Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Австрия Федералдық жиналысының Федералдық кеңесінің төрағасы Инго Аппемен кездесті.
Д.Назарбаева биік мәртебелі мейманмен кездесуі барысында Австрия Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды және сенімді әріптестерінің бірі екенін атап өтті. Жоғарғы палата басшысы бұл сапар екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа қосымша серпін беретініне сенім білдірді.
Тараптар парламентаралық байланыстарды нығайтуға уағдаласты. Сенат төрағасы Қазақстан мен Австрия парламенттерінде құрылған ынтымақтастық жөніндегі топтардың әлеуетін белсенді іске асыру, сондай-ақ бірлескен конференциялар аясында өзара іс-қимыл қажет екенін айтты.
Ол Қазақстан мен Австрияның көлік-логистика әлеуеті жөніндегі конференция өткізуді ұсынды.
– Елдеріміз аймақтық бизнес үшін тиімді орналасқан және логистикалық хабқа айнала алады. Қазақстан Австрия үшін Орталық Азия, Қытай және ЕАЭО ауқымды нарықтарына жол ашады. Бұл мүмкіндіктерді өз елдеріміздің сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыту үшін пайдалануымыз қажет, – деді Сенат басшысы.
Оның пікірінше, ауыл шаруашылығы мен туризм – ынтымақтастықтың басым салалары саналады.
Кездесу барысында Нұр-Сұлтан мен Вена арасында тікелей әуе қатынасын ашу қажеті атап өтілді, ол австриялық туристердің Қазақстанға көбірек келуіне ықпал етеді.
И.Аппе Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген ірі жетістіктеріне тоқталды және гуманитарлық ынтымақтастықты жалғастыруға, атап айтқанда, қазақстандық студенттерді Австрияда оқытуға мүдделі екенін айтты.
Сонымен қатар кездесу кезінде 23-24 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Еуразия елдері төрағаларының «Үлкен Еуразия. Диалог. Сенім. Әріптестік» тақырыбындағы 4-кеңесіне австриялық делегацияның қатысуы жайы да талқыланды.