«Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының операциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Йорг Бесвер пойыздан коронавирус жұқтырған адам табылған жағдайда қандай шешім қабылданатынын айтты.
«Тиісті органдармен бірлесіп, коронавируспен ауыратын науқас табылса, қалай әрекет ету керегін ойластырдық. Сондықтан әр жолсерікке нақты талаптардың шарты берілді. Ол жолсеріктің купесінде ілініп тұр. Ауру белгілері бар адам жеке купеге оқшауланады, қалған әрекеттер осы ережеге сәйкес жүзеге асырылады», – деді Йорг Бесвер.
Оның айтуынша, науқас оқшау купеде келесі стансаға дейін болады. Стансаға жеткен соң, оны жедел жәрдем алып кетеді. Бір анығы, пойыздың бүкіл жолаушысы карантинге жатпайды.
«Вагон дезинфекцияланады. Оны әрі қарай пайдалану үшін қажетті жұмыс жүргізіледі. Егер індет бір адамнан табылса, сол үшін бүкіл құрамды жабудың қажеті қанша? Біз пойыздағы қозғалысты шектейміз, сондықтан әр адам тек өз вагонында болады. Тамақтану мәселесіне тоқтала кетсек, қазір бас санитар дәрігердің қаулысымен пойызда вагондағы мейрамханалардың жұмыс істеуіне тыйым салынды. Сондықтан жолаушыларға өздерімен бірге қажетті тамақты алып жүруге кеңес береміз. Себебі, вагон мейрамханалары әзірге жұмыс істемейді», – деді.
Ескерер жайт, пойызда бір вагоннан келесі вагонға өтуге тыйым салынған.