Көкжайлауда жол талғамайтын көлікпен жүрген полицейлерге қатысты департамент түсінік берді.
Әлеуметтік желілерде Көкжайлауға джиппен келген полицейлердің видеолары мен суреттері тарап, желіде қызу талқыланды.
Алматы қалалық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бейнежазба Бостандық аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері ТЖД және Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдерімен бірлесіп таулы жерлерде демалушыларға табиғатты қорғау, карантин және санитарлық нормаларды сақтауды түсіндіру үшін жүргізілген рейд барысында түсірілген.
«30 мамыр күні түскі сағат 11:00-де біз табиғатты қорғау полициясы қызметкерлерімен бірге Көкжайлау аумағында келушілермен профилактикалық жұмыс жүргіздік. Патруль көлігі жоғары көтеріле алмағандықтан, менің жеке Toyota Land Cruiser көлігіммен шығуға тура келді, ал патрульдік көлікті экопоста қалдырып кеттік. Іле-Алатау МҰТП аумағында от жағу, заңсыз аң аулау сынды тәртіп бұзушылықтарды анықтауға көмектесіп жүрген полицияға рақмет», - деді Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторы Алексей Поценко.
Полицейлердің айтуынша, таулы жерлерде қалалық рейд 29 мамырда басталған, ол бірнеше кезеңмен өтеді.