Ашарашылық жылдарын зерттеуші Сағат Жүсіптің мәліметтері мен жинаған құжаттарына қарағанда Кеңес Одағы қазақты жойып жіберу үшін жоспарлы түрде жұмыс жасаған.
Зерттеушінің сөзінше, біз, көбінесе, ашаршылық жайлы айтқанда, оны 1931-33 жылдар мен 1920 жылдардың аяғында жүргізілген кәмпескелеу, зорлап отырықшылдандыру мен ұжымдастырумен байланыстырамыз. Шын мәнінде, ашаршылық қазақ даласына большевиктердің үкімет басына келген күндерінен басталды. Кеңес үкіметінің шынайы бейнесіне 1917-1919 жылдары Перовск уезін басқарған совдептің төрағасы Иосиф Гержодтың басқаруымен жасалған қанды қырғын айқын дәлел бола алады.
"Бақа, шаян, жылан, тасбақаларды талғажау еткендер қаншама, жол кесіп өздері сияқтыларды ұстап жегендер ше? Өз балалары мен көр қазып өлік жеуге мәжбүр болғандар...
Қаншама адамдар айдалада көмусіз қалды. Айтудың өзі қорқынышты. Адам етін жегендер бәрібір тірі қалса да, оның санасы бұзылып адамшылықтан айырылады екен, ұрпағының санасы ше?
Тамақ іздеп ауып келгендерді қалаларға (оларды Сыр бойында "қара батпақтар" деп атаған) кіргізбеген, жолдарын кесіп атқан. Шетелге азын-аулақ малын алып қашқан ата-бабаларымызды шекарашылар пулеметпен қырған (сондайлардың бірі Кеңес үкіметінің Бас секретарі Константин Черненко де болған), сол шекарашылардың есімдері берілген атаулар әлі күнге дейін елімізде сақталған.
Қаншасы жолда ауру мен аштықтан қырылды, қаншама қазақ барған еліне сіңіп кетуге мәжбүр болды. Шетелге қашқандары да ол жақта тыныш өмір сүре алмады. Қытайда қиыншылық көрген қазақтар Үндістан асып, жолда қырылып, Ауғанстанға жартысы ғана жеткен. Онда да қиямет күнін кешіп, Түркия мемлекеті қабылдаған соң Пәкістан асқан қазақтардың аз тобы Түрік пен Иран еліне жетіп, аман қалды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін оралып жатқан сол отандастарымызды "қытай", "моңғол", "түрік" деп кемсітіп жүргендеріміз қаншама", – деді Сағат Жүсіп.