Пандемия белең алған тұста әлем жұртшылығы күтпеген кедергілер мен қиындықтарға тап болды. Сан алуан шектеулер, жұмыстан қысқартулар, індет жөнінде қауіпті деректер, түрлі ескертпелер, бәрі-бәрі адамдардың үрейін ұшырып, ұйқысын қашырды. Бірақ кейінгі уақытта бұл жағдайға да адамдардың еті үйрене бастағанын аңғардық. Бастапқыда қатты қорыққан көпшіліктің көңілі орнына түскені соншалық олар вирустың бар не жоқ екеніне де мән бермей қалды. Тіпті, соңғы кездері бұл індеттің барына сенбейтіндер қатары көбейген. «Ешқандай инфекция жоқ, бұл жай үрей туғызу, бос даңғаза, біреулердің ойыны» деген сияқты пікірлер айтылуда. Бірақ пандемия басталғалы бері әлемдегі әрбір алтыншы жас маман жұмысынан айырылған, ал қалғанының жұмыс күні орташа есеппен 23%-ға қысқарыпты. Бұл туралы Халықаралық еңбек ұйымының жаңа зерттеуінде айтылды. Ал ХЕҰ-ның бас директоры Гай Райдер ел үкіметтерін экономиканы қалпына келтіру және адамдарды жұмыс орнына қайтару үшін тез арада тиісті шараларды қабылдауға шақырды. Басқаларға қарағанда Солтүстік және Оңтүстік Американың, сонымен қатар Еуропа және Орталық Азия елдерінің тұрғындары көп зардап шеккен. Енді мына дерекке қараңыз, ерлерге қарағанда әйелдер жұмыс орындарынан көп қысқарған. Өйткені бірқатар елде олардың басым бөлігі экономиканың бейресми секторында жұмыс істейді. Оған күтуші, үй көмекшісі секілді қызмет түрлерін жатқызуға болады. Олардың көпшілігі екі-үш ай көлемінде індеттің өршуіне байланысты оқшаулау режимінің енгізілуіне байланысты жұмысынан айырылды. Иә, рас, пандемияға дейін де бүкіл әлем бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жоғары болған болатын. Бұл көрсеткіштер, тіпті 2008 жылғы қаржы дағдарысы кезіндегіден де әлдеқайда төмен. Яғни, бұған дейін 267 миллион жас жұмыссыз әрі білімсіздер санатында болса, қазіргі жағдай бұрынғыдан да мүлдем қиындай түсті. Ең өкініштісі, бүгінде көптеген жұмыс орны құлдырауға ұшырап жатыр. Соның салдарынан түрлі компанияда еңбек ететін қызметкерлердің саны қысқаруда. Бұл жағдай өзге елдерден бөлек, біздің елде де бас ауыртарлық проблемаға айналды. Жақында ғана Қарағанды облысына қарасты Южный кентіндегі әктас шығаратын кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Олардың жалғыз тұтынушысы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы өнімді алудан бас тартқан. Сөйтіп, осы өндіріс ошағында еңбек ететін 345 адамның 187-сі жұмыссыз қалды. Көп ұзамай қалғаны да қысқарады деген мәселе көтерілуде. Бірақ жергілікті билік олардың ешқайсысы далада қалмайды, жұмыс тауып береміз деп отыр. Южный кентіндегі халықтың басым бөлігі осы әктас шығаратын кәсіпорында еңбек ететінін ескерсек, толық қысқарту болса, мұндағы тұрғындардың жағдайын елестетудің өзі қиын. Коронавирус ел экономикасының жүрегі мұнайшылардың қалтасына да қатты тиді. Теңіз кенішіндегі компаниялардан қысқартылған атыраулықтар жұмыссыз қалуда. Жалпы кен орнында 50 мыңнан астам адам еңбек ететін болса, оның 32 мыңға жуығы Атырау облысының тұрғындары екен. Ал қазір аймақта 10 мыңға жуық адам жұмыссыз жүр. Осыдан біраз күн бұрын Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мұнай мен газ саласындағы жұмыс орындарын сақтап қалуға байланысты тиісті шаралар қабылданатынын айтып, жұртшылықты сабырға шақырған. – Мониторинг аясында облыс әкімдіктері ірі компаниялармен кешенді жоспарларды әзірледі. Осы орайда, жұмыс орындарын сақтау бойынша мұнай және газ компанияларымен жаңа меморандумдарды бекіту ескеріліп отыр. Сонымен қатар жұмысшылардың еңбек құқықтарын сақтауға қатысты қадағалау шаралары күшейтілді, – деп атап өткен болатын. Не десе де, бұл жағдай ерекше назар аударуды қажет етеді. Жағдай одан әрі күрделене берсе, бұл мұнайшылар үшін ауыр соққы болмақ. Елдегі төтенше жағдай режимінің салдары осы тектес бірнеше компанияның жұмысына кері әсерін тигізіп отыр. Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстанда төтенше жағдай режимі кезінде жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар саны 170 мыңға жеткен. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың баяндамасында айтылды. Ол сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлем санының да артқанын қоса хабарлады. – Егер азамат жұмыссыз қалса, онда ол 6 ай бойы кірісінің 40 пайызын алып отыруға құқылы. Бүгінгі күні мұндай адамдардың саны 34 мыңнан асып жығылды. Бұл тек Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры филиалдарына осы уақытқа дейін жүгініп үлгергендер, – деді вице-министр. Оның сөзінше, төтенше жағдай кезінде кірісінен айырылған 8 миллион адам 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға өтініш берген. Солардың тек 4,6 миллионына ғана төлем тағайындалды. Өтініш берушілердің мәліметтерін тексеру кезінде жеке кәсіпкерлер мен қызметкерлердің жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келмеуі жағдайлары анықталып, осыған байланысты оларға әлеуметтік төлем берілмеген. Сондай-ақ ендігі кезекте бизнесмендер өз қызметкерлеріне ақша төлеуге міндеттелді. Жақында күшіне енген жаңа Еңбек кодексі бойынша 42 500 теңгені енді жұмыс беруші төлейтін болды. Бұл норма төтенше жағдай кезінде болмады, бірақ 12 мамырдан бастап барлық кәсіпорын мәжбүрлі демалысқа жіберген адамдарға ең төменгі жалақыны беретін болды. Мамандарлың айтуынша, дағдарыс ең алдымен шағын бизнесті күйретеді екен. Осылайша, жұмыссыз қалған немесе тұрақты табысынан айырылғандар саны артады. Егер шұғыл шара қабылданбаса, Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі бірден 4,8 пайыздан 13,7 пайызға көтеріледі-мыс. Сол себепті қазіргі кезде жұмыс орындары мен халықтың табысын сақтап қалудың бірнеше жолы қарастырылып жатыр.