Мыңдаған жазықсыз жанның өмірін қиған сталиндік қуғын-сүргін халықтың жүрегінде жазылмас жара қалдырды. Шығыс Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ауқымды танымдық, тарихи іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ең бастысы, тарихтың ақтаңдақ беттері әлі де зерттелетіні, мұның бәрін кейінгі ұрпақтың санасына әлі сіңіре түсу керектігі айтылуда. Шыны керек, жүрегі елім деп соққан Алаш арыстарының бар мұрасы, тарихы қарт Семейде қатталып жатыр. Өйткені Семей Алаш қозғалысының орталығы болған. Саяси қуғын-сүргін 1928 жылдары нақ осы Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл ұлтшыл» деген айып тағылып, әртүрлі мерзімге түрмеге қамалып, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Репрессияның алғашқы толқынына Алаш партиясының мүшелері мен Алашорда басшылары ілікті. 1928 жылдың аяғында жалған айыппен ұсталған 44 адамның қатарында А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Х.Ғаббасов, И.Әлімбеков болғанын бүгінде архив деректері арқылы білеміз. Ал қазақ зиялыларын саяси қуғындау 1937 жылы қайта қолға алынды. Алашорда ісімен 4 297 адам қуғынға ұшырап, 2 062 адам атылды. Бұлар аса дарынды, ұлт жанашырлары еді. Ол аздай, социалистік өндірісті ұйымдастырушылар да репрессияға ұшырады. Риддер кеніштерінің басшылары Р.Дрейман мен А.Кельмансон, «Ульбастрой» тресінің менеджері А.Спекторов, Құлынжон кен басқармасының директоры А.Беляков, Зырян тау-кен басқармасының бастығы Ж.Таттыбаев та ең жоғары жаза ату жазасына кесілді. – Тек 1937 жылы ғана Қазақстанда қуғын-сүргінге 7 500 адам ұшырап, олардың 2 500-і атылды. Біздің облыста 1 350 адам тұтқынға алынып, олардың 300-і ату жазасына кесілді, – дейді іс-шара барысында Өскемендегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінің меңгерушісі Фарида Бегімханова. Зұлмат жылдарда аталары мен әкелері саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары Нұрзия Мұқашева, Әсипа Бажекенова, Лидия Роот жиында естеліктерімен бөлісті. Бүгінде жасы тоқсанға тақап қалған Нұрзия Мұқашева апамыздың да әкесі сол зұлмат заманда «халық жауы» атанып, нақақтан ату жазасына кесіліп кеткен екен. – Әкем Нұрғазы Жұрдыбаев 1892 жылы Ұлан ауданының Ұрынхай ауылында дүниеге келген. 1918 жылы Алаш партиясының мүшесі болған. Кедей шаруадан шыққан, үш кластық мұғалімдер даярлайтын семинарияны бітірген. 1937 жылы 20 қарашада тұтқынға алынған кезінде Бұқтырма ауданының Киров колхозында мұғалім болып қызмет етіп жүрген. Ең жоғары жазаға кесіліп, ату жазасы сол жылдың 24 желтоқсанында орындалған. Әкем қамалғанда мен небәрі жеті жаста екенмін. Үйден екі әскери шанаға салып әкеткенде мен де әкемнен қалмаймын деп артынан жүгіре беріппін. Қыстың күні қарда құлап жатқан жерімнен көршілер көтеріп, үйге алып келіпті. Ал әкеммен бірге кеткен анамды аяғы ауыр болған соң артынан босатты, – дейді Нұрзия апа. Ал әкесінің қай жерде атылып, қайда жерленгені бүгінге дейін белгісіз. Жиында сонымен қатар Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің тарихы басталатын, сол кездегі Риддер қаласында жұмысшы табының мүддесін қорғау мақсатында ашылған алғашқы қазақ газеті «Жұмысшының» бірінші редакторы болған Мақсұт Тайшыбаев туралы да мағлұматтар айтылды. Өкінішке қарай, алғашқы редактор да 1938 жылы наурыз айында Алматы қаласында атылып кеткен. Бұл жөнінде жиналғандарға М.Тайшыбаев туралы жазылған «Қызыл қырғынның құрбаны» кітабының авторы, ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымов жиналған жастарға кеңінен айтып берді.
Қазақстан жер аударылғандардың екінші Отанына айналды
Саяси сүргіннің салқыны өзге ұлттарға да тиді. Мәселен, көптеген халық туған жерлерінен күштеп жер аударылды. Бұл да өткен ғасырдағы зобалаң жылдардың бір парағы десек болады. КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің және КОКП Орталық Комитетінің 1937 жылғы 26 тамыздағы «Корей халқының Қиыр Шығыстан шығарылуы туралы» қаулысы корейлердің тағдырын шешсе, 1941 жылғы 29 тамыздағы немістерді қоныс аударту туралы шешім олардың екінші Отаны ретінде қазақ даласын белгіледі. Шығыс Қазақстанға 72 мың адам жіберілді (40 мыңы Семей облысына, 32 мыңы Шығыс Қазақстанға). Сондай-ақ 1944 жылдың 23 ақпанында шешендер мен ингуштерді мәжбүрлеп шығару басталды. Қазақстанға 344 589 адамды қоныс аудару жоспарланған. Оның ішінде шығысқа 65 403 адам (Семей облысына 31 236, Шығыс Қазақстан облысына 34 167 адам) қоныстанды. Шығыс Қазақстан облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының жанындағы неміс этномәдени бірлестігінің белсендісі Лидия Роот Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңесі 1941 жылы 28 тамызда немістерді жер аудару туралы бұйрық шығарғаннан кейін сол жылдарда 1 млн 200 мың адам жер аударылғанын айтады. – Әкем Генрих Роот және апам Мария Беккер Вальце қаласында дүниеге келген. Ол жақта мәдениетті, жоғары білімді адамдардың санатында болды. Сталиннің бұйрығынан соң 24 сағат ішінде туған жерден күшпен көшірілдік. Апамның ортаншы ұлы Александр Оралға жіберілді, 16 жастағы кіші ұлы Виктор Қарағанды қаласындағы шахтаға кетті. Апам өзі Мария және Марина есімді екі қызымен Ресейдің Алтай өлкесіндегі Бутырке селосына жер аударылды. Сол жақта ағаш дайындап жүргенде өзі бір көзінен айырылса, ауыр жағдайға шыдамаған ең кіші қызы Марина сол жақта қайтыс болды. Ал менің әкем Генрих Роот соғысқа барып, артиллериялық полкта неміс басқыншыларына қарсы шайқасты. Менде әкемнің соғысқаны туралы құжаттары, суреттері бар. Осылайша, репрессия жылдарында біздің отбасымыздың ойраны шықты, – дейді Лидия Роот. Кейін Лидия апаның әкесі шығыстағы Глубокое ауданына қарасты Белоусовка кентіне жер аударылып осындағы шахтада ауыр еңбекке жегіледі. Осы жерде анасы Мариямен танысып, отбасын құрады. Сонымен қатар қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары алдағы уақытта облыс орталығы Өскемен қаласында Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылыққа ұшырағандардың рухына тағзым ететін арнайы ескерткіш ашылса, осы күні сол ескерткіштің басына барып, еске алып тұрсақ деген ұсыныстарын да жыл сайын білдірумен келеді, бұл да алдағы күнде қолға алар шаруаның бірі.Дәурен АЛЛАБЕРГЕН, Шығыс Қазақстан