Көші-қон мәселесі зерделеуге зәру
Көші-қон мәселесі зерделеуге зәру
530
оқылды
Біз өз тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейінгі алғашқы дербес елдігімізді тарихтың аса бір күрделі де нәубетті кезеңдерінде жер бетіне тарыдай шашырап кеткен халқымызды өз атажұртына шақырудан бастаған елміз. Бұл орайда, Қазақстанның Тұңғыш  Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 31 желтоқсаны күні Қазақ радиосы арқылы сөз сөйлеп, шетелдердегі қазақтарға үн қатып, оларды өз атамекеніне оралуға шақырған-ды. Соңғы кездері Қазақстан халқы арасында этносаралық қатынас, көші-қон және елдегі қазақ диас­по­ра­сының мәселесі тағы да кеңі­нен талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Әрине, бұл мәсе­ленің біздің қоғамды алаңдатуы да және күн тәртібінде туындауы да кездейсоқтық емес. Біріншіден, жалпы қазіргі жаһандану дәуірінде диаспора мәселесі әрбір ұлттық мемлекет халқының тарихи сана-сезімі мен рухани дамуына ықпал ететін басты саяси мәнге ие бо­лады. Екіншіден, әлі де шетелдерде тарыдай шашылып жүрген қан­дастарымыз бен өз туған жерінде атам заманнан бері тұрып жатқан отандастарымыздың тарихы мен мә­дени мұрасының қазақ халқы­ның біртұтас рухани дүниесін құ­рауы тиіс. Бұл жайдың екеуі де Қазақ мемлекетінің саяси-эконо­ми­калық дамуындағы басты, басым­ды бағыттардың бірі де болуы керек. Қазіргі таңда шетелдегі қан­дастарымыздың жалпы саны, кей­бір деректер бойынша 5,5 - 7 мил­лионға жетеді екен. Сонау өткен ғасырдың 90-жылдары басталған қазақ көші-қонының жыры да, сыры да таусылар емес. Алғашында шеттегі қазақтардың атажұрт­ына деген ықыласты көші руха­ни са­ғыныштың арқыраған өзені бо­лып ағылса, кейіннен түрлі тұр­мыс­тық-әлеуметтік жағдайға бай­ланысты ол біртіндеп, жылғаға ай­­­налды. Сөйтіп, көші-қон үрдісі де прагматикалық үдеріске айналды. Қазақстанды мекендеп келген түрлі диаспораның өкілдері тә­уелсіздіктің алғашқы жылдарында өздерінің тарихи Отанына үдере көшкені де белгілі. ТМД мемле­кеттеріндегі саяси-экономикалық дағдарыстар мен өндірістік бай­ланыстардың үзілуі еліміздің әлеу­меттік-экономикалық даму әле­уетіне де өз теріс ықпалын тигіз­ге­ні анық. Жұмыссыздық және экономикалық жағдайдың тө­мендеуі мен түрлі тұрмыстық қиыншылық қазақстандықтардың шетелге, әсіресе Ресейге көшіп жатқан отбасылар санының жыл сайын артуы да байқалды. Көпте­ген өңірде елді мекендер бос қалып жатты. Соған қарамастан қазақ репатрианттары үшін квотаның және мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіз болғаны да қазақ көшінің сейіліп кетуіне кері әсер етті. Бұған қоса, азаматтық алу, зейнетақы төлеу, жұмысқа орна­ластыру және өзге де құжаттарды рәсімдеу үшін әртүрлі бюрократия­лық кедергі әдеттегі құбылысқа айналып кетті. Қазақстанның өз ішіндегі миграцияның бәсеңсуі байқалады. Халқы тығыз қоныс­тан­ған оңтүстік өңірлерден халық саны аз солтүстік пен шығыс өңір­лерге қоныс аударушылардың қатары да сиреп кетті.    width= Қазіргі пандемия жағдайында және одан кейін де экономикалық дағдарыс салдарынан елдегі әлеу­меттік-экономикалық ахуалдың нашарлап, шағын және орта биз­нестің табысы азайса, бюджетті қыс­қарту және басқа да оңтайлан­дыру жүргізілуінің нәтижесінде түрлі этнос пен репатрианттардың өмір сүруіне, сондай-ақ жалпы ха­лықтың әлеуметтік және көші-қон жағдайына да әсер етері анық. Ресей биыл сәуір айында «Ресей азаматтығын алу ережелері» туралы жаңа заң қабылдады. Соған сәйкес, бірқатар елдердің, соның ішінде Қазақстан мен Беларусь азаматтары да өздері тұрып жатқан мемлекеттің азаматтығынан бас тартпай-ақ, Ресейде тұру мерзіміне қарамастан, Ресей мемлекетінің азаматтығын алуды заңдастырып қойды. Міне, осы жайдың өзі-ақ және Қазақстандағы қазіргі көші-қон мен демографиялық процестердің нашарлауы, еңбек ресурстарының төмендеуі, еліміздің қаржы-эко­номикалық саласының күрделі ахуалы мен өзге де мәселелер таяу арада этносаралық қатынастарды дамытудың, көші-қон мен ішкі қоныс аудару мәселелерін ретке келтірудің жаңа бағдарламасын әзірлеуді талап етеді. Бұл үшін этносаралық қаты­настарды, көші-қон мен демогра­фиялық, сондай-ақ диаспоралық саясатты дамыту мәселелері бо­йынша нақтылы талдау мен мони­торинг жүргізу керек. Содан соң сол талдаулардың нәтижесі бо­йынша бағдарлама әзірлеу үшін дербес мемлекеттік құрылым құ­ры­луы қажет. 1997-2004 жыл­дар аралығында осындай құрылымның бірі Көші-қон және демография агенттігі болатын. Ал қазіргі уа­қыт­та осы агенттіктің жұмысы Ең­бек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Сыртқы істер министрліктері, ҚХА, сондай-ақ «Отандастар қоры» сияқты кейбірі мемлекеттік мекемелерге, кейбірі қоғамдық ұйымдарға бөлініп берілді де, істің соңы сұйылып бара жатқан сы­ңайлы. Алайда уақыт озған сайын, көші-қон, демография және диас­пора мәселелері де әлі күнге дейін Қазақстанның маңызды әрі өзекті мәселесі болып отыр. Соңғы жылдары ғылыми зерт­теулер көбіне қазақ диаспорасының тарихы мен этномәдени-этноло­гиялық мұрасын зерттеуге, отан­дас­тардың әлеуметтік-мәдени бейімделуіне, әлеуметтік сауал­нама жүргізуге және қазақтардың шетелдегі рухани-мәдени қажет­тіліктерін іс жүзінде іске асыруға бағытталып келеді. Бұл ретте көші-қон демографиялық процестердің, олардың еліміздің экономикалық дамуы мен ұлттық қауіпсіздігіне әсер етуіне жасалған кешенді саяси талдаудың әлі де аздығы байқалады. Сондай-ақ Қазақстан жүргізіп отырған диаспоралық-дипломатиялық саясаттың құқық­тық, әлеуметтік-экономикалық және саяси салдарын зерттеуге бағытталған мәселелер зерттеу­ші­лердің тарапынан тыс қалып жатыр. Бұл орайда, Қазақстан Прези­денті Қ.Тоқаевтың елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық жаңғыруы туралы ұсыныстары мен бастамалары не­гізінде Қазақстанның этносаралық қатынастары мен көші-қон, демо­графия және диаспоралық про­цестері саласындағы мемлекеттік саясатты тағы да айқындап, оны белсенділікпен іске асыру да қажет.  

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Парламент Сенатының депутаты