «халық жауы» атанды. Бұл қасіреттің бәрі анаға оңай соқпағаны анық еді. Дәмеш Жүргенова өз естелігінде: «Әзиза лагерьде де шыдамдылық пен қайраттылық таныта білді. Жас сәбиімен бірге көштен қалмай, қаталдыққа қайыспай қарсы тұруымен-ақ өзгелерге жігер бергендей. Ақыры мамандығы бойынша жұмысқа орналасып алды. Осында жүріп маңайындағы әйелдерден көмегін аямады. Тіпті, баласы үшін алатын бір литр сүтті де басқалармен біріге отырып шай ішуге бөлетін. Өмір тақсыреті тар қапаспен бітпепті. Алда тосып тұрған тауқымет бұдан да зор екен. Баласы екі жарым жасқа жеткенде оны анасынан бөліп, бөлек лагерьге жөнелтті. Ол сонда жүріп қайтыс болды. Бостандыққа шыққан соң да оның айы оңынан туып кеткен жоқ. Әр балалар үйіне өткізілген басқа сәбилерін іздеумен қажыды. Ал бүлдіршіндер болса арада өткен жылдар әсерінен туған анаға жат атанған. Әсіресе, кіші қызымен табысу ұзаққа созылды. Өзінен жатырқай қашқан балаға қарай тұрып Әзиза жүрегінің сан үзілгенін түсіну онша қиынға түспес. Оның арғы жағында баспана, жұмыс табу тұрған» деп жазады.
АЛЖИР күзетшілерінен қорлық пен зорлық көрген талай әйел аяғы ауырлап, осы жақтан балалы болған екен. Олардың әкелерінің кім екенін сол әйелдердің өзінен басқа ешкім айта алмайды. Ол баланы өз күйеуімнің сәбиі деп бауырына басқан әйелдер де көп болған деседі. Мұның бәрі олар үшін үлкен қасірет еді. АЛЖИР-ге анасымен еріп келген балалардың да жағдайы жақсы болмаған. Қарны ашып шырқыраған сәбилер үні айналадағылардың аза бойын қаза қылады екен. «Күніне елу шақты бала қайтыс болған күндер бар болған» деп жазады деректерде. Ал үш, кейде бес жастан асқан баланы анасынан алып, жеке баракқа алып кетіп отырған. Өлген немесе бауырынан тартып әкеткен баласын аңсаған ана баракта отырып жоқтауын айтқанда, барлық ана қосыла жылайды екен. Себебі олардың әрқайсысының басында осындай ауыр қайғы болды.
Азап лагері 1937 жылдың желтоқсанында ашылады. Небәрі бір ай өткенде, яғни 1938 жылдың қаңтарында бұл лагерьге Қазақстаннан, одан қала берді Кеңес Одағына қарасты Белоруссия, Кавказ елдері, Орталық Азия елдерінің түкпір-түкпірінен вагондарға тиеліп, қаншама әйелдер әкелінген. 1937-1953 жылдарға дейін осы бір азап түрмесіне 18 мыңнан аса әйел қамалған екен.
Алғашқы уақытта тұтқындардың паналайтын жері болмаған. Сонда да мойымаған әйелдер қамыс орып, саз илеп, саман кірпіш құйып, өз түрмелерін өздері салып алады. Суық пен ыстыққа, аштыққа шыдамаған қаншама әйел осы жерде көз жұмды. Тегінде адам баласы аштық пен суыққа шыдар ма еді, оларды қинаған нәрсе – ертеңгі күніне сенбеуі, болашағының бұлдыр болуы, бала-шаға мен сүйген жарының қайда жүргенінен хабарсыздығы болса керек.
Азап лагерінде 20 мыңнан астам әйелдер отырды. Олар бұл түрмені 10 жылдай мекен етіпті. Оның ішінде 8 мың әйел лагерь ашылған алғашқы күннен соңғы жабылған күнге дейін болған екен. Сондай-ақ түрме ішінде 1 000-нан астам әртіс, 100-ден астам суретші болыпты. Бұл күнде олар салған суреттер тарихи құнды жәдігерге айналды.
Аналар шеккен қиянат олардың жүрегінде, жанында қалды. Оны тек қасірет көргендер ғана түсінеді. Бастысы, тағдыр тауқыметі аяусыз сынаса да, морт кеткен жоқ. Жүйе қатыгездік танытса да мойымады. Олар ұлтқа қызмет еткен сүйікті жарларының «жау» болғанына сенген жоқ. Өле-өлгенше күйеулерін ақтап өтті.
P.S.
Жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдер жайлы айтқанда ең ауыр жазаға кесілген қос аруды атап өтпеу арымызға сын болар еді. Қазақтың тарихында ерлі-зайыптылардың да атылып кеткен кездері болған. Біз білетін екі дерек бар. Олар Телжан мен Шахзада, Мәжен мен Торғай дейтін азаматтар еді. Шахзада Шонанова күйеуі, белгілі ғалым Телжан Шонанов атылған соң 10 күн өткенде 1938 жылдың 9 наурызында, Торғай Сүлейменова мен күйеуі Мәжен Сүлейменов 1937 жылдың 21 тамызында атылды...
Гүлзина БЕКТАС