ІММ ТЖК жедел-құтқару жасағының өкілдерінің хабарлауынша, Алматыда тауда жоғалып кеткен турист Әсел Панарғалиеваның денесі табылды.
Ведомство мәліметінше, қыздың денесі кеше, 31 мамырда Космостанция аумағында табылған.
Еске сала кетейік, Әсел Панарғалиеваны іздестіру жұмыстары 6 айдан астам уақыт жүргізілді. Ол былтыр 9 қарашада үйінен шығып кетіп, сол күйі оралмаған болатын.
Сол кезде ТЖК ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметовтің айтуынша, қыздың туыстары оны іздеуді тоқтатуды сұраған.
«Кеше туыстары хабарласып, қызды іздеуді тоқтатуды өтінген еді. Бүгін кешке қарай тағы да өтініш жасап іздеу жұмыстарын жалғастыруды сұрады. Қазір кештің қараюына және тауда іздеу жұмыстарын түнде жүргізу қиындығына байланысты іздеуді таңертең сағат 8:00-де жеке құрамдағы он адамнан тұратын құтқарушылар тобы бастайды. Туыстары неге тағы да іздеу жұмыстарын жандандыруды өтіну себебін білмейміз», – деді Нұрсұлтан Нұрахметов.
Іздеу жұмыстары жан-жақты жүргізілгеніне қарамастан, қыздың мәйіті алты айдан соң табылды.