Журналистер үшін орны бөлек оқу ордасының бірі – Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті. «Журфак», «темір декан» атанған ұстаз Темірбек Қожакеев жайлы небір аңызға бергісіз әңгіме көп. Журналистер мерекесі қарсаңында «от ауыз, орақ тілді» қаламгер, марқұм Жұматай Сабыржанұлының Темкең туралы жазбасын ұсынбақпыз. Сатираның сардары да, сарбазы да бұл күндері арамызда жоқ. Жазбада сөзге тоқтай білген орта мен сол кезеңнің боямасыз көріністері бар.
Біреулер «Қожакеев анандай», «Қожакеев мынандай» дейді. Өз басым дәл Темкеңдей әділ адамды сирек ұшыраттым.
1977 жылдың қаңтары. Диплом қорғауға шықтық. Алған тақырыбым – «Газеттегі сын-сықақ бұрышының теориялық мәселелері» .
«Март айында келіп, диплом жұмысыңды бір көрсетіп ал», – деді жетекшім Темкең (яғни, Темірбек Қожакеев).
Қай-да-а! Сонау Арқалықтан Алматыға келіп-кетіп жүретін жағдай бар ма, дипломдық жұмысымды мәшіңкеге бастырып, мамыр айының 1-і күні Алматыға аспаннан бір-ақ түскенмін...
Темкеңе керегі, ең алдымен, тәртіп. Және оның темірдейі!
– Қайда жүрсің, мартта неге келмедің?
– Ауырып қалдым...
– Ауырып қалсаң, больничныйыңды әкел, айда бар, кет!
Жедел Арқалыққа хабарластым. Құдайдың берген бір байлығы, не көп, менде таныс, туыс дәрігер көп. Шетінен дүрліктірдім.
Бір аптада күткен қағаз да келіп жетті. Өй, өкіртіпті! Менің тілім келмейтін неше түрлі медициналық терминдер. «Миокарда» деген сықылды сөздерді көріп, халімнің қалай болғанын шамаладым.
Жетекшім әлгі анықтаманы оқып-оқып:
– Өй, сен неменесіне университет бітіресің, бір-ақ жыл өмірің қалыпты ғой! – деді саңқ етіп.
Мен мұрнымның астынан:
– Енді жерлеуге жиналғандар марқұм былтыр ғана диплом алып еді, – дейді ғой...
Профессордың езуінен күлкінің күбірі «жүгіріп шығып», милыққа қарай барды да, сол арада түйіліп тұрып қалды!
Мен өзі осындай бір тосыннан тарс ететін сөздерімнен тірлікте талай зиян да шеккен, пайда да тапқан адаммын. Темкең сынай қарап, сәл тұрды да: «Жарайды, тастап кет дипломыңды, оқуға қол тисе...» – деді. Шамасы, әлгі уәжім оңды ықпал етті.
Қол бос. Сандалбай жүріс. Бар шаруа – күніне бір рет жетекшімнің көзіне түсу. О кісінің университетке қай уақытта келетіні сағат, минутына дейін белгілі. Сыртқы кіре берісте (онда ескі корпус) күтіп тұрамын. Профессор машинасын аулаға қойып, сары портфелін шайқалақтатыңқырап, төсімен толқын ұрған кемедей болып келе жатады. Тура жолында тұрып амандасамын. Үлкен кісі сәлем алудың мезіретін жасаған сияқты көрінеді. Өте шығады. Түсінікті. Диплом жұмысымды әлі оқымаған.
Осылай он шақты күн жүріп қалдым. Уақыт қысып барады. Бұ кезде көп жігіттер дипломдарын түптетіп үлгерген. Біразы – жетекшілерімен мәре-сәре. Көшеде, тал түбінде құлынды бие құсап «жусап» тұратындарын қайтерсің. Қызығасың. Ал маған біткен жетекшінің жайы белгілі, ресторанға шақырып көр, со күні университеттен қуып жіберсін!
...Күндегідей жол тосып тұрмын. Темкең келе жатыр. Маған көзі түсісімен түсі жылып, біртүрлі жайдарлана қарады. Тіпті «Уағалайкүмассалам» деп айтты ғой деймін... «Жүр, соңымнан ер!» – дегені. Еріп келемін. Үшінші қабаттағы кәбинетіне келді де, портфелін қойып жатып:
– Оқыдым дипломыңды! Жақсы екен! Сенен мұндай жұмысты күтпеп едім. Алып-қосар ештеңем жоқ, түптете бер! – деді.
