Астанада «Халық әл-ауқатының артуы – бірлік пен тұрақтылық кепілі» атты Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының XVIII сессиясы өтті.
Президенттің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты бағдарламасына арналған жоспарды іске асыру мәселесі, сондай-ақ Түркістан облысының Арыс қаласына көмек көрсету мәселелері талқыланды. Іс-шараға Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ж.Түймебаев, мемлекеттік органдар, этномәдени бірлестіктер өкілдері, елордадағы Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми-сарапшылық тобының, қоғамдық келісім кеңесінің, Аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
– Елімізде болған төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысының жұртына, оның ішінде Арыс қаласының тұрғындарына, апаттан көз жұмған 3 адамның отбасына Қазақстан халқы ассамблеясының атынан көңіл айтамын. Оқиға болған 24 маусымның түс кезінде-ақ ҚХА шұғыл штаб құрып, көмек ұйымдастыра бастады, – деді Жансейіт Түймебаев.
Елдегі барлық этномәдени құрылымдардан бүгінге дейін тек қаржылай көмек ретінде 50 млн теңге аударылған. «Көмектің көбін ақшалай жинап жатырмыз. Елдегі барлық өңірден Ассамблея бірлестіктері жинаған көмек керуендері дайындалуда. Мысалы, Оралдан – 30 тонна, Қарағандыдан – 20 тонна, Нұр-Сұлтан қаласынан 22 тонна заттай көмек жіберілді. 24 маусым күні Түркістан облысындағы түрік, әзірбайжан, кәріс, өзбек этномәдени бірлестіктері апат ауыртпалығын жеңілдетуге барынша күш салды. Солардың күшімен 600 адамға уақытша баспана дайындалды. Өзбек этномәдени бірлестігі апат күні – 1000 адамға, әзірбайжан орталығы 500 адамға тамақ ұйымдастырды», – деді ол. Елордалық ҚХА төрағасы Алтай Көлгіновтың айтуынша, жарылыс болған күннен бастап астаналықтар арнайы шотқа тек біркүндік еңбекақы есебінен 200 млн теңге аударған. «Арысқа бүкіл ел болып көмектесіп жатыр. Қалалық Достық үйінде көмек жинайтын орталық ашылды. Тұрғындар белсенділік танытуда. «Нұр-Сұлтан Арыспен бірге!» деген акция жарияладық. Бүгін қала әкімінің орынбасары бастаған көмекші топтың алғашқы легі Арысқа ұшады. Оның құрамында құрылыс мамандары мен мердігер ұйым өкілдері бар. Бізге тиген тұрғын үй секторында 500 үй орналасқан. Соны жөндеп, арыстық отандастарымызға өткізуіміз керек. Жөндеу жұмыстары бүгін-ақ басталатынын сеніммен айтамын», – деді Алтай Көлгінов. Сонымен бірге, «Нұрлы астана» қоры Арысқа көмек көрсету үшін гуманитарлық көмек жинап жатыр. Бұл іске елордалық кәсіпкерлер үлес қосуда. Бұған қоса, арыстық 500 баланы астанаға шақырып оларға елорданың көрікті жерлерің аралатып, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырмақ.