Қазақстанның Тұңғыш Президенті–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Жиында Түркістан облысының Арыс қаласындағы қазіргі ахуал және еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы Арыс қаласында қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты, сондай-ақ жарылыс салдарын жоюға атсалысып жатқан барлық құзырлы орган қызметкерлерінің және волонтерлердің қажырлы еңбегіне ерекше назар аудартты.
– Барша қазақстандықтар бірлігіміздің бекем екенін көрсетіп жатқанын атап өткім келеді. Еліміздің әр түкпірінен азаматтар алаңдаушылық білдіруде, түрлі ұйымдар мен кәсіпорындардың жұмыскерлері зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бірігіп жатыр. Бір өңірдің басына түскен қиыншылық – бәрімізге ортақ мәселе. Біз халқымыздың ынтымағының арқасында барлық қиындықты еңсереміз. Барша қазақстандықтарға ризашылығымды білдіремін, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев өңірді тезірек қалыпты жағдайға оралту және тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсету үшін мемлекет тарапынан барлық шаралар қолданылып жатқанына тоқталды.
Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша еліміздегі су ресурстарының және су шаруашылығы нысандарының жай-күйі талқыланды. Сондай-ақ тұрғындар үшін таза ауызсудың қолжетімді болуына және суды үнемдеп пайдалану мәселелеріне ерекше екпін түсірілді.
Отырыс қорытындысы бойынша Арыс қаласында жөндеу жұмыстарын жүргізу және азаматтардың тұрғылықты жеріне оралуын ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.