...Бұл, әрине, ішке сыятын нәрсе емес! Жетекшімнің не дегенін, жазғанымды қалай бағалағанын жігіттерге айтып, өй бір бөстім-ау! Өзіме де обал жоқ, ересектеу бір курстасым жатып жабыссын! Темкең диплом жұмысын екі рет жаратпай, қайтарып беріпті. Қатты ұрысқан. Өзі сондай қолы ашық, көңілі жақын кісі еді. Алыс бір ауданда, газетте істейтін. Жазғанын оқып көрсем, шынында, шатпақ. Түгел жазып шығуға уақыт қайда, біраз шымырлап, ширатып, жобаға келтірдім.
Темкеңнің әділдігі сонша, қай баласы қай бағаға қорғау керек екенін өзі айтатын. Мысалы, мені «5-ке» қорғаттырды. Әлгі кісіні – «3-ке». Мемлекеттік комиссияның көзінше «менің бұл жігітімнің шамасы – үш, анау – төрт, анау – бес» деп отырды. Біздің ұғымымызда жетекші біткен балаларын «беске» сүйреуге тиіс еді.
Менің дипломды қорғауымның қызық тұстары бар. Мемлекеттік комиссияның алдында тұрмын. Қысқаша сөйледім. Сұрақ беру басталды. Зейнолла Тұрарбеков ағай партияның 1928 жылғы сатира туралы қаулысы жөнінде сұрады. «Тәк» деп, тұрдым да қалдым. Білмеймін. Қиын жағдайдан жетекшімнің өзі шығарып жіберді:
– Соны Зекеңнің өзі де білмейді!
Комиссиядағылар ду күлді. Күлкі басыла бергенде, Әбілфайыз Ыдырысов ағам жұрт назарын өзіне шұғыл аударып алып, мені ал кеп, мақтасын! Әбекең – өз ағам, жерлесім. Бізге, торғайлықтарға іштартып жүреді (Үйінде болып, әйбат әнші жеңгемнің қолынан дәм татқанбыз. Ағамыздың өз даусы да қандай, шіркін!).
...Әбекеңнің айтуынша, мен деген сұмдық фельетонист көрінемін:
– Бұл жігіттің жазған фельетонына «Правда» газетінің өзі назар аударған, – деп шалқып кеткен кезде, Темкең тағы күлдірді:
– Ыдырысовтың сөзіне қарағанда, менің бұл жігітім Торғайдан болды, – деді.
Профессор Тауман Амандосов ағай:
– Мынау... былай ғой... салыстырмалылық деген болады. Сен анау Армения, Әзірбайжан газеттеріндегі сын-сықақ бұрыштарымен біздегілерді салыстырып көрдің бе? – деді.
Мен жұрттан еститінмін: «Қожакеев пен Амандосовтың арасы қырбай» деп. Қойып кетпе қалжыңыма бастым.
– Алған тақырыбым, – дедім, – бүкіл қазақ баспасөзіндегі сын-сықақ бұрышының теориялық мәселелері. Тым үлкен. Ал енді оның үстіне басқа республикаларды қамтысам, кандидаттық қорғап кетуім мүмкін ғой, содан қорықтым...
Тағы күлкі. Әсіресе, жетекшім жайнап отыр. О кісінің аузын ашып, ақсиып, екі иінімен күлетіні бар ғой. Сол кейпі. Тауман ағай қызарақтап қалды...
Дипломды беске қорғағанымды естіген соң, бір қияли ой келмесін бе? Осы мен неге Темкеңді ресторанға шақырмаймын? Енді бағынышты емеспін. Мезіреті жасамай кеткенім ұят қой. Тәуекел, шапанымды шешіп алмас... Ішімде орта есеппен 250 грамдай шарап, профессордың кабинетіне батыл басып кіріп келдім:
– Ағай, сізге рақмет! Сізді ресторанға шақыра келдім.
– А, а?! Әй, сен анау Құсайыновты апар рестораныңа! Бар кет! Көрінбе көзіме!
Қуды да шықты. Болған жайды курстасым Бақытқа айтып едім:
– Ендеше, гүл апарып бер, – деді.
Мен өзі шөпті – тамақ деп, гүлді – сый-сияпат деп тани қоймайтын қазақ едім, Бәкеңнің ақылынан соң, университеттің дәл жанындағы гүл базарынан ең қымбатын алып, қайтып келдім. Ағайдың түсі жылып сала берді.
– О, міне, мұны алуға болады, – деді де, баспадан жаңадан шыққан кітабына қолтаңба жаза бастады...