Жүкті әйелдерге электронды темекіні мүлдем қолдануға болмайды ­– дәрігер
Жүкті әйелдерге электронды темекіні мүлдем қолдануға болмайды ­– дәрігер
Фото: Интернеттен алынды
1,160
оқылды
Темекінің қай қайсысы да зиян. Соңғы кездері темекінің түрлері де көбейді. Әсіресе, мектеп жасындағы оқушылардың темекіге әуестігіне дәрігерлер алаңдаулы. Электронды темекі туралы Ph.D, медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-кардиолог Дәуренбек Нысанов айтып берді.   электронды темекі, темекі, әйел, бала, оқушы, – Қолданушылардың көпшілігі электронды темекінің зияны туралы ойламайды. Ойланған күннің өзінде мәселені толық түсінбейді. Көбінесе, фактілерге емес, таныстардың пікіріне сүйеніп, толығымен қате тұжырым жасайды. Мысалы, электронды темекіні шегу кәдімгі темекіні шегуден зиянды емес деп ойлайды. Осы бір қате пікірді жоққа шығаруға және оның зиян екеніне негізделген дәлелдер келтірейін. Электрондық темекі (ағылш. e-cigarette) – ингаляцияға арналған жоғары дисперсті буды (аэрозоль) құрайтын электронды құрылғы. Оны никотин жеткізуші құрал ретінде де, никотинсіз хош иісті буларды (аэрозольді) жұту үшін де қолдануға болады. Бу қыздырғыш элементтің бетінен арнайы дайындалған сұйықтықты буландыру арқылы жасалады және темекі түтініне ұқсайды. Құрылғы әртүрлі формада, соның ішінде кәдімгі темекі шегуге немесе темекі шегетін түтікке ұқсас формаларда жасалуы мүмкін. Электронды құрылғы сұйықтықты қыздырады, ал электрондық темекіні шегуші сол сұйықтықтағы қоспалардың буын жұтады. Ағылшын тілінде vapor (вейпа, қазақша бу). Сондықтан электронды темекінің басқа атауы – vape (вейп), яғни никотинді түтінмен емес, бумен жұтатын темекі шегу процесі көбінесе «вейпинг» (ағылшынша vaping ­– бу шегу) деп аталады. Оның үстіне, электронды темекі құрылғыларындағы сұйықтықтардың құрамында хош иістендіргіштер, пропиленгликоль, глицерин және басқа да түрлі қоспалар бар. Өндірушілер электронды темекіні шегу, кәдімгі темекіні шегуді тастауға көмектеседі және әдеттегі темекіге қарағанда денсаулыққа зияны аз дейді. Бірақ оны растайтын нақты ғылыми дәлелдер жоқ. Дегенмен Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінше, электронды сигареттердің пайдасынан зияны басым. Электронды сигареттердің буын жұту, жүрек соғысы мен депрессияны жоғарылату қаупі туралы да деректер аз емес. Дегенмен, электронды темекі шегушілерде жүрек-қан тамырлары аурулары шалдығу қаупі жоғары. Ең зиянды жағын айтатын болсақ, сұйықтықтардың құрамындағы никотин тұтынушылардың когнитивтік немесе аффективті психикасына әсер етуші белсенді зат ретінде ғана емес, тәуелділікке де итермелейді. Ал никотинсіз вейп (vape) сұйықтығын құрайтын компоненттердің ыдырауынан пайда болатын өнімдердің зиянды жақтары да аз емес. Мысалы, ондағы кейбір заттар жасөспірімдердің созылмалы бронхит ауруын қоздыруы да мүмкін. Ал АҚШ-тағы Лоуренс Беркли ұлттық зертханасының 2016 жылғы мәліметтері бойынша, электронды темекілерді қолданған кезде, сұйық құрамындағы пропиленгликоль мен глицеролдың термиялық түрде ыдырайтыны белгілі болды. Олардың кейбіреулері белгілі бір мөлшерде уытты акролеин, формальдегид пен ондаған химиялық қоспасы болғандықтан, қауіпті болуы мүмкін. Кейбір шетелдік зерттеулерде электронды сигареттерді шеккен кезде сілекейде формальдегид, акролеин және метилглиоксаль мөлшері жоғарылап ДНК-ны зақымдап қатерлік ісік пайда болатыны айтылған. Сондай-ақ электронды темекі құрылғысына арналған сұйықтықтағы диэтиленгликоль немесе нитрозамин сияқты улы заттар ағзаға бу арқылы түседі. Үздіксіз дем алғанда ауыз қуысының шырышты қабатына, тыныс алу органдарына, жүрек қан-тамыр және басқа да ағзаларға олардың канцерогендік әсері бар. Ал АҚШ сарапшылары электронды сигареттердің сұйықтығын зерттеу нәтижесінде, ондағы никотиннің жоғары екендігін анықтаған. Ол тіпті никотин жоқ картридждерден де табылған. Сонымен қатар, электронды темекіде сұйықтықтарында қолданылатын никотин «алкалоид және нейротоксин» кездеседі. Сондықтан электронды темекіні, әсіресе, жасөспірімдердің қолдануына болмайды. Өйткені электронды темекі никотинге тәуелділіктің пайда болуына, өкпе және басқа да аурулардың дамуына ықпал етеді. Ресей, АҚШ және Еуропаның көптеген елінде сарапшылар бірдей ұстанымда және олардың қорытындысы көңіл көншітпейді. Яғни электронды темекілердің картридждерінің көпшілігінде нитрозамин, гликоль туындылары сияқты темекіге тән канцерогендер кездесетінін айтады. Әйелдердің көбісі электронды темекінің зияны аз, сондықтан оны бала көтерген кезде қолдануға болады деп санайды. Алайда ғалымдар кез келген электронды сигареттерді жүкті әйелдердің қолдануына болмайды дейді. Олардың ана мен ұрыққа зияны бар. Никотин – ­кез келген мөлшерде улы әрі қауіпті. Сондай-ақ аэрозоль құрамындағы басқа заттар да зиян. Сондықтан өмірге сау ұрпақ алып келгісі келетін жүкті және бала емізетін әйел электронды сигареттердің зиян екенін, оның тәуелділікті тудыратын өте улы уыты бар құрылғы екенін ескеруі керек.