Алматыдағы «Сарыарқа» базарындағы атыс елді дүрліктірді. Алтынсарин мен Ұлықбек көшелерінің қиылысында орналасқан бұл базар қаладағы адам көп баратын сауда орнының бірі. Оқиға тапа тал түсте болған екен. Көлік тұрағы үшін болған жанжалдың соңы тапанша кезеніп, оқ атуға дейін алып келген. Куәгерлердің айтуынша, бірнеше рет оқ атылған.
Қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 27 мамырда түскі сағат 13.00 шамасында болған. «102 нөміріне хабарлама түскен соң жедел тергеу тобы оқиға орнына аттанды. Базар күзетшісі, тұрақ төлемін қабылдайтын қызметкер мен сауда орындарын жалға алған саудагерлер тұрақ ақысына қатысты сөзге келіп қалған. Даудың арты жанжалға ұласып, оқ атылған», – деді Полиция департаменті баспасөз қызметі.
Полиция күдіктілерді бірден ұстаған. «Бұл деректі Әуезов аудандық полиция бөлімі ҚК 293-бабының 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркеді. Газбен ататын тапанша тәркіленіп алынып, баллистикалық сараптамаға жіберілді. Қылмыстық іс аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соған сәйкес жарақат алған адамдардың денсаулығына келтірілген зиян дәрежесі анықталады», – деді ПД баспасөз қызметі.
Тәңірдің талтүсінде шаһарда болған атыстың астары не? Басты себеп – жалға беруші мен жалға алушы арасындағы келіспеушілік. Бұл – өзара түсініспеушіліктің салдары атысқа дейін алып келіп, көзге түсіп қалған бір ғана оқиға. ТЖ мен карантин режимі салдарынан табысынан қағылған жалға алушы мен жалға берушілер арасында мұндай жағдайдың талайы болғаны анық. Өйткені қауіпсіздік «жастықшасы» жоқ, күндегі табысын күнде тауып, қалт-құлт етіп күнін әрең көріп келе жатқан шағын кәсіпкерлік нысандары өкілдері жал ақысын төлемеуден карантиннің бірінші аптасында-ақ бас тартып, елдің назарын аудартқан. Бұл, әсіресе сауда орындары нүктелеріне, түрлі оқу курстарын ұйымдастыратын кеңселерге қатысты бірден байқалды. Жалға беріп отырған мекемесі босап қалған көптеген хабарландыру берушілер «Жедел!» деген белгі қойып, жалға алу бағасына да жеңілдік жасалғанмен, жаңа жалға алушылар соншалықты құлшыныс танытқан жоқ.
Сол кезде «Жалға алуға қызығушылық танытып, жарнаманы қарағандар мүлдем болған жоқ. Жалға беру бизнесі саласы өлі тыныштыққа айналды. Менің ойымша, бұл жағдай карантин аяқталғанға дейін созылады» деген болатын Қазақстан риэлторлары қауымдастығының президенті Лариса Степаненко. Үлкен сауда орындарында жалға берушілер мен жалға алушылар арсында көп түсінбеушілік болған жоқ. Бәрін өзара келісіммен шешкендей. Ал ұсақ сауда нүктелерінде біраз түсініспеушіліктер болғаны аңғарылады. «Сарыарқа» базарындағы сол түсініспеушіліктің бірі ғана.
Әлемді жайлаған пандемияға байланысты The Wall Street Journal басылымы АҚШ-та да кәсіпкерлердің дүкен, спорт залы, кеңсе мен мейрамханаларды жаппай жауып жатқанын жазды. Олардың таяу болашақта жұмысы жүріп кететініне сенім жоқ. Жалға алушылар жал ақысын төлемеуде және таяу мерзімде өздерін кеңседен шығарып, жаңа жалға алушы таба қоятынына күмәнді. АҚШ-тың кейбір қалаларында тіпті жалға алушыларды шығарып жіберуге мораторий жарияланған.
Коронавирус инфекциясы бүкіл әлемге тарап қана қоймай, экономикаға да салқынын тигізгені анық. Кезең-кезеңмен іске қосылып жатқан кәсіпорындар мен мекемелер санитарлық нормаларды сақтап, сақтық шараларына аса мән бергені абзал. Сонда ғана жұмыс жүріп, экономиканың да бойына қан жүгіреді.