Естеріңізде болса, осыдан бір апта бұрын WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы «2 жылға дейін балық жемеңдер. Сардоба су қоймасы ашылып, 10 000 үйдің әжетханасын Сырдарияға ағызып тастапты. Ондағы балықтар ең жаман деген ішек таяқшалары, сифилис, сары ауруы сынды ауруды таратуы мүмкін. Сондықтан өздеріңді, отбасыларыңды сақтаңдар, бір-бірлеріңізге ескертіңіздер, балық жемесін, өтініш» деген мағынадағы хат тараған болатын.
Шымкенттегі балық сатуды кәсіп еткен сатушылар жақында осы қауесеттің салдарынан сауданың күрт төмендегенін айтып, биліктен көмек сұрады. Күніне кем дегенде 500 келі балық сататын кәсіпкер Ләззат Мырзалиева осы қауесет шыққан бір аптадан бері бар-жоғы 20 келіге жетпейтін балық қана сатамыз деп отыр. «Мүмкін, елдегі карантин жағдайына байланысты сауда төмендеген шығар?» деген сұрағымызға ол карантин кезінде де демалыссыз жұмыс істегенін айтады. «Біз сауданың азық-түлік түріне жатамыз. Сондықтан билік біздің жұмысымызға шектеу қойған жоқ. Тіпті, онлайн тапсырыспен жұмыс істеген кафе-асханалар да алып тұратын. Өздеріңіз білесіздер, адамдар үйінде отырған соң көбіне балық қуырып, кәуап жеді. Шымкент қаласына жақын жердегі Қазығұрт, Төлеби, Сайрам және Түлкібас аудандарына көтерме бағамен күн сайын таңертең 6-дан бастап алып кетіп тұрды. Өткен аптаның сәрсенбісі күні түнгі 23-терде менің де телефоныма сондай хабарлама келді. Ертесіне әлі ести қоймаған бірен-саран клиенттер келіп, 150 келідей балық алып кеткен. Ал оның ертесіне, яғни жұма күннен бастап сауда бірден тоқтап, сап тыйылды. Міне, бір апта болып қалды. Содан бері балығымыз өтпей, тоңазытқышқа сыймай сасып жатыр. Негізі, бізге балық Атыраудан, Шардарадан, Балқаштан, Көксарай мен Бөгеннен, кейде Ресейден де келіп жатады. Барлық балық дәмді, осы 27 жылда бірде-бір адам шағым айтып келген емес», – дейді саудагер Ләззат бізбен әңгімесінде.
Қазір сырттан тауар алмақ түгілі, 1 000 келідей балықты қайда сыйғызарын білмей отырған бұл жалғыз кәсіпкер емес. Осында балық сатуды кәсіп еткен бірнеше саудагер де шығынға ұшырағанын айтады. Бар-жоғы 2-3 нүкте ғана есік ашып отыр. «Балық сату оңай емес. Бұл – сауданың өте кірпияз түрі. Соған қарамастан үйренген кәсібіміз болған соң, осында нанымызды тауып отырғанбыз. Тез бұзылатын тауар болғандықтан, өзіміз де әрекетімізді жасап, барлық мүмкіндікті қарастырамыз. Күн сайын 10 мың теңгеге мұз алып тоңазытқышқа тастаймыз. Мәселен, тауар келе сала мұздатқыштың барынша салқын градусына қойып, оны жылжытпай сақтасақ, ол бірнеше айлап бұзылмай тұра береді. Алайда қазір біз балықты бір алып, бір салып бұзып алып жатырмыз», – дейді ол.
Сатушылар «балықтан сифилис ауруы жұғады» деген қауесеттің ақылға қонбайтынын айтады.
Шымкент қаласы бойынша ветеринар-санитарлық дәрігер Бауыржан Үсенбекұлы бірнеше жылдан бері осы аймақтағы балықты тексеріп, қорытынды шығарып жүргенін айтады. «Әрбір сырттан келген балық тексеріледі. Ең алдымен, құжатын, одан соң сапасын, құрамын, балықтың сақталу жағдайын қадағалаймыз. Қорқатын ешнәрсе жоқ. Талдау-сараптау қорытындысымен барлығы талапқа сай сатылуда. Мұнда ауру балық келген емес», – дейді ол.
Балық бизнесімен айналысушылар күнделікті табысынан айырылғанымен қоймай, төлейтін несиесін де уайымдап отыр. Балықтың сапасы туралы анықтама да жұртты сендіре алмай жатқан көрінеді.
Айта кетейік, WhatsApp әлеуметтік желісінен бөлек, ресми өкілдер де осы мәселеге қатысты хабарлама таратқан. Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкен Боранбай КТК арнасына берген сұхбатында «Тасқын сумен келген балық адам өміріне қауіпті. Мұндағы балықты мүлдем жеуге де, пайдалануға да болмайды. Соны ескертеміз. Адамның ағзасына өте зиян. Ол сараптаманың қорытындысында бактериялық неше түрлі ауру, таяқша табылып отыр» деген болатын. Шәкен Боранбай артынша «Сардоба су қоймасы мен Сырдария өзенінің арақашықтығы алшақ. Яғни, топан судың бір тамшысы да Сырдария мен Шардара су қоймасына келіп құйылмаған. Жеуге жарамсыз балықтар туралы мәліметтің Сырдария өзені мен Шардара су қоймасына ешқандай қатысы жоқ екенін ресми мәлімдеймін. Жалған ақпарат таратқан адамға заң шеңберінде шара қолданатынын ескертеміз», – деді.
Рас, Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық ветеринарлық зертхана» мамандары жасаған сараптамада Сардоба су қоймасынан топан сумен бірге Мақтаарал ауданындағы бірқатар елді мекенге ағып келген балықтардың жеуге жарамсыздығы анықталған. Дегенмен Түркістан облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдері Мақтааралдағы жеуге жарамсыз балықтар бүгінгі таңда толығымен жойылғанын айтып, қазір тұрғындар денсаулығына балықтан келер қауіп жоқтығын мәлімдеген-ді.
Десе де, кейбір әуесқой балықшылар әлеуметтік желіге жалған ақпаратты таратып жіберіпті.
Иә, жұрттың әлеуметтік желідегі сөзі шындыққа жанасатындай болған соң шынында тіксініп қалғаны рас. Қалай болғанда да, саудагерлерге обал.