Алматы облысы Жаркент қаласы тұрғындары қолқаны кепкен иістен құтыла алмай жүр. БАҚ бетінде бірнеше рет мәселе көтерілгенімен, нәтиже болмай тұр. Сірне зауытынан шыққан иістен күллі аудан зардап шегіп отыр.
Шаһардағы крахмал-сірне зауытында 70 мың тонна жүгері өңделеді. Өйткені Жаркентте тек жүгері өсіретін 10 мың шаруа қожалығы бар. Зауыт иесі Закиржан Кузиев 2017 жылы Елбасы қолынан «Алтын сапа» белгісін алған-ды. Орталық Азиядағы ең ірі өндіріс орындарының бірі дегенімізбен, кейінгі бірнеше жылда зауыттан шыққан сарқынды су жұртты әбігерге салып қойды.
Көктем келіп, күн жыли бастағанда-ақ аудан тұрғындарында маза жоқ. «Жаркент қаласы, Шолақай мен Көктал ауылының арасында еркін тыныстау мүмкін емес», – дейді аудан тұрғындары. Қала тұрғыны Дана Нұрмолда иіс Жаркенттен шығатынын, әсерінен қала маңындағы елді мекендерге тарайтынын айтады. «Көктал ауылының орталығына иіс келмегенімен, ауылдың жоғарғы жағында тұратындар зардап шегіп отыр. Кішішыған ауылынан өткенде иіс қатты сезіледі. Ал Шолақай ауылы тура сасық иістің ортасында отыр», – дейді ол.
иыл иіс қала маңындағы ауылдарға тараған. Зауыттан 12 км жердегі Кішішыған ауылына дейін машинаның есік-терезесін бекітіп отырасыз. Аптап ыстықта көлік ішіндегі адамның халін елестетіп көріңіз. Аталған ауылдан өткен соң «құтылдым-ау» дегеніңізбен, жел соқса, иіс күллі ауданға тарайды.
Алматы облыстық Экология департаменті, Панфилов ауданының Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасы жағымсыз иістің пайда болу себебін анықтаған. «Крахмал-сірне зауытынан шыққан сарқынды мен қалалық канализация жүйесінен келген су Жаркент қаласының төменгі бөлігінде орналасқан сүзгілеу алаңына бірге құйылатындықтан, күн ысыған кезде ашып, буланып, желмен бірге жан-жаққа жағымсыз иіс тарайды» деп жазылған хабарламада.
Мәселені шешуді тезірек қолға алмаса, Панфилов ауданындағы сәбилерде аллергия пайда болған. Гүлбахар Амансуфиева осы зиянды иістен баласында аллергия барын жеткізді. Өзінде, күйеуі мен басқа балаларында аллергия жоқ, ал кіші баласында бар. Сондықтан ол мұны зауыттан шыққан иістен көреді.
Бірнеше жылдан бері крахмал-сірне зауытының бөлек кәріз жүйесін салатыны сөз болған. Крахмал-сірне зауытының сарқынды суларын бөлек төгетін сүзгілеу алаңына 4 гектар жер бөліп берілетіні де хабарланған. Қаладағы кәріз жүйесі жұмысы да реттелетіні айтылған-ды.
21 мамыр күні қала әкімі мен «Панфилов ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мекемесінің басшысы Жаркент крахмал-сірне зауытының аумағындағы тазарту ғимаратының монтаждау жұмысымен танысқан. «Зауыт қызметкерлері негізгі қондырғыларды орнататын арнайы мамандардың келуін күтіп жүр. Аталған мамандар келген жағдайда монтаж жұмысы бір айдың ішінде аяқталады. Салынып жатқан тазарту ғимараты кәсіпорыннан шыққан сарқынды суды үш тазарту қазандығы арқылы толық тазалап, сүзгілеу алаңдарына жібереді. Нысан толық іске қосылғанда иіс жойылады, – деп жазылған әкімдіктің Facebook парақшасында.
Жаркент қаласы әкімдігінің мәліметінше, өткен жылдың қараша айында аяқталуға тиіс құрылыс жұмыстары техникалық себептермен жыл соңына шегерілген. Алайда жыл басынан басталған әлемдік пандемия құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін келетін арнайы мамандарға кедергі келтіріп отыр-мыс.
Әкімдік Шолақай ауылы маңы да, қаладағы кәріз жүйесі де сүзгіден өтіп, тазаратынын айтады. Ал аудан тұрғындары бұған күмәнмен қарайды. Өйткені бірнеше жыл бойы осы мәселенің шешімін күткендер әбден қажып, үміттенуді қойған.